7 қыркүйек күні кәрі құрлықта футболдан 2014 жылғы Бразилияда өтетін әлем чемпионатына іріктеу ойындары басталды. «C» тобына түскен Қазақстан тұсаукесер ойынын өз алаңында Ирландиямен өткізіп, 2:1 есебімен жеңіліп қалды. Ойыннан кейін ащы жеңілістің себебін білу мақсатында командамыздың капитаны, Ирландия қақпасына соғылған голдың авторы Қайрат Нұрдәулетовті әңгімеге тартқан едік.
– Қайрат, қолда тұрған жеңістен қас-қағым сәтте айырылып қалғандарыңыз жанкүйерлер үшін нокаутқа жіберетін ауыр соққыдан да қатты әсер етті. Жасыратыны жоқ, әлі ес жия алмай отырмыз. Сіздің де өкініштен өзегіңіз өртеніп тұрған шығар...
– Иә, өзім де толық ес жиып үлгерген жоқпын. Тіпті қарсыластар екінші гол соққанда, сенер-сенбесімді білмедім. Себебі, ойын бойы соншалық қарсылық көрсетпеген ирландиялықтар соңғы екі минутта екі доп соғады деп кім ойлаған?! Алайда, «доп домалақ» деген заңдылық тағы өз үстемдігін орнатты. Өкінішті-ақ.
Алғашқы минуттардан бастап қарсыласпен терезесі тең өнер көрсеттік. Ойынның көп бөлігінде біздің басым болғанымыз да жасырын емес. Алайда, есеп біздің пайдамызда емес. Мұндай ойыннан кейін өз-өзіңе келу қиын. Бірақ басқа амал жоқ. Өзімізден де қателіктер кетті.
– Сонда қай жерден қателестіңіздер?
– Екінші таймның соңында сәл босаңсып қалдық. Қорғанысымыз жиі сыр бере бастады. Сол қателігімізді қарсыластарымыз сәтті пайдаланып кетті. Сондай-ақ, жігіттердің ойын соңында шаршаңқырап қалғандарын өздеріңіз де көрдіңіздер. Дәл қазір дөп басып айту қиын. Алдағы уақытта ойынды қайта қарап шығып, қателіктермен жұмыс істейміз.
– Расымен шаршағандарыңыз байқалды. Және бұл бірінші рет емес екенін айта кеткен жөн. Демек, біздің жігіттердің физикалық әлеуеті нашар болғаны ғой...
– Мойындау керек, біз алаңда құр босқа жүгіріп, көп күш жоғалтып аламыз. Соңғы минуттардағы әлсіздігіміздің басты себебі сол. Әйтпесе, біздің жаттығуымыз олардан еш кем емес. Сондай-ақ, біздің біріншіліктегі бәсекелестік Еуропамен салыстыруға келмейтінін ескере кеткен дұрыс болар. Мұның да айтарлықтай әсер ететіні белгілі.
– Ойын барысында Беранек мырза жеңіп тұрып, шабуылшы шығарды. Мұны бапкердің тактикалық қателігі деп санайыз ба?
– Бапкер туралы еш нәрсе айта алмаймын. Дегенмен, ондай кезде қорғанысты күшейткен дұрыс болушы еді. Әрине, бұл пікіріммен мен бапкердің шешіміне қарсылық білідіріп жатқаным жоқ. Егер Сергейді (Гридинді – Е.Қ.) шығарса, оның да бір ойлағаны бар шығар.
– Жалпы, ойынға қандай баға бересіз?
– Үш немесе төрт деген баға қояр едім.
– Беске жетпейтіні белгілі. Тіпті, меніңше, сіз айтып отырған төрттің өзі көптеу сияқты...
– Әркімнің пікірі әртүрлі. Біреу оптимист болса, келесісі, керісінше, пессимист. Бәрінің бірдей көңілінен шығу қиын. Қалай десек те, біз мүлдем жоққа шығаратындай ойын көрсеттік деп ойламаймын.
Осы ретте жанкүйерлерге де өз назымды білдіргім келеді. Кейбір спорт сайттарында олар біз туралы неше түрлі пікір білдіріп жатады. Тіпті кейбірі жеке басыңның намысына тиетіндей ауыр сөздер жазады. Мұның өзі психологиялық қысым. Әрі-беріден соң бұл адамгершілікке жатпайды. Сондықтан жеке маған өкпелі жанкүйерлер болса, пікірлерін тікелей өзіме айтса екен дегім келеді.
– Расымен, жанкүйерлер ғаламтор арқылы қазақ футболын жерден алып, жерге салып жатады. Сол пікірлерді оқып отырып, мүлдем футбол ойнағыңыз келмей кететін кездер болмай ма?
– Дәл футболдан кетемін демесем де, біраз ойланатыным рас. Өйткені қанша жерден көңілге алмайын десең де, өз жанкүйерлеріңнің сөзі жүрекке жақын тиеді. Ал олар жеңіске жеткен кезде ғана қолдау білдіріп, жеңілген сәттерде жығып беріп отырса, бұл кез келген спортшы үшін ауыр соққы.
Біз былтыр Әзірбайжанды жеңген кезде, ғаламтор арқылы жанкүйерлер бізге барлық мақтау сөздерін арнап жатты. Ал ұтылған кезде оның бірі де жоқ. Спортшылардың атынан айтылатын: «Егер жеңілген кезде қолдау білдірмесең, жеңген сәтте қуанбасаң да болады», – деген сөз бар. Себебі, спортшы жеңілген кезде жанкүйер қолдауын екі есе қажет етеді. Ал біздің футболда өкінішке қарай, керісінше. Әрине, мен көпке топырақ шашпаймын. Бірақ сондай жанкүйерлердің болуы мені қынжылтады. Тіпті стадионда жер-жебірімізге жетіп айқайлап отыратындар да бар. Мүмкін бұл ортаға от салып, екі жақты араңдату үшін жасап отырған бәзбіреулердің әрекеті шығар. Десек те, оның бәрі жүйкеге әсер етіп, ойынға кесірі тиетінін айтқым келеді. Біз де деңгейіміздің төмен екенін түсінеміз. Соған қарамастан қолымыздан келгенін жасап бағудамыз. Тіпті, осы ойыннан кейін киім ауыстыратын бөлмеде жігіттердің көбі көз жастарын әрең ұстап отырды. Өйткені жанкүйер сенімінен шығу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Бірақ нәтиже біз күткендей емес.
– ?
– Жалпы бір нәрсеге сын айту үшін оны өз басыңнан өткеріп, толық сезінуің керек деп ойлаймын. Мәселен, мен дәл қазір отырып алып саясатты сынай алмаймын ғой. Керек десеңіз, кейбір нәтижесі төмен спорттарымызға да сын көзбен қарау маған жат. Өйткені мен ол спорт пен саясаттың қыр-сырын толық білмеуім мүмкін. Сондықтан бізге де түсіністікпен қараса деймін.
Тағы бір айта кетер жайт, бірде жолым түсіп ағылшындардың «Манчестер Юнайтед» командасының ойынына арнайы көрермен ретінде қатыстым. Ойын барысында аталған ұжым қарсыластарына 2:0 есебімен жеңіліп жатты. Алайда қолдау білдірген жанкүйерлер қиқуы ойын соңына дейін толастаған жоқ. Ұтылып жатса да ән салып, сүйікті командасымен бірге болды. Сол кезде мен нағыз жанкүйерліктің қандай болатынын сезіндім. Ондай қолдаушылар бізде де бар. Бірақ өте аз. Меніңше, бізде көпшілік стадионға жанкүйер болу үшін емес, жай көрермен ретінде келетін сияқты. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Өйткені Германия, Англия сынды елдермен ойнағанымызда солардың танымал ойыншыларын көру үшін ғана келгендер көп болды. Өз үйінде ойнап жатсаң да, жанкүйерің өзгенің өнеріне қол соғып, сені қаперіне алмаса, жығылғанға жұдырық болары сөзсіз. Бұл ойынға да Робби Кинді көру үшін келгендер бар. Оған жүз пайыз сенімдімін. Сондықтан бізге жанкүйерлік мәдениетке де көңіл білу керек сияқты.
– Ойынға қайта оралсақ. Меніңше, бұл кездесуде ерекше өнерімен көзге түскен футболшы – Хейнрих Шмидтгаль. Бұл оның бундеслигада доп тебетінімен тікелей байланысты екені даусыз. Капитан ретінде тағы қандай ойыншыларды атап өтер едің?
– Негізі Шмидтгальдың одан да жақсы ойнауға мүмкіндігі бар еді. Бірақ бұл ойында бар қырынан көріне алмады. Расымен оның бундеслигада ойнауы біз үшін көп көмек. Тағы осындай 4-5 футболшымыз болса, ойын мүлдем басқа бағытта өрбитін еді. Себебі, олар өз-өздеріне өте сенімді ойнайды. Мүмкін біздің ақсап жатуымызға осы сенімділіктің жетіспеуі себеп шығар.
Жалпы, жігіттердің бәрі қолдан келгенше тырысты. Мынау жақсы, мынау жаман ойнады деп айта алмаймын. Ойынға тыңнан қосылған ойыншылардан басқасының бәрі жақсы ойнады.
– Төреші белгілеген пенальти туралы не айтасың?
– Меніңше, пенальти болған жоқ. Бірақ төрешінің шешімімен келісуге мәжбүрміз. Бұл жағынан Ирландияға сәттілік жолдас болды. Себебі соңғы минуттар болмаса, ойын барысында олар айтарлықтай өткір шабуылдар ұйымдастырған жоқ. Біз басында олардан басқа ойын күтіп едік. Өздері де соны сезіп, ойын соңында бізге келіп, өнерімізге тәнті болғанын айтты. Бұл жерде кейбіреулер мұны ресми жағдайға санап, мән бермеуі мүмкін. Алайда бұған дейін жеңілген сәтте қарсыластарымыздан ешкім бұлай ризашылығын білдірмеген еді.
– Шетелдерде жеңілістің басты себебін тікелей бапкерден іздеп, нәтиже болмаса, оны орнынан алып тастайды. Дегенмен, ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында Беранек мырза Швециядан ұтылған күннің өзінде отставка жөнінде ойланбайтынын айтты. Сіз қалай ойлайсыз?
– Бапкердің жұмысына араласа алмаймын. Егер мен бапкер болып, Швециядан да ұтылып жатсақ, өз еркіммен кетер едім. Себебі де түсінікті.
– Егер бапкер ауысып жатса, Беранектің орнына кім келгенін қалайсыз?
– Қазір шетелден бапкер шақырту сәнге айналды. Алайда өзімізде де білікті бапкерлер өте көп. Олардың бірқатары қазірдің өзінде Ресейде жүр.
Менің ойымша, құрама тізгінін қазақ бапкері ұстауы керек. Себебі қазақ қана жеңіс пен жеңілістің дәмін шынайы сезіне алады деп ойлаймын.
– Пікіріңмен толықтай келісемін. Тіпті құраманы да тек қазақтардан жасақтағанымыз жөн болар...
– Мен де сіздің бұл пікіріңізді қолдаймын. Бірақ ол мәселеге әлі ертерек сияқты. Себебі қазір көзге түсіп, ойынымен дараланып жүрген қазақтар аз. Мысалы, қазір екеуміз тек қазақтардан құрама жасақтап көрейікші. Қақпашы Алмат Бекбаевтан бастайық. Одан кейін Ұлан Қонысбаев, Таңат Нөсербаев, Марат Шахметов, Бауыржан Исламхан, Қайрат Әшірбеков, Нұрбол Жұмасқалиев, Жамбыл Көкеев және мен. Бұл қатарға Бауыржан Жолшиев, Мақсат Байжанов, Дәуренбек Тәжімбетовтерді қосуға болады. Яғни 12 ойыншы. Құрама үшін кем дегенде 15-16 ойыншы керек. Толық команда 23 ойыншыдан тұратыны да белгілі.
Әрине, жас ойыншылар бар. Бірақ олар құрама үшін тым жас. Тәжірибе жетіспейді. Сондай-ақ, аталған ойыншылардың кейбірінің жасы да келіп қалды. Сондықтан тек қазақтарды көру үшін тағы күте тұру керек. Оның үстіне бізде қазақтан мықты орталық қорғаушы жоқ.
– Сіз ше?
– Менен басқа тағы кім бар? Командада жалғыз қорғаушы болмайды ғой.
– Қайрат, шетелден легионерлер шақыртуға қалай қарайсыз?
– Бұл енді футболдың негізгі дәстүрлерінің бірі. Оған ешқандай қарсы емеспін. Алайда шақырған ойыншы бізге үйрететіндей, тәжірибелі, танымал болса деймін. Өкінішке қарай, біз бұл жағынан ақсап жатырмыз. Себебі, қазір бізде жүрген легионерлердің көбі Еуропаның ортаңқол елдерінде өнер көрсеткен, деңгейі өзімізден төмен. Тіпті, кей жағдайларда олар бізден үйреніп жатады.
Мәселен, Ресейдің «Анжи» командасы қатарына Роберто Карлос, Это′О сынды әлемдік жұлдыздарды шақырып, нәтижесінде Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Бізге де осындай тәжірибені қолдану керек. Яғни, қаптап жүрген легионерлерге кеткен ақшаға жаңағыдай белгілі 5-6 ойыншы әкелсе, нәтиже болар еді. Сонда ел арасында футболға деген қызығушылық та арта түседі.
Осыған орай, әр клубқа еліміздегі әлеуеті жоғары компанияларды демеуші қылып тағайындаса да артық етпейді. Бұл әлемде бар тәжірибе. Ал қазір бізде командаларға қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Астана, Алматы сынды қалалар мен бай облыстар болмаса, кейбір өңірлерде футболға қарайтын шама жоқ. Міне, осы мәселеге ерекше назар аудару керек деп есептеймін.
– Шетелде белгілі футболшылар жастар арасында жиі шеберлік сыныптарын өткізіп, яғни өз тәжірибесімен бөлісіп тұрады. Бізде бұл жағы қалай?
– «Астана» комадасында ойнағандықтан, өз командам үшін жауап берейін. Біз қазіргідей құраманың ойындарына кеткен кезде ел біріншілігінде үзіліс болатыны белгілі. Сол кезде клубта қалған ойыншылар шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады.
– Футболдан сәл алыстап, Олимпиададағы жеңісті сәттерімізді тағы бір еске түсіріп өтейікші. Лондондағы өнерімізден қандай әсер алдыңыз?
– Шыны керек, мен жеті алтын аламыз деп ойлаған жоқпын. Тіпті бірінші күннен бастап алтын алғанда, қуаныштан көзге жас алмаған қазақ кем шығар. Жеңісімізге шын жүректен қуандық. Олар біздің елді әлемге тағы бір қырынан танытып келді. Сол үшін толағайларымызға алғыс айтқым келеді. Бұрын біз шетелдерге шыққанда, кейбіреулер Қазақстанды білмей, картадан таба алмай жататын. Мәселен, Германияда сондай оқиғаға куә болдым. Ендігі жерде олар біздің қандай ел екенімізді, қай жерде орналасқанымызды біліп жүретін болды.
– Сіздерге де сондай жеңістер тілейміз. Алдағы уақытта жанкүйерлерді қуантады деп сенеміз. Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Еламан Қоңыров, «Sport».