Қазақстан құрамасының Бельгиядан 0:6 есебімен ойсырай жеңілгенінен кейін ұлттық футболдағы жағдай қызу талқыланып жатыр. Бас бапкер Әли Әлиевтің жұмыстан кетуі жанкүйерлердің ашу-ызасын бәсеңдеткен жоқ, қайта Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) басшылығына бағытталған сын күшейді.
Федерация жариялаған бейнематериалда Әлиевтің жұмыстан кетуі туралы ақпарат шыққан сәтте жанкүйерлер пікірлерін қарша боратып жазды.
"Балық бастан шіриді. Марат Омаров та кетуі керек. Халықпен жұмыс істемейді, аймақтарға шықпайды, төрешілермен араласпайды. Кабинетінде отырған шенеунік қана"
"Давид Лория да орнын босатсын"
"Анчелоттиді әкелсеңіз де нәтиже болмайды. Жүйелі өзгерістер керек: стадиондарды, академияларды дамыту қажет"
"Жауапкершілікті тек Әлиевке арта бермеңіздер. Толық басшылық кетсін"
"Омаров, кет!"
"Қазақстан футболына түбегейлі реформа қажет"
Алайда жанкүйерлердің барлығы теріс пікір білдірген жоқ. Кейбіреулер бапкерге алғыс айтып, жас ойыншыларға мүмкіндік бергенін жоғары бағалады.
"Рахмет, Әлиев! Жастарға жол аштыңыз. Сәттілік тілейміз."
Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихаты небәрі 30 секундқа созылды.
"Бұл жеңіліс менің кінәм. Толық өз мойныма аламын. Жұмыстан кетуге арыз жазып, президентке жеткіземін." — деді Әлиев қысқа ғана.
Жанкүйерлердің пікірінше, Қазақстан футболын жаңа деңгейге шығару үшін тек бапкер ауыстыру жеткіліксіз, федерацияны түбегейлі реформалау қажет.
Біздің серіктес: FONBET