Жарнама
Жарнама

ҚАДІРІҢ ҚАЛМАДЫ, ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫ

10.10.2012, 06:20
Жарнама
Жарнама

Биылғы біріншілік бел ортасынан ауып, шын жүйріктердің сұлбасы анықтала бастағанда, Қазақстан футболында бітпес дау басталды. Бұқаралық ақпарат құралдарының бетінен түспеген бұл шу – онсыз да қызығы көп емес Қазақстан футболындағы біраз былықтың бетін ашуға көмектеседі дейді білетіндер. Премьер-лиганың 23-і турындағы «Тобыл» мен «Тараз» арасындағы кездесу төреші Сергей Паськоның қызметінен өмір бойына шеттелуімен, Қазақстан Футбол федерациясындағы Төрешілер алқасының төрағасы Александр Мазманьянның  орынтағын  босатуымен өрбіді.  3 қазан күні Тәртіптік комитеттегі аузы дуалы мамандар  «Тобыл»  - «Тараз» ісіне түбегейлі нүкте қоюға тырысты.  Енді оқиғаны өзімізше саралап көрейік...

Әлемдік қағиданың Қазақстанға қатысы жоқ Расында, Қазақстан Футбол федерациясының «Тобыл» мен «Тараз» арасындағы матчты қайтадан ойнату туралы бұйрығы қазақ футболсүйерлерінің тынышын алған шешім еді. ФИФА мен УЕФА түзіп шыққан қағидалар кітабында төрешінің қателігінен  матчты қайтадан ойнап шығуға рұқсаттың жоғы айтылған. Яғни төреші пенальтиді дұрыс белгілемеді немесе ойыннан тыс қалған сәтті дұрыс анықтамады деп, команда басшылары мен құзырлы органдардың матчты  қайтадан ойнатуға хақы жоқ. Тіпті – әлемдік футбол тарихын әрі-бері ақтарып көріп, қайтадан ойнатылған матчтардың саусақпен санарлық екенін байқадық. Мәселен, 1997 жылы УЕФА кубогы жолында кезіккен  мәскеулік «Спартак» пен Швейцарияның «Сьон» командалары 2:2 есебімен тең тарқаған. Алайда, швейцарлықтар алаңдағы қақпа өлшемдерінің дұрыс еместігін алға тартып, ойынды қайтадан өткізу құқығын алды. Тағы бір мысал Францияның 1-ші лигасында орын алған оқиғамен байланысты.  2002 жылы «Осер» мен «Седан» арасындағы кездесуде өз қақпасына гол жіберіп алған «осерліктер» допты дереу алаң ортасынан ойынға қосып жібереді де, сол шабуылда-ақ гол соғып, есепте алға шығады. Бұл уақытта голдың қуанышын бөлісіп жүрген «Седан» ойыншыларының жартысынан көбі өз айып алаңдарына оралып үлгермеген екен. Осыны алға тартқан «Седан» клубының басшылары аталған матчты қайтадан ойнап көрді.  Ал «Тобыл» мен «Тараз» кездесуіндегі бас төреші Сергей Пасько 11 метрлік айып добын қате белгілеп, ойыннан тыс қалу сәтін дұрыс анықтамады деп, кездесуді қайтадан ойнату УЕФА мен ФИФА орнатқан заңдылықты белінен басу екені сөзсіз. Иә, төреші де  – адам. 90 минутта түрлі қателіктерге бой алдырып, талай футболшының, тіпті тұтастай команданың обалына қалған төрешілер Қазақстанда ғана емес, әлем футболында да жетіп артылады. Алысқа бармай-ақ, 2012 жылғы Еуропа чемпионатында  украиналық Марко Девичтің Англия қақпасына соққан таза голы есепке алынбағанын еске алсаңыз, жеткілікті. Украина тарапы қанша қызыл кеңірдек болса да, аталған матч Англияның жеңісімен аяқталып кетті. Біз бас төреші Сергей Паськоны ақтап алуды көздемейміз. Бірақ Қазақстан футбол федерациясы Тәртіптік комитетінің аталған шешімі әлемдік тәжірибемен қабыспайды дегенді айтқымыз келеді. Аяқастынан тәртіпшіл болып қалған ҚФФ бұл қылығымен әлем алдында күлкіге қалуы мүмкін еді. Футбол матчтарын қайтадан ойнату – төрешілер техникалық қателік жібергенде және футбол ережелері сақталмай қалғанда ғана іске асуы мүмкін. Егер,  «Тобыл» мен «Тараз» арасындағы матчты қайтадан ойнату туралы ҚФФ шешімі күшінде қалса, қазақ жанкүйерлері әлемдік тәжірибеде бірлі-жарым кездесіп көрмеген оқиғаның куәгері болар еді. ҚФФ өз заңын өзі аяққа таптап отыр Танымал футболшы, бүгінде бапкерлікке бет бұрған Болат Есмағамбетовтің пікірі бұл. Болат мырзаның ойына сенсек, «Тобыл» мен «Тараз» арасындағы кездесуді қайтадан ойнатамын деп ҚФФ өз ережелерін өзі бұзып отыр. – Сергей Паськоны алаңға бас төреші ретінде жіберу де – федерацияның қателігі. Себебі, осыған дейін Сергейдің үстінен бірнеше рет шағым түскен. Команда басшылары дұрыс қазылық етпеді деп, Паськоның ісін қайтадан қарауға талай рет өтініш білдірсе де, бұдан еш нәтиже шығарған жоқ. Соңында бұл ҚФФ-ның басына таяқ болып тиді, – дейді Болат Есмағамбетов. – ФИФА мен УЕФА жазған футбол заңдылығы бойынша, төрешінің үстінен шағым түскен жағдайда, сол төрешіні жазалау керек. Иә, ҚФФ мұндай қадамға барды. Бірақ, матчты қайтадан ойнату дегенің артық. Осы қадам арқылы біздің қауымдастық жанкүйерлер мен мамандар тарапынан теріс баға алып отыр. Егер, ойынды қайтадан өткізуге бұйрық берсе, бұл жерде бір гәптің болғаны. Меніңше, матчты қайтадан ойнатудың қажеті шамалы. Әлемдік тәжірибеде, үлкен футбол мұндай оқиғалар көп кездеседі. Бірақ, кім қандай жаза алса да, жеңіс жеңіс күйінде, жеңіліс жеңіліс күйінде қалушы еді. Өгізді өлтірмей, арбаны сындырмау федерацияға сын... Айтпақшы, осы оқиғадан соң ҚФФ Төрешілер алқасының басшысы Александр Мазманьян өз еркімен қызметтен кетті. Пасько да ауыз толтырып ақталмай, пәс күйінде отыр. Болат мырза айтпақшы, бұл жерде бір гәптің бары рас. Аталған оқиғадан кім-кімнің де жеңімпаз болып шыққысы келері хақ. «Тобылдың» бас бапкері Вячеслав Грозный әрісі УЕФА, берісі Украина елшілігіне хабарласамын деп, Қазақстан футбол федерациясының арқасын бір қарып өтті. Бүгінге дейін төрешілермен тіресіп үлгерген Грозный мырзаның қорықпай сөйлеуі де түсінікті. Себебі, жат елдің маманы, қызметімнен қағыламын, қудалауға ұшыраймын деп қорықпайды. «Мұндай төрешілік үшін Ресей мен Укринада өмір бойы алаңнан аластатады. Бұл – бапкерлер қауымы мен футболшылардың еңбегін жоққа шығару, бізді күлкіге қалдыру. Егер бұл істі УЕФА мамандары қарайтын болса, жағдайды ушықтыға балаңыз» деген Вячеслав Грозный мырза «Таразда» кеткен үш ұпайды  әлі де саудалайтынын нық сеніммен білдірді. Ал Еуропаның ең мәртебелі турнирі – Чемпиондар лигасын жеңіп алып, Қазақстанда қызмет етіп жатқан тұңғыш бапкер Любомир Петровичтің де айтары бар. Отандық басылымдарға берген сұхбатында ол: «Төрешіге тағар айыбымыз жоқ. «Тобыл» футболшылары ойын ережесін жиі бұзды. Он бір метрлік айып добы да, ойыннан тыс қалу сәті де дұрыс белгіленді. Біз де қарап қалмаймыз, жеңісіміздің әділетті екенін дәлелдейміз» деген. Міне, екі тарап көрпені өзіне қарай тартқылап тұрған тұста, Қазақстан Футбол федерациясы төмендегідей шешім қабылдады. P.S.3 қазан күні өткен Тәртіптік кеңестің отырысында «Тобыл» мен «Тараз» арасындағы кездесу қайтадан ойналмайды деп шешілді. Қазақстан Футбол федерациясының ресми сайты таратқан мәліметте «Тобыл» мен «Тараз» кездесуінің нәтижесі өз күшінде қалады деген жаңа «үкім» шыққаны жазылыпты. Бұл істің соңына шам алып түскен мамандар пікіріне сенсек, «Тобыл» тарапы шағым түсіру кезінде қателіктерге бой алдырған. Осылайша, дау-дамайы көп 23-і турға аппеляциялық комитет нүкте қойған соң, жағдай саябырсығандай болды. Бірақ матчты қайтадан ойнатуға бұйрық беріп, кейін ол сөзін қайтып алған Қазақстан футбол федерациясының ел алдындағы абыройы айрандай төгілді. Бұдан жапа шегетін қызығы қашып, құты кеткен қазақ футболы ғана. Ақырыс  Сейітқазы Cіз не дейсіз? Сейілда БАЙШАҚОВ, Қазақстан Футбол федерциясының вице-президенті: Федерацияның шешімі орынды  Қазақстан Футбол федерациясы өзі түзген регламенттен аттап кеткен жоқ. Аппеляциялық комитеттің қабылдаған шешімін толығымен қостаймын. Бұл екі клуб арасындағы матч отандық футбол жанкүйерлерінің есінен көпке дейін кетпей қояр. Бірақ, ең бастысы, ҚФФ дұрыс шешім қабылдады. Аталған кездесу қайтадан ойнатылмайды. Гений Төлегенов, Sportinfo.kz сайтының бас редакторы:

Біздің футболдың сау жері жоқ... Әлемдік тәжірибеде жоқ болса да, «Тобыл» мен «Тараз» кездесуін қайта ойнатамыз деген шешімін Қазақстан Футбол федерациясының өз қалауына қалдырдым. Бірақ, «Тобыл» мен «Тараз» арасындағы матч Қазақстан футболының қазіргі күйін толықтай сипаттап бере алады. Ұлттық біріншілігімізде доп тебетін легионерлер. ФИФА рейтингінде 147-і орынға түсіп, күн санап құлдилап барамыз. Давид Лориядан өзге сырт елдің чемпионатында ойнайтын ешкім жоқ... Давидтің өзі Түркияның бірінші лигасында доп тебеді. Енді, міне, «Тобыл» мен «Тараз» кездесуінің дауы... Бұл дау неге шықты?! Ұзынқұлаққа сенсек, төрешілер ұлттық біріншіліктегі кездесулердің бірінде қостанайлық командаға бүйрек бұрыпты. Сол маңызды үш ұпайдың өтеуін алмақшы болып, «Тобылдан» ақша сұраған деседі. Әрине, «Тобыл»  көк қағазды оп-оңай санап бергісі келмейді. Осыған ерегіскен Қазақстан Футбол федерациясының басшылығы қостанайлық клубта кеткен есені «Таразбен» өткен ойында қайтарып алуға ниеттенді. Бұл – ұзынқұлақтан жеткен болжам ғана. Бірақ, бұл болжамда шындықтың ұшқындары жатқаны сөзсіз. Меніңше, Сергей Паськоны алаңнан аластатуы өте заңды. Бірақ Паськоны қызметінен қағып, Александр Мазманьянды орынтағынан тайдыру арқылы мәселені шешпейміз. Егер, Италия немесе Германиядағы секілді, терең зерттеу жүргізілсе, бүкіл шындықтың беті ашылар еді. Содан соң, федерация басшыларының барлығы тегіс жұмысынан қуылатынын көрер ме едік?! Ең өкініштісі – біздің футболды дерт меңдеген. Ол дерттен айыққанша қанша уақыт өтер екен?! Әзірге, футболымыздың сиқы осы...

жас қазақ газеті

Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров