Ал «Шахтер» мен «Астана» келесі айналымда. Футболдан УЕФА-ның Еуропа лигасының іріктеу турнирінің екінші кезеңі аяқталды. Осы межеге Қазақстанның үш бірдей командасы жеткені белгілі. Бұл жолы «Шахтер» өз алаңында өнер көрсетсе, «Қайрат» Данияға сапар шекті. Ал Кипрде «Астана» Тель-Авивтің «Хапоэль» клубымен күш сынасты.
Балтық жағалауында өткен кездесуде есеп ашылмаған еді. Сол себепті қарымта матчта «Шахтердің» басым-дық танытатынына ешкім күмәнданған жоқ. Қанша дегенмен, былтырғы Еуролига маусымында қарағандылықтар талайларға таңдай қақтырды емес пе? Алайда Клайпеданың «Атлантс» клубының ойыншылары қорғаныста өте сауатты ойнап, бірінші таймда алаң иелерінің еркін ойқастауына мүмкіндік бермеді. Тіптен қауіпті жағдай туындай қалғанның өзінде, Виктор Кумыковтың шәкірттеріне дәлдік жетіспеді. Бір сөзбен айтсақ, «Шахтер» қанша талпынғанымен, үзіліске дейін Мантас Галдикас қорғаған қақпаның кілтін таба алмады.
Ойын өрнегі екінші таймда түбегейлі өзгерді. Төрешінің ысқырығы естілген бетте «Шахтер» бірден шабуылға көшті. Осы шабуылдың нәтижесінде жерлестеріміз бұрыштама добын орындау мүмкіндігіне ие болды. Бұл міндет Андрей Финонченкоға жүктелді. Финонченко көтерген допқа Михрет Топчагич бірінші болып жетті – 1:0. Осы голдан кейін қарағандылықтар еркін қимылдай бастады. 57-минутта Ұлан Қонысбаев нысананы дәл көздеген еді. Төреші оффсайд белгіледі. Алайда Ұлан командаластрымен бірге қарқынын еш бәсеңдетпей, арада төрт минут өткенде екінші голды соқты – 2:0. Ал бәсекенің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Роман Мұртазаев матчтың соңғы нүктесін қойды. Есеп – 3:0.
Өз алаңында Тель-Авивтің «Хапоэль» клубын 3:0 есебімен ойсырата ұтқан «Астана» қарымта матчқа көтеріңкі көңіл-күймен аттанды. Кипрде өткен кездесуде олар барынша салқынқандылық танытып, ойын тізгінін қарсыластарына бермеуге тырысты. Матчтың алғашқы жартысында қос коман-даның да допты торда тулатуға жақсы мүмкіндіктері болды. Жерлестеріміз үш-төрт мәрте қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Екі рет Абзал Бейсебеков пен бір рет Рохер Каньястің тепкен добы нысанадан сәл қисық кетті. Израильдік клубтың ойыншылары арасынан Лукас Саша, Исраэль Заугури және Шоваль Гозлан белсеңді көрінді. Бірақ оларға да дәлдік жетіспеді.
57-минутта Виктор Дмитренко Гиль Вермутқа қарсы дөрекі ойнап, төреші11 метрлік айып добын белгіледі. «Хапоэльдің» жартылай қорғаушысы Саша біздің қақпашы Ненад Эричті оп-оңай алдады – 1:0. Одан әріге Тель-Авив футболшыларының әлі жетпеді. Бұл ойында ұтылғанына қарамастан, «Астана» үшінші айналымға жолдама алды.
Еуропа лигасының алғашқы кезеңін тәп-тәуір өткізген «Қайрат» алысқа шаба алмады. Өз алаңында Данияның «Эсьбергімен» тең ойнаған алматылықтар қарымта кездесуде бір доп айырмашылығымен ұтылып қалды. Жалғыз голдың авторы – Якоб Анкерсен. Ол 38-минутта мергендік танытты. Содан кейінгі уақытта қазақстандықтардың да, даниялықтардың да таблодағы есепті өзгертуге мүмкіндіктері болды. Бірақ олардың бұл әрекетінен еш нәтиже шықпады. Жасыратыны жоқ, бұл матчта «Қайрат» тым сүреңсіз ойнады. Олар бірнеше рет өте жақсы шабуылдар ұйымдастырғанымен,соңғы сәтте соққы бағыттай алмай әлекке түсті. Кей кезде ойыншыларға жылдамдық жетіспесе, кей кезде салқынқандылық таныта алмады. Есеп – 0:1. «Қайрат» үшін биылғы Еуродода аяқталды.
Чемпиондар лигасындағы «Ақтөбенің» қарқыны керемет болды. «Шахтер» мен «Астана» да Еуропа лигасы бәсекелерінде өздерін жақсы қырынан көрсете білді. Осылайша, Қазақстанның үш бірдей командасы дүбірлі доп додасының үшінші кезеңде күш сынасу мүмкіндігіне ие болды. Енді «Ақтөбе» Румынияның «Стяуасымен» кездеседі. «Шахтер» Хорватияның «Хайдугына» қарсы шығады. Ал «Астана» Швецияның АИК клубымен шеберлік байқасады.
Айқын газеті
Біздің серіктес: FONBET