Жарнама
Жарнама

Осалдардың ойы және ойыны

06.06.2011, 17:38
Жарнама
Жарнама
Футболдан Қазақстан – Әзірбайжан ұлттық құрамалары арасындағы матч қарсаңында осы екі команда арасындағы бәсеке көрігін қыздырып, отқа май құя түскен журналистер көп болды. Каспийдің арғы жағалауынан бір топ журналист келсе, Алатау бөктерінен сегіз тілші бардық. Сонау Германиядан да екі-үш адам келіпті (себебі Әзірбайжан келесі кездесуін Германия құрамасымен өткізеді). Бұларға Астанадағы әріптестерімізді қосыңыз. Қазақстан – Әзірбайжан ұлттық құрамалары арасындағы матчты болғанынан боладысы қызықты етіп жібергендер – осылар. Әзірбайжан 12 журналист әкеліпті. Футбол әлемінде бұл елдегі azerisport.com сайты жайлы білмейтін ел кемде-кем шығар. Қызыққанымыз, Каспийдің арғы жағалауынан келген таңдаулы журналистердің барлығы да – жергілікті ұлт өкілдері. «Астана-Арена» стадионындағы ойыннан бір күн бұрын әзірбайжандар өздері орналасқан қонақүйде баспасөз мәжілісін өткізді. Жарнамалық плакаттарын іліп, үстелдің екі шетіне мем­лекеттік туларын қойып қойды. Әзірбайжан құрамасының бас бапкері Берти Фогтс екенін білесіздер. Неміс маманы. Сол Фогтстің баспасөз мәжілісінде аузынан шыққан сөздерінің бәрін тілмаш аударып отырды. Біздегідей — орыс тіліне емес, әзірбайжан тіліне. Содан соң барып, қажет етсеңіз, орыс тіліне де аударып береді. Одан соң, коман­да капитаны Рашад Садыхов пен тағы екі ойыншы журналистер сұрақтарына жауап берді. Олар да өз тілдерінде сөйледі. Түстен кейін «Астана-Арена» стадионында Қазақстан құрамасының журналистерге арналған баспасөз мәжілісі өтті. Әдеттегідей бәрі — орыс тілінде. Бірден Мирослав Беранекке сөз берілді. Бас бапкер сөзін аяқтаған бетте, команда капитаны Қайрат Нұр­дәулетовке қазақ тілінде сұрақ қойдық. Қос тілде де тәп-тәуір сөйлейтін Қайрат ана тілімізде жауап берді. Мұнымыз Әзірбайжаннан келген 12 журналист пен ұлттық құрама­ларының «барлаушылары» алдында ұятқа қалмаудың қамы еді. Осылай баспасөз мәжілісінің әлқиссасын қазақ тілінде бастаған болдық... Бұл мақала жарыққа шыққанша, екі елдің футболшылары арасындағы ойынның нәтижесі де белгілі болады. Сондықтан құнын жоғалтпайтын деректерге ғана тоқталсақ. Берти Фогтс Сарыарқа төсіне үш ұпай үшін келгенін жасырмады. «Командам жас, әйтсе де жеңіске жетуді көксейміз. Тек жас футболшыларымыз көп қателеспесе болғаны», – дейді. Содан соң «Жасанды алаңда ойнаудан қорықпаймын, сапасы нашар табиғи жасыл желек үстінде ойнағаннан гөрі, сапасы жақсы жасанды алаңда ойнаған жақсы. Өйткені болашақ – жасанды желектікі. Себебі табиғи жасыл желекті бағып-күту оңай шаруа емес» деп, бір түйіп қойды. Мирослав Беранек «бұл дерби, екі жақтың да мүмкіндігі бірдей» деп, біраз мәселенің бетін қайырып тастады. Содан соң осы ойында жеңіске жету маңызды екендігін де баса айтып өтті. Түзде Германиядан ойсырай ұтылғанда, «мен бұл ойынды бірнеше қайталап көремін, содан соң қорытынды шығарамын, себебі бұл кездесуде кейбір ойыншылар сенім үдесінен шыға алмай, осындай табан тірескен дүлей додаға шыдай алмай­тындықтарын сездіріп алды» деген. Содан бері Мирослав-аға, шынымен-ақ, мың ойла­нып, мың толғанып, бір шешімге келгендей. Бұл жолы ұлттық құрама сапынан Абдулин, Чернышев, Чичулин, Кислицын, Ирисметов, Азовский, Скорых, Шомко, Аверченко, Жұмас­қалиев сынды ойыншыларымызды көре алмадық. Олардың орындарын басқа ойыншы­лармен толықтырды. Бұл жөнінде: – Германиядан ұтылған соң, бір өзгеріс енгізбесе болмайтындығын білдім. Сол үшін құрама сапын 50 пайызға өзгерттім. Шеберліктерін шыңдай түсіп, деңгейлерін өсіруге болатын, әлеуеті зор жастарды шақырдым. Бұл орайда, Мұжықов, Шахметов, Көкеев, Гурман сынды жастарды атап өткім келеді. Жалын атқан жастардің ынта-жігерлері мен тәжірибелі ойыншылардың ойлы да сайлы ойындарымен ұштастырғым келеді, – деп ағынан жарылды. Ал команда капитаны Қайрат Нұрдәулетов: «Жанкүйерлер алдында да, журналистер алдында да әбден ұятқа қалып болдық, сондықтан бұл ойында бізге тек жеңіс керек. Тіпті тең ойынды да біздің жанкүйерлер қанағат тұтпайды. Сондықтан аянбауға тырысамыз», – деді қабағын түйе... Әзірбайжан ұлттық құрамасының пресс-офицерінен «бұл кездесудің сіздер үшін қандай да бір саяси маңызы бар ма?» деп сұрағанымда: – Жоқ, ешқандай да саяси маңызы жоқ. Бұл, бар болғаны, «А» тобындағы ең осал екі құрама арасындағы матч. Деңгейлері шамалас болғандықтан, екеуі де бірін-бірі ұтып, қоржындарына ұпай салмақ. Азуы алты қарыс Германиядан ұпай алу мүлде қиын ғой. Сондықтан бір-бірімен аңдыспағанда, кіммен алысады? – деді жымиып. Қазақстан – Әзірбайжан – 2:1 Голдар: Гридин, 57. Гридин, 68 — Нәдіров, 63. Ескерту: Щмидтгаль, 77 Қазақстан:12. Нестеренко, 8. Смақов, 4. Мұхтаров, 3. Логвиненко (Рожков, 65), 6. Нұрдәулетов (К), 7. Гетериев, 9. Щмидтгаль, 10. Хайруллин (Киров, 82), 11. Қонысбаев, 17. Гридин, 20. Остапенко (Хижниченко, 79). Әзірбайжан: Агаев, Меликов, Садигов, Жавадов, Әлиев (М.Гусейнов, 70), Садықов (К), Д.Гусейнов (Нәдіров, 61), Медведев, Левин, Исмайлов. Бас төреші: Юан Норис (Шотландия) Автор: Нұрғазы САСАЕВ
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров