Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қайсар» футбол клубының алдағы жоспарлары талқыға түсті. Брифингке облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов, облыстық футбол федерациясының вице президенті Болат Көшербаев, «Қайсар» футбол клубының директоры Серік Досманбетов, бас бапкер Сұлтан Әбілдаев және БАҚ өкілдері қатысты. «Қайсардың» ел біріншілігіндегі соңғы ойындардағы нәтижесінен туындаған сауалдарға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов жауап берді.
– Футболдан ел чемпионатының 10 турының қорытындысы бойынша «Қайсар» 1 жеңіс, 3 тең, 6 жеңіліс көрсеткішімен 6 ұпай еншілеп, 13 орында келеді. Әрине, нәтижеге көңіл көншімейді. Бірақ команданың жыл басында жасақталғаны белгілі. Өткен жылғы құрамның 80 пайызы жаңарғандықтан футболшылар енді ғана бір-бірін түсінуде. Яғни адаптация жұмыстары бірте-бірте қалыпқа келуде. Соңғы ойындардағы сәтсіздіктерге байланысты әлеуметтік желіде түрлі алып-қашпа ақпараттардың таралғанын көрдік. Дегенмен бұл ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын жеткіземін. Қазіргі таңда бас бапкер мен футболшылар алдағы ойындарға дайындық жұмыстарын жүргізуде. 14 мамырда «Ақтөбе» командасына қарсы өтетін кездесуге бүгін «Қайсар» футбол клубы соңғы дайындықтарын пысықтап, Ақтөбе қаласына аттанады. Сонымен қатар 18 мамырда «Астана» командасын Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионда қабылдайды. Осы ойынға жанкүйерлерді стадионға кіргізу мәселесі қаралып жатыр, – деді басқарма басшысы.
БАҚ өкілдерінің "бапкерлік құрамда өзгеріс бола ма?" деген сауалына облыстық футбол федерациясының вице президенті Болат Елеуұлы жауап берді.
– Біз бірінші мынаны түсінгеніміз дұрыс. Команда маусым басында жаңадан жасақталды. Былтырғы құрамнан тек Ілияс Әмірсейтов, Кларенс Битанг, Думан Нәрзілдаев қана қалды. Ілияс кешегі күнге дейін жарақат салдарынан ойындарға қатыса алмады. Жанкүйерлердің реніші де орынды. Бірақ команданың енді ғана бір-біріне үйреніп келе жатқанын түсінуіміз керек. Клуб басшылығы мен бапкерлік құрамның барлығы жергілікті мамандар. Барлығының отандық футболда ойып тұрып орын алған жетістігі бар деуімізге болады. Сондықтан барлығына сеніммен қараймыз. Алдағы ойындарда жақсы нәтижеге қол жеткізуіне тілекшімін, – деді Болат Елеуұлы.
Команданың бас бапкері Сұлтан Әбілдаев клубтың алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Біріншілік барысында жергілікті футболшылардың алаңға шығып, тәжірибе жинақтағанын қалаймын. Мақсат Байжанов, Думан Нәрзіладев Елжас Сарбай, Өркен Махан, Елжас Алтынбеков, Абылайхан Төлегенов, Аян Құлмағанбетов, Бекзат Құрманбекұлы, Нұрымжан Салайдын секілді жергілікті футболшылар біздің үмітіміз. Өткен 10 турға анализ жасап, кем-кетігімізді қарастырып жатырмыз. Тактикалық тұрғыдан командада өзгерістер болады. Теориялық, практикалық жаттығуларда жаңа тактикамен жұмыс істеудеміз. Сондай-ақ армениялық футболшымыз Гегам Кадемян туралы көптеген сұрақтар туындауда. Гегам жыл басында ауыр жарақат алды. Жарақат салдарынан жаттығу жұмыстарын толыққанды жүргізе алмады. Қазір денсаулығы жақсарып, қалыпқа келу процесінен өтіп жатыр. Алдағы ойындарда өзін жақсы қырынан көрсетеді деп ойлаймын. Сонымен қатар жазғы трансфер терезесінде командаға көмек көрсететін 2-3 ойыншыны шақыртуымыз мүмкін, – деді бас бапкер Сұлтан Әбілдаев.
"ҚАЙСАР" ФК баспасөз қызметі
Біздің серіктес: FONBET