Жарнама
Жарнама

Премьер-лига-2024: Кеш оянған Астана, бағы жанған Қайрат

Қазақстанда тағы бір футбол маусымы тарих қойнауына енді. 33-ші ел чемпионаты несімен жанкүйерлер жадында қалды? Қай команда үмітті ақтап, қайсысы сенімді жоғалтты? Бүгін, біріншілікті қорытындылап, осы сауалдарға жауап іздеп көретін боламыз.

фото ашық дерек көзден алынды
Жарнама
Жарнама

Чемпиондық «Қайратқа» берілген сый

Биыл 70 жылдық мерейтойын атап өткен Алматының «Қайраты» біріншілік басында чемпиондық үшін талас жүргізетінін аңғартқан еді. Құрамын жаңа легионерлермен толықтырған команданы маусымға Кирилл Кеккер дайындады. Бірақ, «халықтық команданың» ойыны көңіл көншітпей, ортаңқол қарсыластардан ұпай жоғалтып, көп сүрінді. Кеккердің тағдыры біріншіліктің белортасында Қызылордада «Қайсарға» жеңілгеннен кейін шешіліп, сәтсіз нәтижелер үшін қызметінен кетіп тынды. Көп ұзамай клуб басшысы Қайрат Советайұлы Ресейден аттағалап Александр Кержаковты алдырды. Ресейлік маман келген соң нәтижелері жақсарып қалған еді. Бірақ, ең маңызды ел-классикода бітіспес жауы «Астанаға» ұтылған соң Советайұлы Кержаковтың ит-терісін басына қаптап, ақыр соңы ресейлік өз еркімен командадан тайып тұрды. Осы жеңілістен кейін «Қайрат» жанкүйерлері де, Қайрат Боранбаевтың да чемпиондықтан үміті үзілген еді. Академия бапкерлерінің бірі Рафаель Уразбахтинді біріншілікті аяқтау үшін маусым соңына дейін тағайындай салды. Иә, дәл солай. Оған үштікке іліну міндеті қойылды. Бірақ, бап шаба ма, бақ шаба ма деген. Чемпионаттың аяқталуына екі тур қалғанда «Астана» қолында тұрған чемпиондықты күтпеген жерден «Тобылға» ұтылып, «Қайраттың» қолына ұстата салды. Әрине, мұндай сыйды «Қайрат» уысынан шығарған жоқ. Енді келер жылы алматылықтар чемпиондар лигасында ел үмітін ақтап, еурокубоктың топтық кезеңіне шығуы тиіс:    

Бабаян мықты болса «Астана» чемпион болар еді

               Елордалық «Астана» биылғы чемпионатта екі түрлі команда болды десек қателеспейміз. Григорий Бабаян шәкірттері біріншіліктің алғашқы кезеңінде көрінген командаға ұтылып, аутсайдерлердің қатарында болды. Оған кім кінәлі? Бірінші кезекте бапкер кінәлі. Команданы маусымға дайындаған Григорий Константинұлы футболшылар таңдауда қателескенін кеш білді. Еурокубок алдында Грипши, Чинеду, Бартолец, Кажуколовастар келмегенде «Астана» біріншіліктің алғашқы алтылығына енгеніне қуанар еді. Дегенмен, таңғажайып шытырманмен команданы Конференция лигасының топтық кезеңіне алып шықты. Оған ерекше, еркекше рақмет! Бірақ, Бабаян тактикалық жағынан әсіресе, шабуыл шебіндегілерге түрлі комбинациялық ойын қоюда, құйтырқы шешімдер қабылдауда әлсіз екенін көрсетті. Томасов пен Камараның жеке шеберлігіне, жолы болғыш Джефриге сенім артып, түк ойластырмау білікті бапкер үшін ұят нәрсе! Мәселен, Қостанайдағы «Тобылмен» кездесуде азулы «Астана» мардымды шабуыл ұйымдастыра алмай, масқара болды емес пе? Сондықтан, ел мақтаған Григорий Бабаян чемпионаттың соңында оңбай сүрінді. Чемпиондық титул үшін Конференция лигасының топтық кезеңін құрбан етті. Ақыр соңында алтын медальдан тыс қалды.

