Жарнама
Жарнама

Патриоттық сезімді тек спортшылардан талап ететініміз қалай?!

17.11.2011, 19:04
Жарнама
Жарнама

Бүгінгі таңда спорт әлемінде патриоттық сезім «ақша», «келісімшарт» деген түсініктердің көлеңкесінде қалып бара жатқандай. Отансүйгіштік сезімдеріміз солғын тартып, жаңа заман үрдісі меңдеп барады...Ең аяғы қандай да бір ұлттық құраманың алдында (қай елдікі болсын) нақты мақсат қойылса, сол мақсатқа жету үшін ақшалай ынталандыру мәселесі қоса қарастырылады. Ондай ақшалай ынталандырусыз асқақ арман, биік жетістікке қол созудың өзі қиямет-қайымға айналған. Заман ағысы, дәуір үрдісі осыған әкеліп тіреп отыр. Әйтсе де Отан мен туған елге деген сүйіспеншілік әр адамның адамгершілігі мен парасаттылығының өлшемі болса керек еді. Осы орайда, ерекше көңіл аударарлығы, кейінде біз патриоттық сезімді тек спортшылардан ғана талап ететіндейміз. Мысалы, биыл жыл басында VІІ қысқы Азия ойындарын дүркіретіп өткіздік. Осы дүбірлі додада татулығымызды паш еттік. Жанкүйер­лер барлық спортшыларымызды олардың ұлтына қарамай, өз балаларындай бауыр тартып, қолдау көрсетіп отырды. Халқымыз «Алға, Қазақстан» деп ұран салып, бірлігі жарасқан ел екендігімізді көрсете алдық. Өкінішке қарай, Ақ Азиаданың соңғы күндері хоккейші жігіттеріміз бен шаңғышы қыздарымыз көңілімізге кірбің түсірді. Жеңістеріне шаттанып жүріп қасиетті Көк байрағымызды, мемлекеттік рәмізімізді аяқ астына тастай салды. Жарайды, олар өз жеңістеріне шектен тыс шаттанып, қуаныш құшағында Тудың жерде жатқандығын байқамады немесе оған көңіл аудармады дейік. Көмбеге алқынып жеткен шаңғышы қызымыз тіпті шаршап та қалған шығар. Ал команданың басқа мүшелері қайда? Туды әкеліп, спортшылардың қолына ұстатқан «патриоттарымыз» қайда? Менеджерлер, басшылар, жаттықтырушылар, дәрігерлер, массажшылар және т.б. қайда?! Неге барып көтермеді, олар Көк байрағымызды?! Тек спортшылар ғана еліміздің патриоты болуы керек пе? Бәрін де өзімізден бастаған дұрыс емес пе? Спортшылар ғана емес, басшылар да, жаттықтырушылар да, команданың басқа мүшелері де, журналистер де, жанкүйерлер де өз елінің патриоты болуы керек сияқты. Біздегі, яғни Қазақстандағы спорт журналистері, негізінен, Қазақстан спортын насихаттауға бет бұрып, күш салса дейміз. Отандық әріптестеріміздің де өз елінің патриоты болып, өз еліміздің спорты мен дене тәрбиесінің тыныс-тіршілігін насихаттай бергені дұрыс емес пе? Шетелдің жұлдыздары біздің журналистерсіз-ақ төрткіл дүниеге танылып болған. Сондықтан инернеттен дайын дүниені алып, соны аударып бере салғанша, өз еліміздің намысын қорғап жүрген ұл-қыздарымызды әспеттей берсек, нұр үстіне нұр болар еді. Биыл наурыз айында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасымен Германияға бардық. Кайзерслаутернде өткен кездесуге Германияның түкпір-түкпірінен футбол жанкүйерлері ағылды. Араларында Қазақстан жанкүйерлері де бар. Кейбіреулері Германияда жұмыс жасайтын отандастарымыз болса, біразы сол елдегі студенттеріміз, ал қайсыбіреулері – осыдан бірнеше жыл бұрын неміс жеріне қоныс аударған қазақстандықтар. Бірақ қазір олардың бәрі де – неміс азаматары. Жиырма жылдай уақыт өтсе де, өздері туып-өскен Қазақстанды ұмытпайтындары байқалды. Риза болғандығымыз, стадионға келген Қазақстан жанкүйерлерінің бірсыпырасы үстеріне оюлы шапанымыз бен мұрағымызды киіп келді. Тақия киіп келгендері де баршылық. Германияда тұратын отандастарымыз да, осыдан бірнеше жыл бұрын біздің елден көшіп кеткен немістер де футболға осылай келді. Қатты тебірендік. Өйткені біздің елде жанкүйерлер стадионға бұлай ұлттық киімдерімізді киіп бармайды ғой. Сонда қалай, Германиядағы біздің жанкүйерлер футболға ұлттық киімдерімізді киіп барады, ал қазақ жерінде біз, осылай, тойға барғандай неге киініп бармаймыз? Бірінші үлкендер, ардагерлер бастаса, дұрыс болар еді. Үлкендеріміз бен ардагерлеріміз ұлттық шапанымызды киіп, жарқырап стадионға келсе, жастар да бірте-бірте ұлттық киімдерімізге көңіл бөле бастамай ма? Жігіттеріміздің тақия, қыздарымыздың камзол киіп келулері де мүмкін ғой. Ал шапан киіп келгендердің көпшіліктің назарында болары хақ. Шетелдіктер шапан кигендердің жанына тұрып, суретке түсуге құштар болмай ма? Содан соң мұндайды қалт жібермейтін «Евроспорт» се­кілді шетелдік спорттық арналар да ұлттық киімдерімізді киген көрермендерімізді жиі көрсетіп, бүкіл әлемге паш етер еді... Шетелдіктерге еліктеп, бет-әлпетімізді бояп, басымызға не болса соны кигенше (теңбіл доп пішіндес баскиім т.б.), осылай ұлттық құндылықтарымызды, ою-өрнектерімізді, салт-дәстүрімізді дәріптей білсек, шіркін! Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров