Жарнама
Жарнама

Қайдасыңдар, Қазақтың Буффондары?!

14.07.2012, 11:02
Жарнама
Жарнама

Тырыссақ, қолымыздан келеді. Тырысудың басы – шетелден бапкер алдыру емес. Қазақстандағы футбол менеджментін дамыту. Болмаса, УЕФА-ның ірі турнирлерін теледидардан тамашалағанымыз – тамашалаған. Шетелден он Фергюсон, жүз Моуринью әкелмек тұрмақ, тұтас Бразилияны біздің елге көшіріп әкелсеңіз де, осы ілбіген қалпымыздан жазбаймыз.

Футболдан Еуропа чемпионаты да сырғып өте шықты. Біздің футбол федерациямыз да УЕФА-ға (Еуропа футбол қауымдастығы) мүше болғанмен, біз – қазақстандық футбол жанкүйерлері де, Қазақстан құрамасының футболшылары да - бұл біріншілікті көрермен ретінде теледидардан тамашаладық.

Әзірге бұл әңгіменің айылын жия тұрайық, әуелгі айтпағымыз мынау еді. Қазір, байқап жүрмін, футбол десе, шеке-басы шалбарланып кететіндер көбейіпті. Бірақ, бірден айтайық, түнімен футбол көріп, таңертең жұмысына бара алмай, онысы қайталанып, жұмыстан қуылып, отбасылық жағдайына зарары тиіп жатса, мұндай жауапсыз жанкүйердің жағында емеспіз. Айдалада доп теуіп жатқан жиырма екі жігіттің арқасында Алматыда отырып пайда тапқысы келетін пайызқұмар жатыпішердің де әрекетін қолдамаймыз. Топырлап футбол көріп, ақыры топ-топ болып төбелесумен тынатын тексіздерді де ақтап әуре болмаймыз. Қыз алысып, құда болудан кеткен «Бешикташ» пен «Галатасарай» фанаттарының әсірелігін де үлгі етуге түбегейлі қарсымыз. Аршавин байқұсты көк есекке теріс мінгізіп, күнде сөзбен жерлеп жатқан ресейлік баспасөздің де бар жазбасы құба-құп дегенге келіскіміз және келмейді.

Футбол, ең алдымен – өнер.

Несіп Жүнісбайұлы айтпақшы, «ақылдағыны аяққа түсіріп ойнайтын өнер». Әншінің ғаламат дауысына, күйшінің шебер домбыра қағысына, ақынның ұтқыр сөз қолданысына, зергердің шұқып жасаған әсем бұйымына, режиссер түсірген шедевр фильмге қалай таң қалсам, тура сол сияқты Висенте Дель Боске, Чезаре Пранделли тәрізді сұңғыла бапкерлердің өз ойыншыларының орналасу ретін қарсылас команданы «жеп қоятындай» етіп жасақтаудағы стратегтігіне солай риза боламын. Ұсақ пастармен қарсыластарының басын айналдырып жіберетін Испания құрамасы ойыншыларының шеберлігіне тәнтімін. Криштиану Роналдудың допқа кенеше жабысып алып, әлемнің ең мықты деген қорғаушыларының сілесін қатыратын талантына таңмын.

Футбол – жай ғана ойын.

Сондықтан қорғаныста аса әбжіл қимылдайтын Италия құрамасының ойын мәнерін ұнататындар мен шабуылқұмар Голландияны жақсы көретіндер футболға арналған барда отырып, бірін-бірі көзбен атқанды доғарса дұрыс. Онсыз да қазір адамдардың ұлттық болмыс, мәдени таным, діни сенім жөнінен ерекшеленгенін емес, бір жынысты отбасыларды заңдастыруға қалай қарайтыны, рок-н-ролл мен ар-н-бидің қайсысын тыңдағанды құп көретіні, «Тойота» мен «Мерседестің» қайсысын таңдайтыны жөнінен жік-жікке бөлінгенін қалайтын жаһанданудың жаңа жойқын сатысы – бүкіләлемдік саясат қарқын алып келеді. Бұған қарсы тұрудың орнына, кейбір Еуропа елдеріндегідей, «анау - «Интердің», мен – «Миланның» жанкүйерімін, сондықтан онымен бір дастарханда тамақ ішпеймін» деп желге қарсы шаптырып, біздің елде де футболды жақсы көретіндер мен жақсы көрмейтіндер болып бөлініп жүруімізге өзіміз жол ашып беріп жатқанымыздың несі жөн?

Футбол – патриоттардың ойыны.

Сенбесеңіз, өткен Еуродағы Италия мен Германияның жартылай финалдағы матчын қайталап көріңіз. Джанлуиджи Буффонның көзді тарс жұмып, жан-тәнімен Италияның мемлекеттік әнұранын шырқағаны қандай әсерлі? Сізді қайдам, футболдан Қазақстан құрамасының капитаны әлдебір ірі турнирде біздің әнұранды беріліп орындап тұрса, менің төбем көк тіреуші еді! Немесе 2010 жылғы әлем чемпионатында ебіл-дебіл жылаған Солтүстік Кореялық Чон Тхе Се ше? Аузы алты қарыс Бразилиямен кездесуде осы жігіттер алаңның әр метрі үшін күресті, қақпа алдында жер тістеп жатып алды. Сөйткен азаматтарды елге қайтқан соң Солтүстік Кореяның саяси бюросы әкімшілік жазаға кесті. Сол футболшылардың біразы әлі арба итеріп, көше сыпырып жүр. Жеңілгені үшін, Отан артқан сенімді ақтамағаны үшін өзін сондай жазаға лайықтымын деп есептеген ерден айналып кетпейсің бе? Бар ма, біздің құрамада сондай жігіттер? Бутсыны Италиядан алдырады, ай сайын Анталияда тынығады. Түріктерден талқан боп жеңілгеніне намыстанып, тас бүркеніп жатып қалудың орнына, түнгі клубқа барып тойлайды. «Уэмблиде» бір гол соққанның буымен Жамбыл Көкеев Мәжіліске депутат боп кете жаздап барып, футболшы болып қалды, әйтеуір. 2006 жылғы әлем чемпионы, клубтық турнирлерде алмаған жүлдесі жоқ Андреа Пирлодан бір асып-тасқандық көрдіңіз бе? Кешегі чемпионатта соқалап жүріп құрамасын финалға алып шықты. 33 жастағы миллионерді тоқсан минут бойы тоқтаусыз жүгірткен жүлде – атаққа құмарлық дейсіз бе? Жоқ. Италиясын жақсы көреді! Бітті. «Күңіреніп, күн түбіне жортатын» қайда осындай қазақ жігіттері? Қайда біздің Пирлолар, Буффондар?

Демек, жоғарыдағы тақырыпшада айтылған мемлекеттік шекара дегеннің болғанын қаламайтын жаһандануға төтеп беретін де осы футбол.

Футболдың бизнес екені рас.

Тіпті аталған спорт түрінің ақша айналымы жөнінен мұнай, наркотик, шоу-бизнестен кейінгі төртінші орында тұратынын да жасырмаймыз. Бірақ адал жолмен мал табу – қашаннан қылмысқа теңеліп еді? Миды жұмыс істетпей-ақ, мұнай сауып отырып миллиардер болу кімнің қолынан келмейді? Шын мықты менеджер болсаңыз, жылдық бюджеті анау-мынау елдің жылдық бюджетін орап кететін алпауыт клуб жасақтаңыз: жер-жерден балақайларға арналған алаңқайлар ашыңыз, қалтарыс-қиылыста гоп-стоппен айналысып, жұрттың құйрығынан теуіп жүрген бейбастақтардың спортқа деген қызығушылығын оятыңыз да, доп тебуге үйретіңіз. Аралда, Нарынқолда, Қазығұртта, Арқалықта, Аягөзде, Шетпеде топырақ кешіп жүрген күстабандарды жиып, академиялық білім беріңіз. Әйгілі Лобановскийдің өз шәкірттеріне «алдымен жақсы ойнауды үйрен, сосын ақша саған өзі келеді» деп үйреткені тәрізді, балаларға былғары допты кім үшін, не үшін ұршықша үйіре білу керектігін үйретіңіз. Әлемдік стандартқа сай стадион тұрғызыңыз. Салауатты өмір салтын насихаттайтын басылымыз, телеарнаңыз болса, тіпті артық емес. Осыдан соң темір аяқ, жүн табан қазақ жігіттері зорайып өсіп шықпай ма? Міне, сізге бизнес! «Көптің қамын әуелден Тәңір ойлаған». «Мен сүйгенді сүйді деп Иеңіз сүйіп» жатса, ақшаның ғана емес, сауаптың да астында қаласыз. Ал сауап іс жасау деген көшенің келесі бетіне кемпір өткізіп жіберу ғана деп кім айтты?

