“Барселона” Чемпиондар лигасының жартылай финалында “Интерден” 7:6 есебімен жалпы есепте ұтылып, турнирден шығып қалды. "Каталондықтарды" тек жеңіліс емес, төрешінің шешімдері де ерекше қынжылтты.
Ойыннан кейін матчтың бас төрешісі Шимон Марчиняктың жұмысы қатты сынға ұшырады. Көптеген даулы сәттер “Интердің” пайдасына шешілген. “Барселонаның” Марчинякқа деген өкпесі бұрыннан бар. Екі жыл бұрын ол дәл осы командалар арасындағы ойында Дензел Дюмфристің айып алаңында допқа қолы тигенін байқамай кеткен болатын.
Педри матчтан кейін Marca басылымына берген сұхбатында:
“Бұл біз үшін осы төрешімен болған бірінші жағдай емес. УЕФА мұны қарастыруы керек. Кейбір шешімдерді түсіну қиын. Меніңше, Ламинге қарсы пенальти белгіленуі керек еді, ал Мхитарян екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылуы тиіс еді."
Эрик Гарсия матч аяқтала салысымен алаңда сұхбат берді. Ол да бұл стадиондағы өткен матчтарды еске алды.
“Бұл стадионда бізге не болып жатқанын білмеймін. Үш рет келдім – үшеуінде де бізге қарсы бір түсініксіз жайттар болды. Осы төрешімен не болғанын әлі ұмытпадық.” – деді ол.
Иниго Мартинес те төреші шешімдерінің біржақты болғанын атап өтті:
“Бүгін бәрі көрді, шешімдер үнемі бір жаққа ғана қарай шықты. Бірақ біз тек төрешіні кінәлап, мойымаймыз."
Рональд Араухо болса, “Интердің” қосымша уақыттағы есепті теңестірген голының алдында ойын тәртібі бұзылды деп есептейді:
“Меніңше, иә, төреші нәтижеге әсер етті. 3:3 болған сәтте Жерар Мартинге қарсы ойын ережесі анық бұзылды. Дегенмен, сылтау іздемеуіміз керек. Бұл команда әлі талай Чемпиондар лигасын ұтады." – деді Уругвайлық қорғаушы.
Войцех Щесный болса, өз отандасы Марчинякты сынауға асықпады. Польшадағы Canal+ арнасына берген сұхбатында ол былай деді:
“Жеңілген кезде көпшілік төрешіні кінәлауға бейім. Бірақ мен олай жасамаймын. Сылтау айтудың қажеті жоқ. Талқылау болуы мүмкін әрине."
Бас бапкер Ханси Флик маусым бойы төрешілер туралы пікір білдіруден аулақ жүрсе де, бұл жолы ол да Марчиняктың әрекетіне наразылық танытып, ойын кезінде сары қағаз алып қалды.
Біздің серіктес: FONBET