«Ордабасы» чемпиондыққа бір табан жақындады ма?

28.09.2024, 15:04

Кеше премьер-лиганың кейінге шегерілген 14-тур ойынында «Ордабасы» «Тұранды» қабылдады.

Бауыржан Исламхан "Ордабасы" сапында

Алтынға таластағы алаң иелерінің тек жеңіс үшін ойнайтыны анық еді. Көпшілік күткендей-ақ шымкенттік команданың футболшылары фавориттігін іспен дәлелдеді. Бұл бәсекеде әсіресе Бауыржан Исламхан жасындай жарқылдады. Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы шымкенттік клубтың бір голын салып, жалпы «Ордабасының» түпкілікті жеңіске жетуіне үлкен үлесін қосты. Ойын соңында команданың көшбасшысы чемпиондыққа талас жайында пікірін білдірген еді. 

«Ең алдымен ауа райының салқын болғанына қарамастан бізді қолдауға келген жанкүйерлерге үлкен алғыс. Өткендегі сәтсіздіктен кейін бізге жеңіс керек еді, біз әлі чемпиондыққа таластамыз. Алда бес ойынымыз бар, солардың барлығы біз үшін финал болады», - деген еді Б. Исламхан. 

Осы жеңісінің арқасында шымкенттік клуб 36 ұпаймен төртіншіден екінші сатыға көтерілді. Ал көш басында 37 ұпайы бар «Елімай» жайғасқан.