Жарнама
Жарнама

«Қайраттың» қарсыласы «Кишварда» туралы не білуіміз керек?

Венгрияның вице-чемпиондары биыл еурокубокте дебют жасамақшы.
Жарнама
Жарнама

«Қайрат» Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Кишвардамен» күш сынасады. Алматылық клубтың себетінде «Коньяспор» (Түркия), «Зиря» (Әзербайжан), «Арарат-Армения» (Армения), «Кишварда» (Венгрия) және «Влазния» (Албания) командалары болған еді. Нәтижесінде «Тобылға» «Ференцварош» түскендей, «Қайратқа» да Венгрияның командасы қарсылас атанды.

Кишварда - Венгрияның Украинамен шекаралас аумағында орналасқан кішкене қалашық. Халқының саны 17 мыңға жетер-жетпес. Бірақ соған қарамастан бұл мекенде Венгрия чемпионатында өнер көрсететін, еурокубокте бақ сынауға қабілетті футбол клубы бар.

«Кишварда» футбол клубы 1911 жылы құрылған. Бірақ әлдебір қиындыққа тап болса керек, жабылып, 1971 жылы қайта жанданған. Бірақ ол кездегі жетістіктері туралы нақты ақпарат жоқ. Ғаламтор желісінде тек 2012/2013 жылғы маусымнан бергі мәліметтер жарық көрген. Сол маусымда «Кишварда» Үшінші лигаға түсіп қалған. Көп ұзамай Екінші дивизионға көтерілген венгриялық ұжым нәтижелерін біртіндеп жақсарта бастады. 2016 жылы төртінші орын, 2017 жылы үшінші орын, ал 2018 жылы екінші орын алып, Жоғары лигаға жолдама алды. Мұнда да прогресс жасап, төрт жыл ішінде екінші орынға дейін көтерілді. 2021/2022 жылғы маусымда «Ференцварошқа» ғана жол беріп, Венгрия чемпионатының күміс жүлдегері атанды және еурокубокте дебют жасайтын мүмкіндікке ие болды.

2007 жылдан бері «Кишварда» он бес мәрте бапкерін ауыстырған екен. Тек отандық мамандарға сенім артқан венгриялық ұжым 2021 жылы португалиялық Жоао Жанейроға мүмкіндік берген. Бірақ ол жарты жылдан кейін өз орнын Габор Ерошқа босатып берді. Осы бапкердің жетекшілігімен «Кишварда» өткен маусымды екінші орынмен аяқтап, Конференция лигасына жолдама алды. Бірақ 28 маусым күні бас бапкер қызметіне 52 жастағы Ласло Торокты тағайындады. Ол бұған дейін «Хатван», «Кечкемет», «Шентеси» және «Гонвед-2» командаларын жаттықтырған. Ал 42 жастағы Габор Ерош жаттықтырушының көмекшісі болып бекітілді.

Венгрия чемпионаты енді басталатындықтан «Кишварда» Тороктың жетекшілігімен тек жолдастық матчтар өткізді. Хорватиялық «Хайдукпен» (1:1), кипрлік «АЕК Ларнакамен» (1:1) тең ойнап, румыниялық «У Крайова 1948» командасын және австриялық «Адмираны» 2:1 есебімен ұтты. Бірақ 14 шілде күні венгриялық «Дьошдьёри» клубына есе жіберді (3:2).

«Кишварда» венгриялық ойыншыларға аз сенім артатын клуб екен. Команда құрамында 21 легионер бар (72,4%). Ойыншылардың орташа жасы 25,6 құрайды. Клубтың жалпы құны - 8,6 миллион еуро. Ең қымбат ойыншыларының қатарында румыниялық қақпашы Отто Хиндриш (600 мың еуро), босниялық шабуылшы Джасмин Мешанович (600 мың еуро), албаниялық вингер Жасир Асани (550 мың еуро) және хорватиялық қорғаушы Доминик Ковачич (500 мың еуро) бар. 

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров