Жарнама
Жарнама

«Оқжетпес» оқ бойы озатын күн туа ма?

​Жемқорлық, таныс-тамыр, сыбайластық жайлаған қазақ футболында «Оқжетпестің» орны бөлек.
Жарнама
Жарнама

Ақмола облысының футбол командасы «Оқжетпес» жанкүйер қуантатын күннен алыс. Клубтың қалт-құлт еткен тіршілігі облыс әкімдігінен өзге ешкімге керек еместей көрінеді. Соңғы кезде көрсетіп жүрген нәтижелеріне қарасақ, шамасы жанкүйерлердің өзі де бұл клубтан теріс айналған сыңайлы.

Өткен жылы жойқын мақсат қойып, премьер-лиганың алғашқы алтылығына енеміз деп жұлқынғаны бар еді. Оның себебі, арғы жылы клуб 8 орыннан көрініп, алтылыққа бір табан жақын болған. Ал одан кейін Андрей Карповичтің басынан бақ тайды ма, әлде командасының бабы келіспеді ме, ең соңғы орын алып, жоғарғы топтан түсіп қалды. Көптеген легионерлер жарақат алып, біршамасы вирус жұқтырып алды деген күннің өзінде де команданың ойын үлгісі солғын болатын. Оны көзіқарақты көрерменнің біразы мойындайтын шығар. «Оқжетпес» көптеген матчтарда түгел легионерлерді алаңға шығарып, бірде бір Ақмола облысының тумасын жасыл алаңға жібере алмады.

Клубтың материалдық базасының да қиын жағдайда екенін айта кетейік. Көкшетаудағы стадион толыққанды футбол ойнауға лайық емес. Жарық мәселесі, трибунаның ескіруі, жанкүйерлерге деген қолайлы жағдайдың болмауы бұрыннан келе жатқан мәселе. Ол мәселе жақын арада шешімін табуы қиын-ау. Өйткені бұл жағдай талай рет айтылып, талай рет жазылып та жүр. Бірақ, клуб басшылығының да бұл бағытта іс-әрекеттерге баруы қиындау.

Миллиардтан астам бюджеті болған «Оқжетпес» абыройсыздықпен премьер-лигадан шығып қалды. Біріншілік біткен соң клуб директоры болған Ержан Бөтембаев мырза мезгілсіз өмірден өтті. Қатерлі ісік меңдеп кетсе керек. Енді оның орнына келген Юрий Бондаренко «тазалау жұмыстарына» кірісті. Жақын арада клубта спорт директоры қызметін атқарған Ержан Жаңбыровты да қызметінен кетіргісі келетіні анық. Бас бапкерді де өзі тағайындап үлгерді. Ресейлік маман Сергей Попков кезінде «Ақжайық» пен осы «Оқжетпесті» үшпаққа шығара алмай, ерте бастан қызметінен кеткен. Бапкер болып жетістікке жетіп көрмеген 57 жастағы бапкер «Оқжетпесті» өрге сүйрейді дегенге сену қиын. 

Әлбетте, биыл Көкшетау қаласының командасы Бірінші лигада фаворит болары анық. Қатты бәсекелстік те жоқ. Себебі, биыл ҚПЛ клубтары 14ке көбейді. «Мақтаарал», «Қыран» секілді бірен-саран команда болмаса «Оқжетпес» бірден премьер-лига жолдамасын жеңетіні түсінікті. Бірақ, одан кейін не болады? Премьер-лигаға шыққаннан соң қайтадан бірінші лигаға оралу қажет болады ғой. Себебі, клубтың өзінің футбол орталығының жағдайы нашар, таланттар да топырлап шығып жатқан жоқ. Клубтың инфроқұрылымы ақсап тұрғанына 10 жылдан астам уақыт болды. Оның үстіне Көкше жақта футбол ойнау сондай керемет дәстүрге ие деп те айта алмайсың. Алты ай ақ қарға оранып жататын бұл өңірде хоккей секілді қысқы спорттар дамыған. Сондықтан да, футбол клубының алдағы 5 жылдық даму бағыты құрылып, әкімдік оны жіті қадағалауға алуы қажет деп түйеміз. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаев мырза спортқа бір кісідей жақын адам. Барлығын іштен білетін тұлға. Сондықтан да, клубқа бөлінетін қомақты қаржының тең жартысы материалды базаны жақсартуға жұмсалса екен дейсің. Әйтпесе, «Оқжетпестің» топ жарар түрі жоқ.

Ермұхамед Мәулен

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров