Жарнама
Жарнама

Пеп Гвардиола шаршаңқы…. “Манчестер Сити” құлдыраудың алдында тұр ма?

01.09.2025, 10:00

"Манчестер Ситидің" соңғы аптадағы нәтижелері жанкүйерлерді де, сарапшыларды да ойландырып қойды. "Тоттенхэмнен" кейін, енді "Брайтонға" да жол берген Гвардиола шәкірттері маусымды сәтсіз бастады. Үш ресми ойында екі жеңіліс, соңғы жылдары елестету қиын болған көрініс.

Жарнама
Жарнама

"Амекс” аренасында финалдық ысқырықтан кейін Пептің алаңдағы жүрісі ерекше көзге түсті. Бұл әдеттегі сергек қимыл емес, керісінше бағытсыз, ойға батқан шаршаңқы қадамдар еді. Қарсылас бапкері Хюрцелерге барып қол алысуды да ұмытып кеткен Пепті жанкүйерлер алғаш рет осындай күйде көрді.

Тек қақпашы Барт Вербруггенмен ғана қысқа ғана сөйлескен Испандық кейін трибунаға барып, қонақтағы аз ғана "Сити” жанкүйеріне қол шапалақтап алғыс білдірді.

Клуб жаңа маусымға екі трансфер терезесінде 300 миллион фунттан астам қаржы жұмсап кіргенімен, нәтиже көңілден шықпай тұр. Бұған қоса, жаңа жұлдыз Райан Черкидің жарақаты да қосымша соққы болды, ол екі айға алаңнан тыс қалды.

Ойыншылар жаңа тактикалық өзгерістерге әлі толық бейімделмеген. Гвардиола матч барысында Родриге, Рейндерске, Бернардо Силваға қайта-қайта нұсқау беріп, тіпті алаңда оқытуға мәжбүр болды. Бірақ қателіктер тым көп. Родридің өзі: "Балалық қателіктер жіберіп жатырмыз, концентрация жетіспейді.” – деп мойындады.

Хюрцелердің шәкірттері екінші таймда батыл қадамға барып, төрт бірдей ауысым жасады. Осы өзгеріс ойынның тағдырын шешті. Әуелі Джеймс Милнер пенальтиден есепті теңестірді, ал соңғы минутта Брайан Груда қақпашыны алдап өтіп, жеңіс голын соқты. "Брайтон" осылайша соңғы үш ойында "Ситиден” жеті ұпай еншілеп отыр.

54 жастағы бапкердің шаршаңқы кейпі көп нәрсені аңғартқандай. Соңғы маусымдағы күтпеген сәтсіздіктерден кейін қысым одан сайын артты. Егер бұл құлдырау жалғаса берсе, Гвардиоланың өзі де, "Ситидің" жаңа жұлдыздарынан құралған құрамы да сынға ұшырайтыны сөзсіз.

Пептің матчтан кейінгі сөзі де үмітсіздеу шықты: "Біз ойынды ұмыттық. Гол жібергеннен кейін тұрақсыздық басталды. Ойынды ешқашан тоқтатпау керек еді.” 

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров