Біздің қазақ «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып құйрық жеген озар» дейтін-ді. Бірақ мақалдардың да заман өте өзгеріске түсіп тұратыны бар. Сол секілді доп ойнағанның да тозып емес, озып тұрғаны рас.
11 аяқдопшы бір доптың соңында болса, бүкіл дүние сол 11 аяқдопшының соңында. Дөңгеленген дүниені басқа ойын дәл футболдай экранға байлай алмайды(Бірақ дүние жүзі тек қазақтардан тұратын болса, телерейтингте бірінші орынды футбол емес, түрік сериалдары алар еді.
Енді осы аяқдоп ойындары қайдан шықты, соған шолу жасап көрелік...
Аяқпен ойналған доп ойындарының тарихы ежелгі шумерлерден бастау алатын көрінеді. Мысырдан да табыттың қабырғаларынан аяғымен доп тепкен адам сықпытты суреттер табылған. Тіптен біздің заманымызға дейін 2500 жылдық тарихы бар диамерті 7,5 болатын, теріден және зығырдан жасалған доптардың кейбірі бүгінге жеткен, солардың біразын музейден де кездестіруге болатын көрінеді. Гомердің «Одиссейінде» де доп ойындары туралы айтылады. Орта Азия түріктерінде де қыз бен жігіт аралас команда құрып, допқа қол тигізбей, тек аяқ және баспен ұру арқылы қарсы команданың қақпасына кіргізуді мақсат еткен ойындар ойналғаны деректерде бар. Ішінде Мақмұт Қашқари да бар бірнеше тарихшының кітабында түркілер ойнаған «Тепүк»атты ойын жайлы сөз етілген. Бұл ойынның ережелері қазіргіге өте жақын. Ойынға қолды қатыстыруға тыйым салынған және доп алаңның тысына шықпауға тиіс-тін. Ал қазіргі футболдың негізі Римдік әскерлер арасында ойналған «harpastum» атты ойын көрінеді. Ал Еуропада футболдың тарихы әлі талқыланып келеді. Француздар, италиялықтар және британдықтар мұны меншіктеп алғылары бар. Өз мемкекеттерінен басқа мемлекеттерге тарағанын айтады. Өркениеттің түрлі кезеңдерінде түрлі формамен көрінсе де, фут-ойындардың қазіргісіне ең жақыны ХVII ғасырда Ұлыбританияда туылған деп санайды енді бір зерттеушілер.1848 жылы Ұлыбританияда Кэмбридж университетінде студенттер арасында ойналған ойында әр команда тек 11 кісіден шығара білген. Осыдан бермен қарай футбол 11 кісімен ойналатын көрінеді.