Педро және Виллиан «Челсимен» қысқа мерзімді келісімшартқа отырды

24.06.2020, 18:22
«Кәрі қасқыр» атанған ойыншылардың «Челсиге» көп көмегі тиетіні анық.

Лондондық «Челсидің» шабуылшылары Виллиан мен Педро ағымдағы маусымды "Челсиде" аяқтайды, деп клубтың ресми сайты хабарлады.

Еске салайық, Англия чемпионатындағы маусым коронавирустық пандемияға байланысты тоқтатылған болатын. Осылайша, қолданыстағы келісімшарттарды чемпионаттың нақты аяқталғанына дейін ұзарту қажет болды. Осылайша Педро мен Виллиан "Челсиге" АПЛ-де ғана емес, сонымен қатар Чемпиондар Лигасы мен Англия кубогында да көмектесетін болады. Маусым соңында еркін агент атанады.

Осы маусымда Виллиан Англия чемпионатының 29 матчына қатысып, бес гол соғып, алты голдық пас берді. Педро болса тоғыз матч өткізіп, бір гол салып, екі нәтижелі паспен көзге түсті.

30 матчтан кейін "Челси" Англия чемпионатында төртінші орынға жайғасты. Англия Премьер-лигасының 31-ші туры аясында «Челси» «Манчестер Ситиге» қарсы ойнайды. Матч ертең, 25 маусымда сағат 01:15-те(Астана уақытымен) басталады.