Бұл сапарға бас жаттықтырушы Виктор Кумыков 14 футболшы ғана апарды. Иек астында Қазақстан кубогының финалы тұрғанда, басқа не істей алар? Сергей Хижниченко, Андрей Финонченко, Алдин Джидич, Александр Мокин, Гедиминас Вичюс, Александр Порываев – сіздер бұл ойыншыларды кеншілердің негізгі құрамынан жиі көрген боларсыздар. Олардың бәрі елде қалды. Бапкер аузымен айтылған себеп – аздаған жарақаттарын емдеді. Бірақ негізгі себеп тым терең.
«Шахтер» еурокубоктың дәмін мықтап татты. Қазақстан жағдайында үш кеменің басын ұстасаң, суға ғана емес, су түбіне – құрдымға кетуің мүмкін екенін де түсінді. Сөйтіп, әуелі Қазақстан чемпионатын құрбандыққа шалды. Жоғарыда аталған 6 ойыншы, оларға қоса Хенао Рохер Каньяс, Никола Василевич және Мақсат Байжанов биылғы ІІ айналымда «Шахтер» сапында көп ойнаған жоқ. Сөйтіп, қола жүлдеден үмітін үзді. Еуроккубокқа апаратын бір жол осылай кесілді. Екінші тура жол – Қазақстан кубогы еді. Қарағандылықтар «Биік», «Қайрат», «Астана», «Ертіс» командаларының «жонынан таспа тіліп», финалға шықты. Ең жаманы, финал 10 қарашаға белгіленіпті. 7 қарашада АЗ-мен ойынға ылғи ізбасарлар мен негізгі құрамның есігін қағып жүрген футболшыларды жібергеннен басқа не амал бар? Осылайша, бес елі терін ағызып жүріп жеткен еурокубоктың топтық турнирі екінші болып құрбандыққа шалынды. Егер «Қазақстан үшін алға!» деген ұранмен Алкмаар қаласына аты аталған 6 оғланды алып барса, тең ойынға болса да қол жетіп қалар ма еді... Бірақ онда «Шахтер» еурокубоктар көктеміне шыға алмас та еді, 10 қарашадағы ел кубогының финалына дайындалып та үлгермес еді. Қарағандылықтар «қайда барса Қорқыттың көрі» шығып тұрды алдынан. АЗ-мен негізгі құрам ойнап келген күннің өзінде, олар кубоктың финалына дайын болмайтыны белгілі. Кемі 8 сағат ұшып, әуежайда рейс күтіп, шаршап-шалдығып келген команда финалдағы қарсыласы «Таразға» оңай жем болмас па? Сондықтан да Кумыков «Шахтерді» қақ жарды. «Өгіз» (еурокубок) өлді, «арба» (ел кубогының финалы) сынған жоқ. Қазақстан футбол федерациясының және Кәсіпқой футбол лигасының басшысы болсам, отырып алып адамша ойланар едім. Ел чемпионаты аяқталды. «Шахтер» Еуропа лигасындағы ендігі ойынды 28 қарашада бір-ақ өткізеді. Демек, 10 қарашадан кейін 18 күн бойы бос. Сонда кубоктың финалын неге 16 қараша, сенбі күні өткізіп жібермеске?! Неге ылғи «Шахтер» өз мүдделерін бірінен кейін бірін құрбан етуге тиіс? Айтып-айтпай не керек, «Шахтер» АЗ-дан ұтылып қайтты. Енді топтық турнирден шығу үшін алдағы екі кездесуде (ПАОК-пен және «Маккабимен») жеңіске жетіп қана қоймай, ПАОК-тың шалынуын күтуі керек. «Мысықтілеу» болуға тиіс, қысқасы. Көрген күніміз осы. «Шахтер» еурокубоктың тәтті болатынын білді. Сондықтан да «Таразды» жеңуге тырысады. Әйтпесе, Еуропадағы додалар көзден бұл-бұл ұшты дей беріңіз. Автор: Есей ЖЕҢІСҰЛЫБіздің серіктес: FONBET