Жарнама
Жарнама

«Қайсар» таныстырылым рәсімін өткізді

12.03.2014, 19:41
Жарнама
Жарнама
_DSC1379Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы бүгін команданың жаңа маусым алдындағы таныстырылым рәсімін өткізді. Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрында өткен салтанатты шарада команданың жаңа формасы таныстырып, футболшыларға жейделері табысталды. Өткен жылы Қазақстан Бірінші лигасының жеңімпазы атанған «Қайсардың» биылғы мақсаттары асқақ. Премьер-лигаға жолдама алған қызылордалық команданың алдына ел чемпионатының үздік алтылығына ену және Қазақстан кубогын жеңіп алу тапсырмасы тұр. Осы мақсатта облыс басшылығы бас бапкер ретінде елімізге кеңінен танымал Дмитрий Огайды шақырды. Сондай-ақ, жаттықтырушылар алқасында Сұлтан Әбілдаев, Игорь Востриков, Анатолий Бельский, Сергей Кулинич сынды білікті мамандар бар. Премьер-лигаға лайықтап, футболшыларын да күшейтті. Атап айтсақ, өткен маусымдарда керекулік «Ертістің» мақтанышы болған малилік «қара маржан» Мамуту Кулибали биыл «Қайсар» жанкүйерлерін қуантады. Сонымен қатар, сербиялық Милан Яблан, чех Мартин Кляйн, словениялық Матик Марушко сынды легионерлерге иек артуда. Эстония ұлттық құрамасының ойыншылары Сергей Мошников пен Римо Хунт та осында. Македония ұлттық құрамасының шабуылшысы Душан Савичке де үлкен үміт артылып отыр. Өткен жылдары еліміздің өзге командаларында өнер көрсеткен Кирилл Шестаков, Антон Землянухин, Илья Калинин, Сергей Струков сынды саңлақтар да биыл «Қайсар» сапында доп тебеді. Дәстүрінен жаңылмаған Сыр командасында қаракөздеріміз де жеткілікті. Бапкерлер алқасы Жасұлан Молдақараев, Думан Нәрзілдаев, Ахмет Алайдаров, Нұржарық Күнов, Дамир Дәуітов, Алдан Балтаев, Сүйіндік Көшеков, Олжас Алтаев пен Рахымжан Розыбақиев секілді қазақ жігіттеріне зор сенім артып отыр. Жалпы, зал көрерменге толы болған таныстырылым рәсімінде көрермендермен конкурс ұйымдастырылып, жүргізуші қойған «Қайсарға» байланысты сұрақтарға жауап берген жанкүйерлерге клубтың арнайы естелік сыйлықтары табысталды. Ал форма табыстау рәсімінде 12-нөмірлі жейде жанкүйерлердің еншісінде қалды. —     Жанкүйерлер – команданың 12-ші ойыншысы. Сондықтан, өзара ақылдасып, 12-ші нөмірлі жейдені жанкүйерлердің еншісіне қалдыруды жөн көрдік. Яғни, ойыншылардың ішінде ешкім 12-ші нөмірде өнер көрсетпейтін болады. Жаңа маусымның алғашқы турын 15 наурызда өткізетін «Қайсар» Қызылорданың «Локомотив» стадионында Шымкенттің «Ордабасы» клубын қабылдайды. Басталуы сағат – 16:00.   Нұржан Әлібаев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Облыстық футбол федерациясының Президенті: —              Инфрақұрылымды қолға алмай, футболды дамытамыз деу бекер. Кез-келген нәрсенің алдымен іргетасын қалап алуымыз керек. Сондықтан, Қызылорда облысында спорттық кешендерді көптеп салуды жоспарлап отырмыз. Аймақтық футболды дамытудың 2013-2020 жылдар арасындағы бағдарламасын жасағанбыз. Сол бағдарлама аясында биыл 3000 көрерменге арналған спорттық-көрме манежін салу жоспарда бар. Сондай-ақ, алдағы үш жылда Қызылордада 10-15 мың көрерменге арналған заманауи стадион салуды жоспарлап отырмыз. Балалар-жасөспірімдер футболына үлкен көңіл бөлінуде. Яғни, біз болашақ үшін жұмыстар атқарып жатырмыз. Дегенмен, «Қайсар» футбол клубының да алдына үлкен міндеттер жүктелген. Клубтың базасы қайта жөндеу жұмыстарынан өтіп, футболшылардың алаңсыз дайындалуларына бар мүмкіндік жасалған. Енді командаға тек қана сәттіліктер тілейміз! Биыл «Қайсар» жанкүйерлерін әсем ойындарымен қуанта береді деген үміттеміз.     Дмитрий Огай, «Қайсар» футбол клубының бас бапкері: -       Облыс басшылығына рахмет, командаға бар жағдайды жасап жатыр. Енді біз өз кезегімізде жанкүйерлерді жарқын ойындарымызбен қуантуға тырысамыз. Қызылордада жанкүйерлердің футболға деген көңілдері алабөтен екендігі де көрініп тұр. Әрдайым бізді осылай қолдап, стадионда толып отырады деген үміттеміз. Өйткені, жанкүйерлер футболдың негізгі бөлшегі.  
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров