Несiн жасырайық, үмiттен күдiк басым. Осы қызылордалық “Қайсар” футбол клубының көсегесi көгермей-ақ қойды. Жылда бiр қиындық кес-кестейдi де тұрады. Ендi мiне, осы клубтың бапкерлерi мен ойыншылары екi жарым айлық жалақылары мен қосымша төлемақыларын ала алмай жүр.
Ала жаздай өкпесiн түсiрiп доп тепкен ойыншылардың басшылыққа деген өкпесi қара қазандай. Облыстық футбол федерациясы басшылығы мен облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы “жалақыларыңды әне беремiз, мiне беремiзбен-ақ” дiңкелетiп бiтiптi. Болмаған соң, кейбiр футболшылар ҚФФ-ның тәртiптiк бақылау комитетiне арыз жазған. Дауды шешу палатасының шығарған шешiмi бойынша Ренат Абдуллин, Азиз Анарметов, Анатолий Малков, Кирилл Прядкин, Серiк Сағындықов және Руслан Эсатовтардың қаржы мәселелерi бойынша түсiрген шағымдары толығымен қанағаттандырылып, “Қайсар” ФК-на 2012 жылдың 15 желтоқсанына дейiн футболшылармен есептесуiне мүмкiндiк берген.
Бұл шығарылған шешiм клуб тарапынан орындалмаған жағдайда, қызылордалық команда бiрiншi лигаға түсiп қалуы әбден мүмкiн.
Ал ендi 15 желтоқсанға дейiн мәселе шешiле ме? Облыстық футбол федерациясының төрағасы, облыс әкiмiнiң орынбасары Нұрлан Ұранхаев пен облыстың бас спортшысы Садық Мұстафаев Сыр елiнiң жалғыз футбол клубы “Қайсарды” қиындықтан құтқара ала ма, алмай ма? Мыңдаған жанкүйер демiн iшiне тартып, “Қайсардың” тiлеуiн тiлеп отыр. Ал басшылардың әңгiмесi мынау – “жұмыс iстеп жатырмыз, бар мүмкiндiктi қарастырамыз”. Айтқандай, клуб ойыншылары облыс әкiмi Болатбек Қуандықовқа ашық хат жазбақ ниетте. Одан бiрдеңе өне қойса жақсы!
Облыстық туризмдi дамыту, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Бағдат Қаленовтiң айтуынша, клубтың биылғы бюджетiне бөлiнген сома түгесiлген екен. “Күтпеген шығындарға” байланысты. Жаңадан ойыншылар шақыртқан, тағы басқа да шараларға жұмсалыпты. Клуб төрағасының мiндетiн уақытша атқарушы Марат Әлiбековтiң сөзi де осыған саяды. Ал клубтың барлық қарызы қанша теңге? Оны Марат Қазиханұлы жобалап та айта алмады. Клубының қарызын жабу үшiн қанша қаржы керек екендiгiн бiлмесе… Кiм қандай жұмыс жасап жатыр сонда? Бұл жерде бiр шикiлiк бар сияқты.
Қазiргi таңда өзге қаланың футбол клубтары келер маусымға дайындалудың қамын жасауда. Бiз болсақ, “байтал түгiл, бас қайғы” боп жатырмыз. Ал “Қайсарды” өрге сүйреп жүрген бас бапкер Владимир Никитенко мен команда арасындағы келiсiм-шарт мерзiмi аяқталды. Сырбойылық жанкүйерлерге оның “Қайсарда” қызметiн жалғастырғаны керек, Владимирдiң өзi де: “Ұсыныс жасалатын болса, қуана-қуана келiсемiн”, – деп отыр. Қынжылтатыны, тиiстi басшылар бұл турасында ләм-мим дей алмайды. Ақырын күтейiк, не жұмыс бiтер екен.
Нағымжан САУЯЕВ,
Қызылорда облысы «Жас Алаш»