Жарнама
Жарнама

ПЕЛЕ: МЕССИГЕ МАҒАН ЖЕТУ ҚАЙДА...

28.06.2020, 22:07
Біз оны Пеле деп білеміз. Ал оның азан шықырып қойған шын аты және ататегі Эдсон Арантис ду Насименту (португалша – Edson Arantes do Nascimento) еді. «Қара маржан» 1940 жылдың 21 қазанында (кейбір деректер бойынша 23 қазан) Бразилияның Минас-Жерайс штатындағы Трес-Корасойнс қаласында туған. Кезінде оны әріптестері «Бензин» деп те атаған екен.
Жарнама
Жарнама

«Сантос» және «Нью-Йорк Космос» клубтарында өнер көрсетті. Бразилия құрама командасының сапында 92 матч өткізіп, 77 гол салды. Футбол Королінің бар құпиясы оның таңғажайып физикалық ерекшелігінде және ерен еңбекқорлығында болған. Спорттық карьерасы шарықтап тұрған кезде ол 100 метрлік қашықтықты 11 секундқа жетер-жетпес уақыт ішінде жүгіріп өтетін болған. Кезінде жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне сенсек, Пеленің көру көкжиегінің шеңбері керемет кең болған: бұл оған алаңдағы сәт сайын өзгеріп тұратын жағдайды жылдам аңғарып, ең дұрыс шешімді қабылдауына мүмкіндік беріп отырған екен.

Жалпы, Пеле туралы айта берсек, таңды таңға ұруға болады. Жаратқан Ием оған өнер дегенді аямай беріпті: ол қоғам қайраткері, киноактер, телешолушы, бизнесмен (Cafe Pele деген маркалы кофені әлемде білмейтін жан жоқ), тамаша әндердің авторы және орындаушысы.

– Сіздің кезіңізде футбол керемет қызықты болатын. Ал қазір тасқамал қорғаныс пен тек нәтижеге негізделген ойын үстемдік құрып алды деген пікірлер естіліп қалады. Осындай метаморфоза сізді мазаламай ма?

– Бүгін де, кеше де футбол қаншалықты қызықты болса, соншалықты ішті пыстырарлықтай. Бәрі де алаңдағы техникалық шеберлігі теңдессіз және ойлап ойнатын футболшыларға байланысты. Менің кезімде шабуылшыларды дамбалдан тартып, аяқтан тебетін, неге десеңіз, ол кезде дөрекіні алаңнан өте сирек қуатын. Қазір төрешілер шабуылшыларды «катрочканың» күшімен қорғайтын болды, содан да қорғаушылар тәртіп бұзам деп қорқақтап ойнайды...

– Олай болса, сіздің амплуаңыздағы әріптестеріңізге елуінші-алпысыншы жылдардағыдай футболдың ғаламат концертін қоюға не кедергі келтіріп жүр?

– Нанасыз ба, қазіргі шабуылшылардың шеберлігі кезінде менімен бірге алаңға шыққан футболшылардікінен анағұрлым жоғары. Мәселе басқада – бүгінгі күнде ойын әбден нығыздалған. Бұрын мен өзімді аңдып жүрген ойыншыны алдап өтсем болды, бес-алты метрдей бос кеңістік пайда болатын да, ойыма келгенді істейтінмін. Ал қазір доптың маңындағы радиусы он бес метрдей жерге он ойыншыға дейін жиналып қалады! Біреуінен өткеннің өзінде, екіншісі есіңді жидырмай қағып әкетеді. Алаңда творчество дегенге титтей де орын жоқ, сондықтан да, бәрі футболшының жеке өнеріне байланысты болып қалды. Мұндай тығырықтан абыроймен шығу тек талантты туғандардың қолынан ғана келеді.

– Кейінгі кезде футболдың ережесі өзгеріске көп түсті – соның бәрі шабуылдаушы жақтың өмірін жеңілдету үшін. Сіздің бұл тақырыпқа байланысты ұсынысыңыз бар ма?

– Әрине, бар. Ол жөнінде Блаттерге айтқам да. ФИФА «тактикалық» фолмен аяусыз күресуі керек. Егер, екі-үш қарсыласты алдап өтіп, қақпашымен жекпе-жек шыға берген шабуылшыны айып алаңының сызығына таянғанында құлатса, мен «қабырға» қоюға тыйым салар едім. Ал енді, ереже алаңның ортасында бұзылса, онда фолға дейін қорғанушы жақтың бөтен қақпаға жақын тұрған футболшыларын төрешінің ысқырығы тоқтатқан жерде қалуға міндеттер едім. Меніңше, бұл әділетті болар еді...

– Оңтүстікамерикалық құрама Еуропада өткен әлем чемпионатын бір-ақ рет қана ұтты. Бұл шаруа 1958 жылы Бразилияның қолынан ғана келді. Оңтүстікамерикалық құрамалар Еуропада неге табысты өнер көрсете алмайды?

– Өзім де осыны біле алмай далмын. Сіздің сұрағыңызға жауап берместен бұрын мынаны айтқым келеді: Америка мен Азия сынды климаты ыстық және ылғалды құрлықтарда ойнау еуропалықтар үшін қиынға түседі. Ал олар өз жерінде негізгі таянышы – физикалық «қара күшінің» басымдығын сәтті пайдаланады.

– Бүгінгі футболшылардың ішінен кімнің өнеріне бүйрегіңіз бұрады?

– Қазіргі футболшылар туралы айтқанды онша ұната қоймаймын. Бүгінгі футболдың қарқыны қатты: бірнеше жыл қатарынан биік шыңның басында болу екінің біріне жазбаған. Бүгін жарқыраған жұлдыз, ал ертең ел оның есімін ұмытады. Мысалы, Рабиньоны алайық. Бразилияда ол экстра-класс деңгейіндегі футболшы болды. Ал Еуропаға келгенінде, оның үлкен ойынға дайын емес екендігі белгілі болып қалды – бұлшық еттері бұлтиып үлгермеген. Яғни, мен Зиданнан басқа ешкімді атағым келмейді. Ол он жылға дейін өз биігінен түспеген ойыншы. Егер де, Рональдиньо 2006 жылы әлем чемпионы болғанда, Зиданның қолындағы эстафета таяқшасын алар еді…

– Қазір жұрттың көбі Лионель Мессиді ұлы фуболшы дейді, сізбен салыстыратын болыпты…

– Месси алдымен 1283 гол соғып, Әлем кубогын үш дүркін иеленіп алсын, содан кейін бұл жайында әңгіме қозғалық. Маған жету қайда оған...

Кезінде қарсыластардың қақпашылары менің қай аяқпен соғатынымды білмей дал болатын. Мен екі аяқпен де бірдей жақсы ойнадым. Ал Мессидің оң аяқпен тепкенін сирек көрем. Сонан соң, мен көп голды баспен де соқтым...

Рекордтар өзін өзгерту үшін өмір сүреді, бірақ маған жету қиын болады. Жұрт менен күнде сұрайды, жаңа Пеле қашан туады деп. Ешқашан! Менің ата-анам бұл өмірден өтіп кеткен...

– Футбол әлемінде тағы бір жұлдыз жанды. Неймар есімді. Осы футболшы туралы не айтасыз?

– Меніңше, Неймарға аздап тәжірибе жетіспейді. Соңғы кездері оны сол қанаттағы «вингер» есебінде пайдаланып жүр. Бірақ та, ондай қабілет-қарымы бар футболшыны сол қапталмен шектеп қою ақылға сыйымсыз шаруа. Неймар қарсыластар қақпасына жақын маңда ойнауы керек. Мұндай талантқа бұрыштама добын тептіріп қою қиянат. Ол екі аяқпен бірдей соғатын ойыншы. Дегенмен, бір-екі жыл тоса тұрайық: кез-келген футболшы ойынын дамытып, ілгері жылжуы керек қой.

мақала Фейсбуктегі Sportstan тобынан алынды

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров