Ағылшын Премьер лигасы жаңа маусымнан бастап Stonewall ұйымының "Rainbow Laces" бастамасына қатысуды тоқтатып, алаңда кемпірқосақ түсті капитандық таңғыштар мен бауларды қолдануға тыйым салды. Лига мұндай шешімді бұл іс соңғы жылдары оң әсерден гөрі көп дау тудыра бастағанымен түсіндірді.
Премьер лига мен Stonewall арасындағы серіктестік 2017 жылдан бері жалғасып келген. Бұл бастама футбол арқылы LGBTQ+ қауымдастығына қолдау көрсетуге бағытталды. Жыл сайын белгілі бір турларда футболшылар мен капитандар кемпірқосақ түсті таңғыш тағып, алаңда инклюзивтілік пен теңдікті насихаттайтын.
Алайда соңғы маусымдарда аталған символдар төңірегінде дау-дамай жиілеп, кейбір ойыншылар діни немесе жеке сенімдеріне байланысты кемпірқосақ түсті таңғыш тағудан бас тартқан. Әсіресе 2024 жылы бірқатар капитандардың бұл науқанға қатыспауы қоғамда қызу талқыға түскен еді.
Лига өкілдері Stonewall бастамасынан бас тарту LGBTQ+ қауымдастығына қолдау көрсетуді тоқтату деген сөз емес екенін атап өтті. Керісінше, Премьер лига енді өз ішкі бағдарламасын әзірлеп, Ұлыбританиядағы LGBTQ+ айына арнап арнайы іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.
Бұл жаңа форматта клубтар мен ойыншыларға өз позицияларын еркін білдіруге мүмкіндік берілмек, ал кемпірқосақ түсті таңғыштар сияқты міндетті символдар қолданылмайды.
Кей сарапшылардың пікірінше, "Rainbow Laces” бастамасы бастапқыда қоғамда оң қабылданғанымен, соңғы жылдары бұл әрекет кейде формалдылыққа айналып, нақты өзгерістерге жеткізбейтін деңгейге түскен. Сондай-ақ ойыншылардың қатыспауы немесе өзгеше пікір білдіруі медиа мен жанкүйерлер арасында бөлінушілікке себеп болды.
Біздің серіктес: FONBET