Жарнама
Жарнама

Қай команданың көрермені көп?

07.11.2011, 22:20
Жарнама
Жарнама

Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде футболдан Қазақстан чемпио­натының биылғы маусым­дағы статистикасына аз-кем тоқталып, көрермендер жайын да сөз еткенбіз. Енді бүгінгі нөмірі­мізде тақырыпты көрер­мен­дерге арнауды жөн көріп отырмыз.

Жанкүйерлерді «12 ойыншы» деп бекер атамаса керек. Өйткені кез келген команданың өз алаңын­дағы ойында жеңіске жетуге мүмкіндігі жоғары бо­лады. Тіпті «Еуро – 2012» іріктеу тур­нирінің аясында өткен Түркия – Қазақ­стан матчынан кейін қазақ фут­болшылары Стамбулдағы жанкүйер­лердің көп­тігі, белсенділігі, 99 минут бойы шулап тұрғаны соншалық — түрік­терге қарсы ойнаудың өте қиын бол­ғанын мойындаған.

Бұл тұрғыда алыс­қа бармай-ақ, өз елімізден де мысал келтіруге болады. Мәсе­лен, биыл Қа­зақ­стан чемпионатындағы көрер­мені ең көп команда атағына лайық Қара­ғандының «Шах­тері» осы маусым­да өз алаңындағы 16 ойын­ның 11-ін жеңіс­пен аяқтаған болса, төртеуінде тең тү­сіп, тек бір ғана ойында жеңіліске ұшы­раған. Ал сырт алаңында кеншілер мұн­дай көрсеткішпен мақтана алмайды. Нақты айтсақ, түзде өткізген 16 ойын­ның жартысын ғана жеңе алса, екі ойында тең түсіп, алты матчта жеңі­ліс­тің кермек дәмін татқан. Міне, ежелден келе жатқан, «Өз алаңыңда қабыр­ға да көмектеседі» деген сөздің астарында жанкүйерлер меңзелсе керек. Жалпы, биыл Қазақстан жанкүйер­лері несімен көзге түсті? Чемпиондар лигасы екінші іріктеу турнирі­нің аясын­дағы «Слован» – «Тобыл» матчын тікелей эфирден көрсетуге уәде етіп, кө­рер­мендерді түннің бір уағына дейін теледидардың алдына телміртіп қой­ғаны үшін қостанайлық футбол жан­күйер­лері «Қазақстан» ұлттық теле-радио корпорациясының басшыларына бағыттап, баспасөз арқылы ашық хат та жазды. Онда жанкүйерлер «Слован» – «Тобыл» матчын көрсетеміз» деген уә­де­лерін орындамағаны үшін кінә­лілерді жазалауды сұрап, матчтың неліктен көрсетілмегеніне түсініктеме талап етті. Көп ұзамай «Қазақстан» ұлт­тық арнасы да жанкүйерлерге жа­уап жазды. Бұл жағдайдан бөлек, «Атырау» футбол клубының жанкүйер­лері де команданың бір мүшесі ретінде өз­дерін жақсы көрсете білді. Нақты айт­сақ, «Егер мен «Атырауда» жұмыс іс­те­сем, командада армян ұлтының өкіл­дері болмайды», – деп мәлім­деп, қор­ғаушы Тигран Карабахцянды ұжым­нан алас­татқан әзірбайжандық Рамиз Ма­ме­довқа тыныш жұмыс істетпегенін әлі ұмыта қоймаған боларсыздар. «Қа­зақ­станда 100-ден астам ұлттың өкіл­дері бір-бірімен тату тұрады. «Аты­рау­ға» да әр ұлттың өкілдері жанкүйер. Сондықтан ұлтына қарап, футбол­шы­ның деңгейіне баға беруіңізді түсіне алмаймыз. Карабахцян алаңда өзін көр­сете алмаса да, сіздің оны ұлтына бола командадан аластатқаныңыз дұрыс емес», – деп, енді ғана қызметіне кіріс­кен Ма­медовты сабасына түсірген де – жанкүйерлер. Тіпті жанкүйер­ле­ріміз Қазақстан футболының деңгейі жайында Елбасымыздың атына дейін хат жазған. Кейбір клубтардың жан­күй­ерлер ұйымдары өзде­рінің жеке сайт­тарын да ашып алған. Демек, елі­мізде жанкүйерлік жұмысы бірте-бірте дамып келе жатқан секілді. Дегенмен әлі де әлсіз деңгейде. Оның үстіне жан­күйер мен көрермен екеуі — екі бөлек ұғым. Ал бізде стадиондарға көрер­мен­дер, өкінішке қарай, өте аз жинала­ты­нына көз жеткізіп жүрміз. Айта кетер жайт, бізде көрермен­дердің стадионға жиналу белсенділігі команданың өнер көрсетуіне байланысты секілді. Мәселен, бірінші айналымда Қарағандыда «Шахтердің» чем­пион атанатынына сенгендер онша көп болған жоқ. Бірінші турдың қоры­тын­дысы бойынша кеншілердің өз алаңын­дағы ойындарға 26 500 адам жиналған (дегенмен бірін­ші айналымда «Шахтер» өз алаңын­дағы ойын­дардың басым бөлігін елор­дамыз­дың «Астана-Арена» стадионында өткізді). Екінші ай­на­лымда 34 000 көрермен жинаған Қа­ра­ғандының «Орталық» стадионы ел бі­рін­шілігінің шешуші ке­зеңінде 47 150 кө­рер­мен жинапты. Ал бұл кезде «Шах­тер» алтыннан үмітті ко­ман­далар­дың бірегейі болатын. Осы­ған байланысты тағы бір мысалды кел­тірейік. Бірінші және екінші айналымда «Тобыл­дың» өз алаңындағы ой­ын­дарға, сәй­кесінше 20 600 және 28 500 көрер­мен жиналған екен. Ал үздік алтылықтың қата­рына ене ал­ма­ғаннан кейін Қос­та­найда тұрғындардың фут­бол­ға деген қызығушылығы күрт төмен­деп, өз ала­ңындағы бес ойынды барлығы 11 мың адам ста­дионнан тамашалапты. Яғни әр матчқа орта есеппен 2200 көрер­мен­нен жиналып от­ыр­ған. Демек, жан­күйер­лердің ста­дион­ға ағылуы коман­даның өнер көр­се­туіне байланысты екеніне тағы бір рет көз жеткіздік. Егер команда керемет ойнаса, онда ста­дионға адам тар­ту үшін арнайы ак­ция­ның да қажеті жоқ. Мә­селен, 19-турда Қарағандының «Шах­тер» ста­дионының әкімшілігі матч­қа кө­рер­мен тарту мақ­сатында бас жүл­деге автокөлік тігіп, арнайы ак­ция ұй­ым­дастырған. Нәти­же­сінде, «Шах­тер» – «Тобыл» матчын та­машалау үшін ста­дионға 13 мың кө­рер­мен жи­налған еді. Бірақ чемпион­дық­тың тағ­ды­рын шешуі тиіс соңғы тур­да футболшыларына демеу беру үшін 19 мыңға жуық көрер­меннің келгенін біле­міз. Сонымен, биыл ел чемпионатын ста­дионнан барлығы 741 100 көрер­мен тамашалаған. Яғни әр матчта орта есеппен 3860 көрерменнен отырған. Өкінішке қарай, былтырғы біріншілікке қарағанда 63 650 көрерменге аз. Дегенмен жекелеген матчтар­ды алар болсақ, көрсеткіш былтырғыға қара­ған­да тәуір екенін байқаймыз. Келер жылы көрсеткіштер бұдан да жақсара­ды деп үміттенеміз. Автор: Әзиз Жұмаділ
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров