"Корольдік клубтың" жартылай қорғаушысы осы маусымда бар болғаны 3 рет негізгі құрамда алаңға шығыпты. Анчелотти Хедирадан гөрі Искоға көбірек сенеді. Әлем чемпионатынан кейін, Кроос Мадридке келгенде, Хедира-Кроос жұбы орталық алаңның қожайыны болады деп күтілген. Бірақ, жарақат ізінен жарақат Хедира жегідей жеді. Енді негізгі құрамға оралудың өзі мүмкін еместей. Не істеу керек? Жазда "Реал Мадридпен" келісім-шарты аяқталған соң кететінін мәлімдеген болатын. Германия ұлттық құрамасының футболшысын өз еліңде "Бавария", "Боруссия Д", Англияда "Арсенал" команда сапында көргісі келеді. Әрине, өзі үшін тиімдісі отанына оралғаны шығар, бірақ қарсыласы орталық алаңын жаяу жүріп өтіп кететін Арсен Венгер командасы үшін Хедира таптырмас футболшы.
Фелипе Луис("Челси")
Сол қапталдағы үздік қорғаушылардың бірі. Былтыр Испания чемпионы мен Чемпиондар Лигасының финалисті атанған "Атлетиконың" түгелдей сол қапталын тас қамал қылған футболшы. Жоғары деңгейде өткізген маусымға қарамастан, Дель Боскенің Бразилияға аттанған футболшылар тізіміне енбеген еді. Себебі? Себебін осы маусымда түсіндік. Өзінің отандасы жас дарын Сезар Аспиликуэта, жасы отыздан асқан Луиспен салыстырғанда жылдам, шабуылға дер кезінде араласып, дер кезінде қорғанысты да жаба біледі екен. Осы маусымда алаңға тек 5 мәрте негізгі құрамда шығыпты.
Рамирес("Челси")
Жозе Лондонға қайта оралғалы Рамирестің орны алаңның шеті болды. Бразилиялық жартылай қорғаушы Матич, Виллиан, Фабрегастардың көлеңкесінде қалды. Португалиялық бапкер оған үміт артпайды. Тіпті, өзге командаға жалға беру жайлы ойын да жасырған емес. Екі жыл бұрын, Чемпиондар Лигасының жартылай финалында "Камп Ноуда" "Барселонаның" қақпасына гол салып, Мюнхендегі финалда "Баварияның" жұлдыздарына тұсау болған Рамирес бар-жоғы 6 рет қана негізгі құрамнан орын алыпты.
Эшли Коул("Рома")
Кабай ұзақ уақыт бойы жұлдызды футболшылар жоқ командаларда ойнады. "Лилльде", өңкей француздар жиналған "Ньюкаслда". Бірақ, нағыз алып клубқа келген соң, қосалқы құрамның футболшысына айналып кетті. Вераттиді де, Тиагу Моттаны да, отандасы Матьюдиді де негізгі құрамнан ығыстыра алмады. Осы маусымда бар болғаны негізгі құрамда 9 ойын, 1 гол.
Эзекьель Лавесси("ПСЖ")
Аргентиналық шабуылшы сәтсіз маусым өткізіп жатыр. Пайдалы ісінен, салған голынан сөзі көп. Біресе, Лоран Бланға риза еместігін айтады, біресе Неапольды сағынып жүргенін. "Наполиде" бақытты шағын өткізгенін айтып мұңаяды. Нәтижесі-жанжал артынан жанжал. Негізгі құрамдағы орнынан да айырылды. Осы уақытқа дейін 3 гол ғана салу, Лавесси үшін ұят нәтиже.
Педро("Барселона")
"Барселонаның" болашағы деп жүргеніміз кеше ғана еді. Бүгін қарасақ, жасы 28-ге келіпті. Мессидің деңгейіне жетпесе де, біраз жыл негізгі құрамның маңызды ойыншысы болады деп күткен едік. "Барселонаның" шабуыл өтіне бірнеше футболшылар келіп кетсе де, алаңдағы орнын жоғалтпап еді. Бүгін бәрін жоғалтты. Неймар-Суарес-Месси триосы аман-сау кезде, "Барсаның" негізгі құрамында ойнаймын деу бос әурешілік. Бұл үштікке Педро түгіл, Иньеста, Ракитич, Хавилердің де керегі жоқ. Керек болса, тірі мүсін ретінде ғана. Үшеуі-ақ "блаугрананың" бүкіл шабуылына жауап бере алады. Педро дұрыс жол таңдаймын десе, Санчестен үлгі алуы керек.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Біздің серіктес: FONBET