Жарнама
Жарнама

«Қайраттағы» махаббат мейрамы

01.07.2020, 03:36
Алматының «Қайраты» Вагнер Лавпен келісімшартқа отырыпты. Бразилия футболшысының өкілі Эвандру Ферейра әлгі хабарды сүйіншіледі.
Жарнама
Жарнама

Қайрат Боранбаев та 36 жастағы ойыншыны команда құрамына қосып алғанын айтты. Бұл біз білетін Вагнер еді. Вагнер Силва де Соуза 2004 жылы Мәскеудің ЦСКА командасының жейдесін киді. Содан табан аудармай сегіз жыл доп тепті. Ресейдің үш дүркін чемпионы атанды. Тіпті армияшылар сапындағы УЕФА кубогының иегері саналады. ЦСКА-да 158 ойын өткізіп, 79 гол соқты. Қызметі – шабуылшы. Қызуқанды деуге келмейді. Футбол техникасын бір кісідей меңгерген. Сегіз жылдан кейін «Палмейрасқа» ауысты. Одан «Фламенгода» ойнады. Қытай барды. Ресейге қайта келді. Сәл уақыт Францияны саялап, Түркия біріншілігінде доп тепті. Соңғы уақытта «Коринтинаста» өнер көрсетті. 28 матчқа қатысып, бес гол соққан. Ол енді шабуылшы үшін мәз көрсеткіш саналмайды. Коронавирус басталғалы талай команданың басы қатқаны анық. Қаржы жағынан қысылды. Вагнер Лавты қазір кежегесі кейін тартып тұрған ЦСКА үшінші рет қайта шақырған. Бүгін-ертең бұйрық шығып қалар дегенде, Эвандрудың әлгі сөзі естілді. Ресейлік командадан Вагнер Лав делдалдары 300 мыңдай евро сұраған көрінеді. Шабуылшының жалақысы 800 мың евро деген де сөз шықты.

    «Махаббат» аталған ойыншы «Қайратқа» қажет пе? Есім-сойында тұрған ештеңе жоқ. Махаббат деген әкімге де бағынған елміз, ештеңе етпес. Сол Вагнер футболыңды сойқан салып ойнап бере ме? Тур сайын солқылдатып гол соғуға қауқарлы ма? Көрермен баруға болмайтын біріншілікте қазір қымбат ойыншыны алдырудың не қызығы бар? Мейрам қай көшеде екені белгілі. Даңқты ойыншыны шақырып, даңқын шығарғысы келген Боранбаев не мақсат ұстанып отыр? Шабуылшы жартылай қорғаушы көмегіне зәру. Вагнеріңіз допты жетекке ала жөнеліп, кез келген қорғаныс шебін бұзып өтіп кете бермейді. Ол алаңды көре біледі. Дұрыс ашылады. Бірақ соның қимылын бағып, дұрыс пас беретін футболшы бар ма қазіргі «Қайратта»? Баяғы Исаэль Барбоза жоқ. Бауыржан Исламхан да Лавтың лап қоюына мүмкіндік тудырар еді. Вагнердің өзіндік мінезі бар. Арқадан қаққанға шаттана салмайды. Футболдағы мансабы аяқталып келеді. Ақша аямайтын қожайын іздегені анық. Қомақты қаржыны қалтаға басқанда ғана күлкісін түзеп, құжатын түзеп беретіні анық. Ішіп-жемі, жатын орны демейік, жалақысы қанша? Экономикаға пандемия әсер етіп тұрғанда біздің футболға бұл «Махаббат» не береді?

   Сұрақ көп. Қайраттың өз арманы бар. «Қайраттың» чемпион болғанын көргісі келеді. Баяғы Вагнер Лав болса, біз де ептеп қостайтын едік. Ол, шынында да, сойқан шабуылшы еді. Рикадо Карвальо ұсынған допты еркіне көндіріп, еркін гол соғушы еді. Роллан Гусевтің пасынан да шашау шығармайтын. Әрине, мықты футболшының чемпионатта жүргені жақсы ғой. Қазір ше, Латын Америкаңыз коронавирустың жаңа ошағы болып отыр. Бразилия көш бастаушылар қатарында. Футболшыны біздің ел кіргізе ме, өзі? Шекара шартына тола ма, заң не дейді? Әлемнің көптеген елдері Бразилиядан қонақ келгенін қаламайды. Тіпті еріксіз жеткендердің өзін апталап карантинге жабады. Ол жағы тағы бар. Бәлкім, бір мәнісі болар. Не десеңіз де, Қайрекеңе ұнаған Вагнер-Махаббаттың бағы бар.

https://www.zhasalash.kz/article/10710-ertenh-elimizde-futbol-mausymy-qayta-dgalghasady?fbclid=IwAR23GKUcTp8CphvI_L2rfLAlYZEy0e3ChL0gi9r5HAWADHT8WAG2zTii39U

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров