"Ордабасы" Қазақстан Премьер-лигасының жетінші турында қызылордалық "Қайсарды" қабылдады. Кездесу Шымкент қаласындағы "БИІК" стадионында өтіп, 4:2 есебімен аяқталды.
Ойынның 21-минутында Жоао Пауло матчтағы алғашқы голды соқты. 25-минутта есепті теңестірген "Қайсар" шабуылшысы Каролис Лаукжемяс 36-минутта командасын алға шығарды. Ал 61-минутта Пабло Фонтанеллоның керемет пасынан кейін Тимур Досмағамбетов таразы басын теңестірді. Араға екі минут салып Жоао Пауло дубль авторы атанды. Бір қызығы, Паулоға екі нәтижелі пасты да дәл осы Тимур шығарып берді. Ойынның аяқталуына екі минут қалғанда Рубен Бриджидо "Қайсардың" екі футболшысынан айласын асырып, матчтағы соңғы голды соқты.
Бұл ойыннан кейін шымкенттік ұжым турнирлік кестеде 13 ұпаймен төртінші орынға көтерілді. 5 ұпайы бар "Қайсар" оныншы орында қала берді.
Біздің серіктес: FONBET