Футболдан Қазақстан премьер-лигасына жолдама алып қойған Алматы облысының «Сұңқарына» Көкшетаудың «Оқжетпесі» қосылды.
Бірінші лиганың аяқталуына небәрі төрт-ақ тур қалды. Қоржынында 71 ұпайы бар Алматы облысының «Сұңқарын» енді ешбір команда қуып жете алмайтын тәрізді. Екінші орындағы Көкшенің «Оқжетпесінде» 59 ұпай бар. Ал премьер-лигадан үміттілердің бірі болған ұжымдардың бірі Оралдың «Ақжайығында» – 50 ұпай. Алайда оралдықтар «Оқжетпеске» қарағанда екі ойын артық өткізген.
Биылғы маусымның қорытындысы бойынша премьер-лигаға қайта оралуды көздеген «Ақжайық» жазғы маусымаралық үзілісте құрамын біршама күшейткенімен, мақсатына жете алмады. Соңғы екі ойынды өз алаңында өткізген батыстық команда небәрі бір ұпайды ғана олжалады. Алдымен Алматының «Ақбұлақ» командасын қабылдап, 1:1 есебімен тең түссе, артынша біріншілік көшбасшысы «Сұңқардан» 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Алдымен алаң иелері есеп ашқан. Жазғы маусымаралық үзілісте Қарағандының «Шахтерінен» алдыртқан Миланко Рашкович таразы басын оралдықтарға қарай аударса, екінші таймда Әлібек Бөлешев екі тура соққы жасап, «Сұңқарға» үш ұпай әперді. Сөйтіп, «Ақжайық» келесі жылы да бірінші лигада ойнайтын болды.
Автор: Әзиз Жұмаділ