Жарнама
Жарнама

Қайрат Әшірбеков: «Осы жылы «Ордабасы» ойынының шымкенттік жанкүйерлерге ұнары анық»

12.02.2021, 20:28
Әшірбеков осы жылы клубтың жас футболшыларға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Жарнама
Жарнама

«Ордабасының» спорттық директоры Қайрат Әшірбеков жанкүйерлердің шымкенттік клубтың ресми парақшаларында қалдырған ең қызықты сауалдарына жауап берді:

- Неліктен бас бапкер қызметіне Александр Седневті тағайындадыңыздар?

- Біріншіден, мен Александр Сергейұлын білікті маман деп білемін. Оның әрбір адаммен оңай тіл табысып кетеді. Мен оның командадағы жасы үлкен және кіші ойыншылармен қарым-қатынасына қарап, бірден аралары жақсы екенін білемін. Маған оның жас ойыншыларды жаңа деңгейге шығарғысы келетіні ұнайды, бапкер олармен өте көп сөйлесіп, қамқорлықпен қарайды. Олар тура бір әке мен бала секілді. Себебі бапкер жастарымыздың тезірек жетіліп, «Ордабасыға» қазір және болашақта да өз пайдаларын тигізгенін қалайды. Тағы бір маңызды нәрсе, оның шабуылдаушы футболға жақын болуы. Менің ойымша, егер өмірде барлық ойлағанымызды іске асыра алсақ, осы жылы «Ордабасының» ойыны шымкенттік жанкүйерлерге ұнары анық.

- Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында ойыншыларды қаралымнан өткізу қалай жүзеге асуда?

- Бірінші кезекте бас жаттықтырушы қазіргі сәтте оқу-жаттығу жиынында жүрген ойыншылармен жұмыс жасауы керек. Ойыншылардың әлсіз тұстарын анықтап, әсіресе жас ойыншылардың дайындығына қарап, қандай позицияларды күшейту керек екенін анықтауы тиіс. Біз селекциялық жұмысты жыл бойына жүргіземіз және қазір біз жергілікті жастарымызға көбірек көңіл бөлуге тырысамыз. Екінші лигада біздің жасөспірімдер құрамасы бар, олардан біз Түркияға бес ойыншыны алып бардық, ал Бірінші лигада «Оңтүстік» және «Қыран» секілді клубтар бар. Біз жас футболшыларымызға өзін көрсетуге көбірек мүмкіндік бергіміз келеді.

- Мардан Төлебек, Талғат Адырбеков және Ұлар Жақсыбаев жиында неге бой көрсетпеді?

- Өздеріңіз білетіндей, бұл жігіттерде соңғы жылдары ойын тәжірибесі аз болды және өткен маусымның соңында олардың келісім-шарттары аяқталды. Бас бапкер Шымкенттегі алғашқы оқу-жаттығу жиынында олардың дайындығын көріп, екінші жиынға қатыстырмау жайлы шешім қабылдады. Енді олар басқа клубтарға ауысуға құқылы, ол жақта олардың ойын уақыты көбірек болуы әбден мүмкін. Қалай болғанда да, біз оларға ризамыз, олар біздің шымкенттік ойыншылар және өз жұмыстарына адал қарады. Бірақ қазір біз жергілікті жас футболшыларға көбірек көңіл бөліп, оларға мүмкіндік бергіміз келеді. Біз олардың негізгі құрамға енуіне мүмкіндік алуы үшін жол көрсетудеміз деп те айтуға болады, бұл олардың қабілеттеріне деген сенімділіктерін арттырып, өздерінің ең жақсы қасиеттерін көрсетуге көмектеседі.

- Еркебұлан Тұңғышбаев енді «Ордабасыда» ойнай ма?

- Еркебұланға келер болсақ, оның «Қайратпен» тағы бір жылдық келісім-шарты бар, бірақ қазір олар оны трансферге қойып, өздерінің оқу-жаттығу жиындарына шақырмады. Біз оны оқу-жаттығу жиында қарап, оның жағдайына баға беруге келістік. Қазіргі сәтте алматылық клубпен келіссөздер жүргізілуде, егер біз клубқа бұл ойыншының ауысу мәселесін шеше алсақ, Тұңғышбаев команданың ойынын күшейте алады деп ойлаймын. Бұл өте сапалы және ең бастысы біздің жергілікті ойыншымыз.

- Қақпашы командадағы мәселе тудыратын позициялардың бірі деп ойламайсыз ба?

