Басқа елде жүріп, спорт өнерінде толағай табыстарға жеткен қандастарымыз жайлы еліміздегі ақпарат құралдарында аз айтылмайды. Бұл тақырыпты індетуден «Нұр Астана» жастар апталығы да қалыс қалған емес. Бокстан Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Ислам, футболдан Қытай құрамасының қақпасын қорғап жүрген Ержет Ерзатұлы, велоспорттан Ресейдің екі дүркін чемпионы Айжан Жапарова сынды қазақ өрендерін оқырманға таныстырдық. Жақында тағы бір қандасымыздың шетелде жүргенін білдік. Ол анау-мынау емес, Германияның «Боруссия» (Дортмунд)командасының жастар сапында ойнап жүрген футболшы. Отандасымызбен ғаламтор арқылы өрбіген әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз. Таныс болыңыз – Қадырбек Решадұлы. – Қадырбек, «Боруссия»-ның жастар құрамында өнер көрсетеді екенсің. Бұл командаға қалай қабылданып жүрсің?
– Бұған дейін «Кельн» клубының жасөспірімдер құрамында үш жыл ойнадым. «Боруссияда» жүргеніме екі жылдан асты. Орталық жартылай қорғаушымын.
«Боруссия» командасы жайлы аз-кем мағлұмат бере кетсек. Дортмунд қаласының негізгі командасы «Боруссия» 2010-2011 жылы Германия біріншілігінде чемпион болды. Ол командада қазіргі таңда Лукас Барриос (Парагвай), Иван Перишич (Хорватия), Роберт Левандовски (Польша), Себастиан Кель (Германия) сынды шебер футболшылар өнер көрсетеді. «Боруссия» 2011-2012 жылғы неміс бундеслигасының турнир кестесінде «Бавария» клубын алға жіберіп, екінші орында келе жатыр.
–Әке-шешең қай жақтың қазақтары?
– Олар Алтайдыкі. Әкемнің айтуы бойынша ата-бабаларымыз Алтайдан – Иранға, одан кейін Түркияға қоныс аударған. Сосын ата-анам жұмыс бабына байланысты Кельн қаласына келген.
– «Боруссия» студентке жалақы төлей ме?
– Төлейді.
– Клубпен қанша жылға келісім-шартқа отырдың?
– Үш жыл. Келесі жазда келісімшарттың мерзімі аяқталады.
– Қаның қазақ екенін білеміз. Құжатыңда да солай жазылған ба?
– Өкінішке қарай, қаным қазақ болғанымен құжатта германиялық деп жазылған. Өйткені, Германияда ұлтқа бөлінбейді. Ол елде тұрғандардың барлығының төлқұжатына германиялық деп жазылады. Алайда, құжатымда германиялық болып жазылғанымен, жүрегім әрдайым қазақ деп соғады.
– Мамыр айында Астанада Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайына қатыстың. Оған дейін қандастарың туралы не білетін едің?
– Бұған дейін Қазақстанның экономикалық жағынан да, басқа сала бойынша да қарқынды дамып келе жатқанынан хабардар болатынмын. Себебі, Алматыда біздің туыстарымыз бар, олармен қарым-қатынасымыз үзілген емес. Елде болып жатқан жаңалықтарды әке-шешем солардан біліп тұрады.
– Құрылтайдан алған әсеріңді айта кетсең…
– Маған «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына барасың ба?» дегенде бірден келістім. Сосын клубтан, колледжден сұрандым. Менің арманым – Отанымды көру еді. Соған қол жеткіздім. Астана – әсем қала екен. Жан-жақтан келген қандастарыммен таныстық. Телефон, электронды поштамызбен алмастық. Қазақстандық туыстарымыз барлығымызды туған бауырындай күтті. Егер де сіздерге тағы да келуге мүмкіндік туып жатса, міндетті түрде барамын.
– Ал Қазақстандағы клубтар саған «құда» түссе ше?
– Ол жағын ойланбаппын. Қазір футболмен қатар колледжде білім аламын. Барлығын тәмамдаған соң қолайлы ұсыныс түсіп жатса, неге келмеске?!
– Экономика мамандығын не үшін таңдадың?
– Экономика өте қызық сала. Барлық елдер оған қатты көңіл бөліп, халқының тұрмыс-тіршілігінің жақсаруы үшін жұмыс жасап жатыр. Кім біледі, футболдан қол үзіп кетсем, экономист болып кетуім де ықтимал.
– Олай деуіңе әлі ерте сияқты. «Боруссия» сапына екінің бірі іліге бермейді ғой?
– Сіз қате түсіндіңіз-ау деймін. Мен «Боруссия»-ның жастар сапында жүрмін. Ал мен қатарлы футболшылар қазір көптеген командаларда негізгі құрамда ойнап жүр.
– Атажұртыңа оралсаң, кез келген командада доп тебуіңе болады ғой. Бұл жерде футболшыларға әжептәуір жалақы төлейді.
– Мәселе ақшада емес, барғанда жастар сапында жүрген мені кім командасына қабылдай қояр дейсіз?! Басты мәселе осы ғой.
– Астанада Құрылтай аясында болған турнирде еуропалықтардың арасында әжептәуір төселген футболшы болып көріндің. Оның үстіне жарыс ұйымдастырушылары сені «Үздік жартылай қорғаушы» деп бағалады…
– Рахмет аға, алдымен колледжді тәмамдап алайын, бітіруіме жарты жыл қалды. Қалғанын уақыт көрсетер.
– Қазақстан құрамасынан кімдерді білесің?
– Самат Сымақов, Жамбыл Көкеевті жақсы танимын. Самат туралы «Вердер» – «Ақтөбе» кездесуінен кейін неміс ақпарат агенттіктерінен жиі естіп жүрдім. Ал Жамбылды «Уэмблиде» гол соққаннан бері білемін.
– Сенен басқа бундеслигада доп теуіп жүрген қазақ футболшылары бар ма?
– Ахмет есімді қазақ «Кельн»-нің жастар құрамасында жүр. Ол да Астанаға құрылтайға барып, үлкен әсермен қайтты.
– Сол жақтағы неміс студенттері Қазақстан туралы біле ме?
– Әрине. Қазақстанның экономикасы, спорты туралы көптеген мағлұматтардан хабардар. Алдағы уақытта студент достарымның көбісі Қазақстанға келіп жұмыс істегісі келеді. Білмегендерге өзім бар білгенімді жеткіземін. Құрылтайдан кейін бірнеше күн Қазақстанда болғанымызды жыр етіп айтып жүрдік.
– Газетіміз арқылы қандастарыңа тағы не айтқың келеді?
– Астанада болған Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы үлкен деңгейде өтті. Барлығына да рахмет! Мына жақта 150 қазақ отбасы бар, солардың атынан ыстық сәлем жолдаймын. Сау болыңыздар, біз Сіздерді, Сіздер бізді ешқашан ұмытпай жүріңіздер.
– Қадырбек, алдағы уақытта байланысымыз үзілмейді деп ойлаймын. Әңгімеңе рахмет!
ДЕРЕКНАМА: Қадырбек Решадұлы – 1990 жылы Түркияда дүниеге келген. Кумирі – Михаил Баллак. Обицур колледжінде экономика мамандығы бойынша білім алуда. Ана тілінен бөлек түрік, неміс және ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Қазір «Боруссия» клубының жастар құрамында доп тебеді.
Әңгімелескен Алмас МАНАП, «Нұр Астана»
Біздің серіктес: FONBET