Қазақстан кубогының қазіргі иегері алматылық «Қайрат» Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында үш жолдастық матч өткізуді жоспарлап отыр.
Бұл туралы алматылық ұжымның баспасөз қызметі мәлім етті. 31 қаңтарда ел чемпионатының қола жүлдегері ресейлік ФНЛ-де өнер көрсететін «Крылья Советовпен» күш сынасады. 2 ақпандағы қарсыласы – УЕФА Еуропа лигасында сәтті ойнап, Ресей Премьер-лигасының төртінші сатысында келе жатқан азулы «Краснодар». Ал соңғы жолдастық кездесуді Владимир Вайсс шәкірттері 6 ақпанда өткізеді. Бұл күні «Қайрат» өз күшін Корея чемпионы «Чонбук Моторске» қарсы кездесуде сынап көрмек.