- Біздің қақпашыдардың жағдайы жаман дегенге келіспеймін. Бізде тәжірибелі қақпашы Владимир Плотников, жергілікті жас қақпашы, 3-4 жылда ұлттық құрама намысын асқан сенімділікпен қорғай алатын Қазақстан жастар құрамасының жас қақпашысы Бекхан Шайзада бар. Мен 24 жастағы Игорь Трофимец туралы айтқым келеді, оның жұмысқа деген көзқарасы тек мақтауға лайық. Сонымен қатар, бірінші жыл «Ордабасы» жастар құрамасында болған біздің жас тәрбиеленушіміз Қажымұқан Төлепбергенді де атап өткен жөн, біз оның ересектер футболын сезінуі үшін Бірінші лиганың «Мақтаарал» клубына жалға жібердік. Ал осы жылы ол күшейіп, негізгі командамен бірге жаттығуда. Нәтижесінде бізде төрт қақпашы бар, біз болашаққа оптимизммен және сеніммен қараймыз.

- Біздің чемпионаттың басқа командалары әр маусымда құрамды жартысына жуық, тіпті одан да көп жаңартады. Неге «Ордабасы» осы маусымда іс жүзінде тек бір құраммен ойнайды?

- Мысалы, мен өзім ойыншы болған кезімде жыл сайын тізімнің 80% -дан астамы өзгеріп, өткен маусымнан тек 5-6 адам ғана қалып отырды. Бұл ойыншылар үшін қиын болды, өйткені жаңа серіктестерге қайта үйреніп, алаңда өзара түсіністікке ұмтылу керек болды, бұл уақытты қажет етеді. Менің ойымша, бір команданы жинап, кем дегенде 2-3 жыл сіз оларға бірге ойнауға мүмкіндік беруіңіз керек, сонда олар бір-бірімен қалай қарым-қатынас жасау керектігін білетін болады, олар өздерінің алаңдағы әрекеттерін және басқа да көптеген факторларды жақсы түсінетін болады. Бірақ әрине, командаға жаңа дем беру қажет, алайды оны мақсатты түрде жасау керек, екі-үш жылдан кейін ойынға талдау жасап, командаға бір немесе екі ойыншы қосу маңызды. Назар салып қараңызшы, бірнеше жыл бойы негізгі құрамы өзгеріссіз қалған командалар ең жақсы командалар деп саналады.

- Неліктен «Ордабасы» сапында жергілікті ойыншылар жоқ?

- Бұл қате пікір, команданың 2020-жылғы ойыншылар тізімін қарастырсақ, жиырма бес футболшының оны - Шымкент футболының тәрбиеленушілері болып табылады. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Менің ойымша, биыл да командамыздың сапында біздің жергілікті футболшылар аз емес, тіпті көп деп те айтуға болады. Тағы бір нәрсе - негізгі құрамға немесе матч кезінде қандай ойыншылардың алаңға шығуы. Бұл бас бапкердің құқығы екенін түсінулеріңіз керек. Менің ойымша, ешбір жаттықтырушы өзінің жауы емес, егер негізгі құрамда ойнайтындардан мықты ойыншылар болса, бапкер оларды әдейі қосалқы құрамда ұстамайды. Кеше Екінші лигадағы жастар құрамасында ойнап, бүгін Премьер-лиганың басты командасында ойнау қиын әрине. Бұл өзі сондай сәт, команда бір механизм секілді, оған біртіндеп жас ойыншыларды қосып, үйренісулеріне мүмкіндік беру қажет. Дубль және негізгі құрам - екі түрлі деңгей, әрине жастар ересек футболшылармен жаттығу арқылы өседі. Оларға ең алдымен күшеюге, содан кейін ойынның барлық аспектілерінде мүлдем басқа жылдамдықтарға үйренісуге уақыт қажет. Өкінішке орай, бұл тез нәтиже бермейді, сізге шыдамдылық танытып, көбірек жұмыс істеу керек.

- «Ордабасы» футбол орталығы тиімді жұмыс істеп жатыр ма?