Енді айтыңызшы, қалтаңызға сыймай жүрген бес-алты мың долларды бәске қойып, букмекерлік кеңсені байытқанның несі бақыт?

Қазақтың генінде футбол жоқ екен.

Бірақ, бір қызығы, мұны микроскопқа үңілуге бүкіл саналы ғұмырын арнаған ақбас генетиктер емес, тапшанда нән жастыққа шынтақ тіреп жатып футбол қарайтын кәдімгі көрермендер айтып жүр. Сонда бұл не санбалбай? Әлгіндей кейбір көрермендерге салсақ, қазақтар - көкпар тартса, белге шаршы буып, түйе палуан күрестірсе, боксшыларымыз олимпиададан алтын алып қайтса... Нағыз еркектерге лайық спорт түрлерінен қазақтың қалыс қалмағаны жақсы, әрине. Бірақ бабамыз Ораз-Мұхаммед шәйды менсінбеген, тек қымыз ішкен деп Астананың әр подьездіне бие сауып отырған қай бәйбіше бар? Қазақ – көшпелі халық болған деп индустриялды-инновациялық жобаларды теріске шығарсақ па екен? Демек, генде жоқ деген жай сылтау. Әйтпесе, Бату ханның тұлпарының тұмсығы теңізге тірелгенде, футболдан кезекті Еуропа чемпионаты өтіп жатпаған шығар... Тырыссақ, қолымыздан келеді. Тырысудың басы – шетелден бапкер алдыру емес. Қазақстандағы футбол менеджментін дамыту. Болмаса, УЕФА-ның ірі турнирлерін теледидардан тамашалағанымыз – тамашалаған. Шетелден он Фергюсон, жүз Моуринью әкелмек тұрмақ, тұтас Бразилияны біздің елге көшіріп әкелсеңіз де, осы ілбіген қалпымыздан жазбаймыз.

Міндетсінгеннен мін түзелмейді.

Әңгімеміздің әу басына қайта оралсақ. Өткен Еуроға біз қатыса алмадық. Қатыспақ тұрмақ, маңына жуи да алған жоқпыз. Жә, құрамамызды қас қарайғанша бас-көзіне қарамай сынмен осқылай беруге болады. Бірақ жақында Ресей құрамасының қорғаушысы Сергей Игнашевичтің сұхбатын оқыдым да, ойға қалдым. Гректерден жеңілген түні қонақүйдің алдында ресейлік футболшыларды бір топ жанкүйер қоршауға алады. Боқтайды, балағаттайды. Сыраға сылқия тойған біреуі «мен салық төлеп, саған жалақы беріп, сендерді отбасыларыңмен асырап жүрмін» деп қорлайды. Шіріген ауызға назар аудармай-ақ қоюға болар еді. Бірақ «тек жеңе берсек, бәрі сәтімен өріле берсе» деген арман-нәпсі кез-келгеніміздің қиялымызда бар нәрсе. Үнемі ештеңеге көңілі толмай жүретін, өзі ғана ақылгөй, өзі елу теңгенің өзін олжа санайтын, бірақ көлігінің іші атқора сияқты автобус жүргізушісіне жұмысын дұрыс атқармайды деп ренжиміз. Бірақ оның өз жұмысын, мысалы, бізге - журналистерге қарағанда он есе адал атқарып жүргеніне бәс тіге аламын. Яғни, әркім өз жұмысын қанттай етіп қатырып алмай жатып, өзге біреуді жұмысын дұрыс істемейді деп сөгуі – әділетсіздік. Демек,сыраға бөккен орыс топтық турнирден-ақ тоңқалаң асқан өз құрамасына лайық. Біз де дәл солай. Ыбырай Жақаев айтқандай, қойшы – таяғына, диқан – кетпеніне, жазушы – қаламына ықтият болғанда ғана тұтас мемлекеттің атынан жасыл алаңға шыққанын ұғынатын, отансүйгіштіктің эталонына айналған Джиджи Буффон тәрізді футболшыларымыз өсіп шығады. Өз басым осыған сенем.

Ерлан ӘБДІРҰЛЫ.

"Жақсы" порталы

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров