Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Олжас Абраев ұлттық құраманың дайындығы мен ҚПЛ легионерлер құрамасын жасақтау ерекшеліктері туралы айтып берді.
— Олжас Шәкенұлы, тарихта бірінші рет емес, бірақ өте сирек өтетін ерекше ойын аяқталды – ұлттық құрама Қазақстан чемпионатының шетелдік ойыншыларына қарсы ойнады. Легионерлер алаңға ҚКФЛ логотипімен шықты, осы ойынның ұйымдастырылуы туралы толығырақ айтып берсеңіз.
— Иә, ойын, әрине, стандартты емес. ФИФА ресми күнінде сіз басқа құрамалармен бақылау кездесулерін ұйымдастыра аласыз, бірақ бұл ойын ФИФА күнінен тыс өткізілді. Қазақстан футбол федерациясы құрама командаларының департаменті жаттықтырушылар штабына құраманың резервін қарап шығуға және бірқатар ойыншылардың ағымдағы жағдайын бағалау үшін осындай кездесуді ұйымдастыруға өтініш білдірді.
— ҚКФЛ құрамасы қандай принцип бойынша құрылды, ойыншыларды шақыру үшін клубтармен келісу қаншалықты қиын болды?
— Отандық клубтар жағдайға түсіністікпен қарап, екі күн бойы маусымға дайындық барысында бақылау ойындарына қатыспаған ойыншыларды құрамаға жіберді. Клубтардың дайындық кестесі елдегі төтенше жағдайға байланысты өзгерді. Қазір барлық командалар бір аптада екі, тіпті бірден үш жолдастық ойындар өткізуде. Бұл жағдайда біз клубтардан физикалық жағдайы бойынша қосымша жүктеме алуға дайын ойыншыларды сұрастырдық. Легионерлер құрамасы көптеген жанкүйерлер көргісі келетін құрамда жиналған жоқ, бұған себепші болған клубтардағы қазіргі жаттығу процесі.
— Легионерлер құрамасын қазақстандық маман Андрей Карпович басқарды, оған қоса «Қызыл-Жар СК» бапкері болып табылады. Ол ұлттық құрамада да, клубта да жұмысын үйлестіре алды ма?
— Андрей Владимирович — жоғары санатты маман. Біз «Қызыл-Жар СК» басшылығына Карповичке құрама жаттықтырушысы рөлінде өзін сынап көруге рұқсат беріп қана қоймай, ҚКФЛ командасына қажетті қызметкерлермен қамтамасыз етіп көмектескені үшін алғыс білдіреміз. Белсенді жұмысты бастаған лиганың жаңадан құрылған техникалық комитетінің мүшелеріне үлкен рахмет. Комитет мүшелері Андрей Карпович пен Ұлықбек Асанбаевтың қатысуымен өткен бұл ойын ҚФФ құрама командалары департаментінің алдына қойылған міндеттерді орындауға көмектесті.
— Болашақта мұндай ойынның қайта өту ықтималдығы қандай?
— Ашығын айтқанда, мұндай кездесу — басқа құрамалармен толыққанды жолдастық кездесу ұйымдастыруға мүмкіндік болмаған кезде қиын жағдайдан шығудың жалғыз жолы. Лига федерацияның Молдовамен маңызды ойын қарсаңында кездесу өткізу туралы өтінішіне жауап берді. Ойынға қатысқан барлық ойыншыларға алғыс айтқым келеді. Жергілікті ұйымдастырушыларға, ойынды өткізуге атсалысқан қызметкерлерге рахмет айтамын. Бірақ, аталмыш тәжірибе ережелерден тыс өткендігі анық, яғни болашақта мұндай ойындардың жиі өту ықтималдығы аз.
Біздің серіктес: FONBET