- Орталық өз жемісін беріп жатыр деп ойлаймын. Тек былтыр ғана біз пандемия мен карантиннің кесірінен бақандай бір жылымызды жоғалттық. Біздің ең ерексек тобымыз 2003-жылғылар, мен оларды соңғы екі жыл бойы бақылап келемін, өйткені бұл командамыздың ең жақын резерві және бүгінде екі ойыншы Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында негізгі команданың қарамағында. Ал біздің ең жас топ 2012 жылы туылған балалардан тұрады. Біздің клубта балалар ерте жастан бастап тәрбиеленеді деп айтуға болады. Футбол орталығының командасына келетін болсақ, бізде жас жаттықтырушылар да, UEFA Pro санатындағы жаттықтырушылар да бар. Біздің мамандар оқытудың жаңа әдістерін меңгере дайындалады, ең бастысы, олар жан-тәнімен жұмыс істейді және балаларға мейіріммен қарайды.

- «Ордабасының» Еуропа лигасындағы сәтсіз ойынының себебі неде?

- Мен екінші маусым қатарынан спорттық директор болып жұмыс істеймін, сондықтан осы екі жыл туралы айтып берейін. 2019 жылы біз бірінші турда Кутаисидің «Торпедосынан» өттік, екінші турда бізге Чехиялық өте жақсы клуб «Млада-Болеслав» түсті, айтпақшы, сол маусымнан кейін олар 6-7 ойыншыларын өте жақсы бағаға сатты. Біздің кездесуіміздің алдында мен бұл сапалы әрі берік команда екенін көрдім және бұл бізге оңай болмайтыны анық болды. Сырт алаңдағы алғашқы ойынды жақсы ойнап, 1:1 есебімен тең тарқастық. Бірақ қарымта ойында жігіттер толық стадионды көріп жанып кетті деп ойлаймын. Соңғы 10 жылда мен Шымкентте бірінші рет стадионның толғанын көрдім. Алғашқы 20 минутта сәл алаңдап ойнадық, бірақ жіберіп алған голдан кейін біз жоғалтатын ештеңе жоқ екенін түсініп, өз ойынымызды көрсете бастадық. Екінші таймда біз оларды толығымен жеңдік, бірақ уақыт аз болды. Біз сол ойында өз голдарымызды соққан жоқпыз, бірақ мен әлі де осы матчтарда лайықты өнер көрсеттік деп ойлаймын. Өткен маусымға келетін болсақ, бізге Румынияның «Ботошани» командасы түсті, бірақ мен олардан өтетінімізге сенімді болдым. Киім ауыстыру бөлмесінде мен жігіттеріміздің жанып тұрған көздерін көріп, бұл клубты жеңетінімізге сендім. Ойын көрсеткендей, біз өте жақсы ойнадық. Бірақ бұл бір сұмдық күн болды немесе сәтсіздіктің бір түрі болар, мен тіпті оны қалай түсіндірерімді де білмеймін. Біздің пенальти соқпағанымызды өзіңіз көрдіңіз, бірақ меніңше сол кезде төреші қателесті, ол қарсылас ойыншыға қызыл қағаз көрсетіп, оны алаңнан қууы керек еді деп есептеймін. Пенальти соқпағанның өзінде, біз олардың кемшілікте ойнауын ескере отырып, қысым көрсетер едік. Қаншама мүмкіндік жасалды және соңғы сәтте біз бір метр жерден бос қақпаға гол соға алмадық, доп секіріп кетіп, сәйкесінше бұл біздің ойыншымыздың дәл тебуіне кедергі болды. Менің ойымша, бізге сәттілік мүлдем жетіспеді.

- Клуб автобусын қашан ауыстырасыздар? Ол көлік ескірді ғой.

- Мен бұл туралы қазір айтқым келмеді, бірақ сiзге бірінші болып айтайын. Жаңа автобус қазірдің өзінде Шымкентте, оны жанкүйерлер команданың чемпионат алдындағы таныстырылымында көреді. Маған автобустың дизайны ұнады, ол біздің клубтың түстерінде және рәміздерімізбен жасалған, мұндай көлік біздің жанкүйерлерге де ұнайды деп сенемін.

- Неліктен сіз сирек сұхбат бересіз?

- Шынымды айтсам, мен сұхбат бергенді ұнатпаймын, бірақ мен әрқашан баспасөзбен және жанкүйерлермен байланысқа ашық екенімді атап өткім келеді. Маған бүгінгі қарым-қатынас форматы өте қатты ұнады, жанкүйерлеріміздің сұрақтарына жауап беру қызықты болды және мен командаға бей-жай қарамайтындыңыңыз үшін және бұл туралы шын жүректен алаңдайтыныңыз үшін барлығына алғыс білдіргім келеді!

"Ордабасы" ФК баспасөз қызметі

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров