Бүгін өңірлік коммуникациялар алаңында "Қайсар" клубының директоры Серік Досманбетов пен бас бапкер Сұлтан Әбілдаев БАҚ өкілдерімен кездесіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Клуб директоры Серік Құттыбайұлы биылғы маусымдағы команданың жаңалығы мен мақсатына тоқталды.
– "Қайсар" футбол клубы маусымға дайындықты өзге командаларға қарағанда ерте бастады. Желтоқсан айының 17-29 аралығында бірінші оқу-жаттығу жиыны өтсе, қаңтар айының 5-22 аралығында екінші жиынды ұйымдастырдық. Аталған жиындарда тек жергілікті футболшылардың әлеуетін тексердік. Енді бізді үлкен мақсаттар күтіп тұр. Алдымен Түркияда команданы толық жасақтап, наурыз айында біріншілікке қатысамыз. Команданың алға қойған межесі алғашқы жетіліктен төмен болмау, – деді клуб басшысы.
Сондай-ақ жаңа маусымда "Қайсар" футбол клубының басты мақсаты Қазақстан кубогінде жоғары нәтижеге қол жеткізу екені анықталды.
– Өздеріңізге белгілі биыл Қазақстан кәсіпқой лигасы ел кубогіне жаңа өзгерістер енгізіп, сыйақы тағайындап жатыр. Бұл бәсекеде неге үш дүркін жеңімпаз болмасқа. Біз әрдайым сапалы ойын көрсетуге ұмтылуымыз тиіс, – деді Серік Құттыбайұлы.
"Қайсар" ел чемпионатында жергілікті футболшыларға көңіл бөлмек. Қазіргі таңда 12 футболшы Түркияға оқу-жаттығу жиынына аттанды. Құрамдағы жаңалықтарға бас бапкер Сұлтан Әбілдаев аз-кем тоқталды.
– Өткен екі жиында жергілікті футболшыларға іріктеу жүргіздік. Өздерін жақсы көрсеткен 12 футболшыны таңдап алдық. Команда 80 пайызға жаңарғандықтан бізді біршама жұмыстар күтіп тұр. Түркияда тәжірибе жинақтау барысында кем дегенде 5 командамен жолдастық кездесу ұйымдастырамыз. Қарсыластар Македония, Ресей, Украина елдерінің командалары болады деп күтілуде. Сондай-ақ өткен маусымда өнер көрсеткен Кларенс Битанг, Элгуджа Лобжанидзе, Элвин Фортес секілді футболшылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер келіссөздер оңтайлы шешілсе, жаңа маусымда аталған футболшылар команда құрамын толықтырады, – деді бас бапкер.
"ҚАЙСАР" ФК баспасөз қызметі
Біздің серіктес: FONBET