«Қайсар» биыл бірінші топта доп тепті. Премьер-лигаға берілетін жолдаманың біріне ие болды. Жергілікті жанкүйерлер қуанышы ерекше. Осыған орай Сыр өңірінде қызықты шаралар өтті. Алдымен көпшілік орталық стадионға ағылды. Онда жолдастық кездесу болды. Алаңға «Қайсар» мен «Қайрат» ардагерлері шықты. Алматылық ұжым сапында Сейілда Байшақов пен Михаил Гурман секілді көпшілікке танымал ардагер-ойыншылар бар. «Қайсардың» жейдесін Әбіл Қалымбетов, Акмаль Холматов, Телеухан Тұрмағанбетов секілді ардагерлер киді. Достық рәуіштегі кездесу тепе-тең тамамдалды. Есеп 5:5. Сол күні Қызылорда қалалық мәдениет үйінде «Қайсар» командасын марапаттау рәсімі болып өтті. Қазақстан футбол федерациясының басшылары биыл «Қайсардың» намысын қорғаған жігіттерге кіші күміс медальды тарту етті. Осы шарада М.Гурман үлкен футболға алғаш Сыр жерінде қадам басқанын тілге тиек етті. Аты аңызға айналған ардагер Тимур Сегізбаев та өз сөзінде бапкерлік қызметін Қызылордадан бастағанын әңгімелеп берді. Тимур СЕГІЗБАЕВ, қазақ футболының ардагері: – Бұл 70-жылдардың басы еді. Мені сол кездегі облыс басшысы Хасан Бектұрғанов шақыртты. Әңгіме барысында жергілікті командаға бапкерлікке келуімді сұрады. Ол уақытта клуб «Автомобилист» деп аталатын. Турнир кестесіндегі жағдайы жақсы емес еді. 16-орында келеді екен. Қызметке ерекше ынта-жігермен кірістім. Маусым соңында 6-орын алдық. Осы бір оқиғаны жиі еске алып отырамын.
Біздің серіктес: FONBET