«Ордабасының» спорттық директоры Қайрат Әшірбеков шымкенттік команданың сүреңсіз ойыны мен төмен нәтижелері туралы ойын айтып, жанкүйерлерден шыдамды болуды сұрады.
«Шымкенттік жанкүйерлердің команданы әрдайым биіктерден көргісі келетінін түсінеміз. Фанаттардың талабы үнемі осындай. Бірақ дәл қазір бұл талапты орындау қиын, себебі команда тура екі ай бұрын ғана жасақталып, қазір енді жүйеленіп жатыр. Әрине, үш турдан кейін екі ұпай алу деген, біз мүлде жоспарламаған нәтиже. Алайда, алда әлі 23 тур бар және жағдайды түзейтін бүкіл мүмкіндігіміз бар. Ал дәл қазір ынтымақ таныту аса маңызды және таяу арада нәтижелердің келеріне сенімдімін», - деді Қ. Әшірбеков KazFootball.kz-ке берген сұқбатында.
«Ордабасы» ҚПЛ-2025-тің үш турынан кейін соңғы 14-орында келеді. Шымкенттік команда үш матчта бірде-бір гол сала алмай, 2 ұпай ғана еншілеген. Шымкенттік клуб 5-сәуірде төртінші тур аясында сырт алаңда «Астанаға» қарсы тұрады. Ал 19-сәуірде талдықорғанның «Жетісуын» қабылдамақ.
Біздің серіктес: FONBET