Шымкенттік клубта доп теуіп кеткен Евгений Макаренко «Ордабасының» үстінен УЕФА-ға ресми шағым түсіріпті.
Бұл туралы ҚФФ баспасөз-қызметінің жетекшісі Ермұхамед Мәулен YouTube желісіндегі «Fonteam» подкастында мәлімдеген еді. Танымал спорт журналисінің айтуынша, «Ордабасы» украиналық футболшыға келісімшарт бойынша тиесілі жалақысын толық мөлшерде төлемеген.
«Макаренкоға бүгінге дейін жалақысы толық көлемде төленбеген. Осыған байланысты ол УЕФА-ға ресми хат жолдады. Бұл - өте теріс тәжірибе. Бұрынғы басшылықпен жасалған келісімшарт бар, бірақ жаңа басшылық келген кезде жауапкершіліктен жалтаруға тырысады. Алайда, қол қойылған келісімнің заңды күші бар, сондықтан, ақыр соңында бәрібір төлеуге міндетті болады», - деді Е. Мәулен.
Естеріңізде болса, Евгений Макаренко «Ордабасы» клубынан сәуірде кетіп қалған болатын. Украиналық жартылай қорғаушы шымкенттік клубта Асхат Тағыбергенмен бір қатарда ең жоғары жалақы алып отырды. Артем Беседин де сол қатарда.
Біздің серіктес: FONBET