 

Мықты жанкүйерлері бар, бірақ мықтыларға қауқарсыз «Ақтөбе»

               Ай-ай-ай-ай-ай «Ақтөбееее» сенің жанкүйерлерің бір төбе. Атынан ат үркетін «Ақтөбе» өткен маусымда өз-өзіне қиянат жасады. Жылда чемпиондық үшін таласуға белбуатын «ақ-қызылдар» біріншілік соңында қола жүлдені қанағат қылады. Биыл да ақтөбеліктердің арманы асқақ болатын. Өткен маусымның соңында команда тізгінінде Дмитрий Парфенов қалғанынан-ақ барлығы түсінікті еді. Ресейлік маманның чемпион қылатын тәжірибесі де, біліктілігі де жоқ. Бірақ, клуб басшылығы оны кеш түсінді. Команда құрамын толықтырған легионерлер де маңызды матчтарда осалдық танытты. Ал жұлдызы жарқырап, команданы өрге сүйреген Самародов пен Оразовты клуб біріншілік ортасында оп-оңай жібере салды. Осыдан кейін «Ақтөбе» қалай чемпион болады? Абырой болғанда батыс дербиінде айқай-шумен Қазақстан Кубогын жеңіп алды. Украиналық бапкер Игорь Леонов тәжірибесі толысқан маман. Енді келер маусымда «13 сектордың» ауылында да чемпиондық титул тойланатын шығар.

«Ордабасының» ертегісі аяқталды

                Өткен жылы алғаш рет чемпион атанған Шымкенттік «Ордабасының» ертегісі ұзаққа созылмады. Ұлттық құраманың қаймақтары мен легионердің маймақтарын жинаған оңтүстіктің алыбы осы маусымда өте сәтсіз өнер көрсетті. Жылдағы әдеті бойынша еурокубок бәсекелерінде ел футболын масқаралап, іріктеу ойындарынан-ақ абыройсыздықпен ұшты. Беларусь бапкері Седнев кетем-кетем деп біраз жүрді. Жанкүйерлері алдында айыпты сезінген маман біріншіліктің бірінші кезеңінен кейін еліне қайтты. «Қотыр атқа, соқыр ат» дегендей. Оның орнын «Қайратпен» тауы шағылған Кирилл Кеккер ауыстырды. Қырғыз бапкерінің де оңдырғаны шамалы. Тек соңғы турда тікелей қарсыласы «Елімайды» жеңіп, келер жылы еурокубокке қатысуға мүмкіндік беретін 4-орынға тұрақтады. Иә, шымкенттік командаға түбегейлі өзгеріс керек. Бюджетінің көбін жалақыға жұмсағанымен футболшылар сенімді ақтамады. Келер жылы команда құрамы 70-80 пайызға жаңарады деген болжам бар.

«Арық сөйлеп, семіз шық» деген нақыл «Тобыл» басшылығына айтылған

               Биылғы маусымда үмітті ақтамаған бірден-бір команда ол  - «Тобыл». Құрамы жағынан мықты ұжым сөзі көп, ісі бос басшылықтан опық жеді. Чемпионат барысында федерацияға қарсы шығып, әлеуметтік желіде бұлбұлдай сайраған Әлімжан Қалдияров футболдан алыс адам екенін аңғартты. Бас бапкер Милич Чурчич маусым ортасында қызметінен кетіп, орнына ел футболының аңызы Нұрбол Жұмасқалиев тағайындалды. Нұрболдың қандай футболшы болғанын мұқым қазақ жақсы біледі. Бірақ, бапкер ретінде Жұмасқалиев әлі қалыптаспаған маман. Сондықтан, бұл жерде клуб басшысы Қалдияров өзін жанкүйерлер табаламасын деп, Нұрболды әдейі бас бапкер етіп қойды. Алайда бұл қате шешім екені баршаға белгілі еді. Еурокубокте қарсылас команда 5 бұрыштаманың төртеуінен гол соққаны әлі есімізде. Қостанай жанкүйерлері қанша рет іші күйсе де Нұрбол Жұмасқалиев үшін тілін тістеп қалғандары анық. Ал Әлімжан Қалдияровқа осы керек болды. Бизнесмен «ставкасын» тігіп, бал өмірін сүріп, әркімге миығынан күліп жүр. «Тобылдың» жүлдеге таласа ма, таласпай ма команданың нәтижесі директорды ойландырмаған секілді. Тіпті, соңғы турда үш ай жалақы алмай, ешқандай турнирлік мотивациясы жоқ «Қайсарға» шешуші матчта жеңіліп, еурокубоктік жолдама үшін соңғы мүмкіндігінен де айырылып қалды. Бәрінен де, қостанайлық жанкүйерлерге обал...

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров