Жарнама
Жарнама

Қақпаның "құлпы" болған Құралбек-аға

20.11.2012, 23:41
Жарнама
Жарнама

Бірде КСРО құрамасы және атақты киевтік «Динамоның» шабуылшысы, «Алтын доп» иегері КСРО чемпионатында 211 гол соққан Олег Блохин Құралбек қақпашы туралы «Менің «Спартак», «Торпедо» және тағы басқа командаларға соққан добым есімде. Бірақ, «Қайратқа» қай кезде гол соққанымды есіме түсіре алмай тұрмын. Қазақ командасының қақпашысы Ордабаев мықты болды, әсіресе ол пенальти қайтарудың «құдайы» еді».

ӘР ЕЛДІҢ ӘР КЕЗЕҢДЕ БЕТКЕ ҰСТАР ФУТБОЛШЫСЫ БОЛАТЫНЫ БЕЛГІЛІ. ПЕЛЕ, МАРАДОНА, ПЛАТИНИ, ЯШИН СЕКІЛДІ АЛЫПТАРДЫҢ  ХХ ҒАСЫРДА ДАҢҚЫ ШЫҚСА, МЕССИ, РОНАЛДУ, КАКА, ХАВИ, ИНЬЕСТА СЫНДЫ ФУТБОЛШЫЛАР ҚАЗІРГІ КЕЗДЕ КӨПТЕГЕН ЖАНКҮЙЕРДІҢ КУМИРІНЕ АЙНАЛЫП ҮЛГЕРДІ. ФУТБОЛЫМЫЗ СОНШАЛЫҚТЫ ДАМЫМАҒАНЫМЕН, БІЗДІҢ НҰРДӘУЛЕТОВ, СМАҚОВ, ЖҰМАСҚАЛИЕВ, НӨСЕРБАЕВ СЫНДЫ ШЕБЕРЛЕРІМІЗ КӨПТЕГЕН ЖАНКҮЙЕРГЕ ҚОЛТАҢБА БЕРІП, ЕЛ СҮЙІКТІСІ АТАНЫП ҮЛГЕРДІ. ӘРИНЕ, БҰЛАР БҮГІНГІНІҢ ДАҢҚТЫЛАРЫ. АЛ, ХХ ҒАСЫРДА ЖАНКҮЙЕРДІҢ КӨКЕЙІНДЕ БАЙШАҚОВ, ОРДАБАЕВ, БЕРДІБАЕВ, ПЕХЛЕВАНИДИ СЫНДЫ ОЙЫНШЫЛАР ЕСТЕ ҚАЛҒАНЫ БЕЛГІЛІ Кезінде Пеледен журналистер «Арманыңыз бар ма?» деп сұрағанда, ол: «Лев Яшинге гол соқсам – бүкіл арманымның орындалғаны» деген екен. Тіпті, өткен ғасырдың 60-жылдары Еуропа футболшылары арасында «Яшин қорғаған қақпаның кілтін тапқан шабуылшының еш уайымсыз «зейнеткерлікке» шыға беруіне болады» деген әзіл де шығыпты. Дәл қазір ФИФА футболдан әлем біріншілігінің финалында өнер көрсеткен ең үздік қақпашыға берілетін «Яшин» сыйлығы да Лев Ивановичтің құрметіне ұйымдастырылады.  Иә, футбол королі Пеленің арманын жүзеге асырмаған Лев Яшин орыстардың маңдайына біткен қақпашы екені сөзсіз. Ал, қазақтың Құралбегі әлемді демесек те, Одақ жанкүйерлерін мойындатқан-ды. «Қайрат» қақпасын 12 жыл (1971-1982) бойы қорғаған Ордабаев Одақ көлеміндегі талай «менмін» деген мергендердің мысын басқан. Әсіресе, 11 метрлік айып добын қақпаға дарытпаудан одан асқан қақпашы жоқ-ты. Бір футбол маусымында (1973 жылы) 16 пенальтиді (!) қайтарған да сол Құралбек болатын. Осыдан кейін оны КСРО чемпионатында «пенальти қайтарудың хас шебері» деп атап кеткен-ді. Кезінде «Қайраттың» мәскеулік «Спартак» пен киевтік «Динамо» клубтарын тәубесіне түсіргенін ағаларымыз аңыз қылып айтады әлі күнге дейін. Қазақ футболының шежіресін парақтасақ, Құралбек Ордабаев «Қайрат» қақпасын 185 рет қорғаған екен. Ол 1971 жылы – «Қайратқа» алғаш келген жылы-ақ Халықаралық теміржолшылар одағының кубогын жеңіп алған. Сол бір қайта оралмас кезең туралы Құралбек Ордабаев төмендегіше сыр шертеді: «Бұл бір керемет кезең болды ғой. Алғашқы ойында Чехословакияның «Локомотив» командасын өз алаңымызда 4:1, сыртта 1:0 есебімен жеңдік. Екі ойында да менің әріптесім Виктор Шведков қақпада тамаша тұрды. Келесі айналымда Болгарияның «Славия» командасынан 1:3 есебімен жеңіліс тапқаннан кейін, бапкерлер қарымта кездесуде қақпаға мені қою дұрыс деп шешіпті. Менің үлкен футболдағы карьерам осыдан басталды. Қарымта кездесуде біз қарсыласымызды 3:0 есебімен жеңдік. Қателеспесем, Евгений Пиуновский, Юрий Севидов, Владислав Маркин бір-бір голдан соқты. Келесі финалдық кездесу тіпті қиынға түсті. Қарсыласымыз анау-мынау емес, Румынияның азулы «Рапид» командасы еді. Кездесу басталмай жатып, көптеген футбол мамандары жеңісті алдын ала румындықтардың қолына ұстатып қойған-ды. Өйтпегенде ше, «Қайрат» ол кезде ешкімге беймәлім команда-тұғын. Алайда, біз намысқа тырысып, сыртта 1:1 есебімен тең ойнап, Алматыда 1:0 есебімен басым түстік. Осы тарихи жеңістен кейін, жанкүйерлердің қуанышында шек болған жоқ». Бала Құралбектің қақпашылыққа ден қоюы да қызық. Өзімен бірге доп қуған балалардан жасы кіші болмағанда, ол мүмкін қолғап кимес те еді. Команданың ең кенжесі Құралбекті үлкендер жағы алдап-сулап қақпаға тұрғызып қояды екен. Осылайша, ол Шымкент қаласындағы №26 Жамбыл атындағы орта мектептiң негізгі қақпашысына айналды. Мектепаралық турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көріне бастайды. Оның өнерін шымкенттiк «Металлург» футбол клубының бас бапкерi Виктор Плясунов сырттай бақылап жүріпті. Онжылдықты бiтiрерде Плясунов Құралбекті өз командасына шақырады. Бапкердің көмегiмен ол бас-аяғы бiр-екi жылда нағыз қақпашы болып қалыптасты. Айтпақшы, Құралбектің «Қайрат» құрамында ойнауына әкесі Досжанның айтқан бір ауыз кесімді сөзі әсер етіпті. – 1968 жылы, яғни 18 жасымда «Металлург» командасының қосалқы құрамына қабылдандым. Негізгі команданың сапына өту үшін менің екі-үш жыл уақытым кетті. Ал команданың негізгі қақпашысы болу үшін тұп-тура бір жылымды сарп еттім. 1970 жылы қараша айында маған өзбекстандық «Пахтакор» футбол клубы «құда түстi». Осыны естiген «қайраттықтар» iле-шала менi өз сапына алғысы келiптi. Сөйтiп, 1971 жылы алматылық даңқты команданың сапына ауыстым. Шынымды айтсам, алғашында «Пахтакорға» барғым келген еді. Өйткені, Ташкент елге жақын еді. Бiрақ әкем көнбедi. «Қазақтың баласы өзбек командасында ойнамайды», – деп шорт кесті. Міне, содан кейін таразының басы «Қайратқа» ауып түсті, – дейді пайғамбар жасына келген Құралбек Ордабаев. Халықаралық теміржолшылар одағының кубогын жеңіп алудың арқасында Құралбек есімді қазақ қақпашысын Қазақ жұрты ғана емес, бүкіл Одақ тани бастады. Сондай-ақ, «Қайрат» командасының барлық ойыншылары КСРО-ның «спорт шебері» деген атаққа қол жеткізді. Бірде КСРО құрамасы және атақты киевтік «Динамоның» шабуылшысы, «Алтын доп» иегері КСРО чемпионатында 211 гол соққан Олег Блохин Құралбек қақпашы туралы былай деген еді: «Менің «Спартак», «Торпедо» және тағы басқа командаларға соққан добым есімде. Бірақ, «Қайратқа» қай кезде гол соққанымды есіме түсіре алмай тұрмын. Қазақ командасының қақпашысы Ордабаев мықты болды, әсіресе ол пенальти қайтарудың «құдайы» еді». Атақты Олег Блохин Құралбек қақпашы туралы әңгіменің бір парасын осылай қайырса, басқасына не дейсің! Олег Блохиннің пікірі бұл, Ордабаевтың мықтылығын мойындаған. Құралбек Ордабаевпен бірге ойнаған футболшылар да оның пенальтиден бөлек, ойын кезінде «тоғыздыққа» көзделген доп-ты қалай қағып жіберетінін тамсана айтады. Бір кездері «Қайратта» Құралбекпен бірге доп тепкен, қазіргі таңда еліміздегі футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов мынадай қызықты оқиғаны еске түсіреді: «Одақ біріншілігінде тең түскен екі команда жеңімпазды пенальтиден анықтайтыны жанкүйерлердің есінде болар. Сондай сәттерде Ордабаев өз шеберлігінің арқасында көбіне командасына жеңіс сыйлайтын. Тіпті, қарсыластарымызбен тең түскенде, Құралбекке сеніп, алдын ала жеңіске жететінімізді біліп отыратынбыз». Құралбек қақпашы алаңмен қоштасқаннан кейін алысқа кеткен жоқ, футболдың төңірегінде жүр. «Қайрат» командасының вице-президенті, кейіннен команданың президенті болды. Ол бір кездері Қазақстанның футбол қауымдастығының тізгініне ие болғаны бар. Бірақ, отандық футболды өркендетуден гөрі өз қалтасының қамын көбірек ойлаған футбол функционерлері Ордабаевты футбол төңірегінен көргісі келген жоқ-ты. Ақыры білікті басшы бірнеше жылдай жұмыссыз қалды.«Қауымдастықты басқарып жүрген кезде түрлі сылтаулармен тексерулер көбейіп кетті. Ең соңында қаржы мәселесін де қозғады. Түк таппады. Тіпті, газет-журналдар да мен туралы теріс мақалалар жаза бастады. Футбол қауымдастығы президенттігіне менімен бірге Хаби Иманбаев үміткер болатын. Дауысқа салған кезде мен көпшіліктің дауысымен қайта сайландым. Бірақ, бірнеше күннен кейін, қайта конференция өтіп, бірауыздан ешкімге белгісіз Рахат Әлиев сайланды. Сол оқиға әлі есімнен кетпейді. Ойын кезінде қаншама рет жарақат алсам да, дәрігерге, командадағы әріптестерімнің көмегіне сенетінмін. Ал рухани жарақат алу деген оңай емес екен. Сол кезде досым деп жүргендер менен теріс айналды. Бұл оқиға маған сабақ болды», – дейді даңқты қақпашы. Қазіргі таңда білікті басшыға айнала білген Ордабаев сол кезде де, осы шақта да өз қалтасын қомпайтқаннан гөрі кәсібіне деген адалдықты асқақ ұстады. Ол бүгінде: «Мені қай жағынан болсын, шалып жығуға тырысты. Бірақ, мен сүрінбедім. Барлығын Құдай өзі реттейді ғой», – дейді. Жұмыссыз жүрген Құралбек Ордабаевқа 2002 жылы «Қайраттың» ардагерлері 1992 жылдан бері чемпиондық тәжді иемдебеген «Қайрат» командасының рухын көтеру үшін  аттай қалап, командаға басшылық жасауға қолқа салған. Міне, сол кезден бастап «Қайрат» жаңа басшының арқасында жаңа биіктерге сатылап өрмелей бастады. Президент Ордабаев басшылық жасаған 3 жылдың бедерінде команда өз тарихында екінші рет Қазақстан чемпионы атанды. Ел кубогын еншіледі. Араға бір жыл салып, ел бірінішілігінің қола жүлдегері атанды. Ал Чемпиондар лигасында «Артмедиа» командасын Алматыда 2:0 есебімен тізерлеткені әлі күнге дейін жанкүйерлер есінде болар. Келесі кезеңге өткен сол «Артмедиа» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне дейін жетіп, үшін орынды иемденді. Соның арқасында УЕФА кубогында бақ сынады. Міне, сондай командадан басым түскен «Қайраттың» басшысына неге таңдай қақпасқа?! Қазіргі таңда Ордабаевтың футбол басшыларына айтар базынасы бар. Тыңдап көрелік: «Қазақстан футбол федерациясы «2016 жылы Еуропа чемпионатының ақтық додасына қатысамыз» деп жоспарлап отыр. Енді жоспар жасауға қағаз беті шыдайды ғой, оны қағаз көтереді. Бірақ соны іс жүзінде жүзеге асыру керек. Бірақ менің осыған күмәнім бар. Біздің осындай дүбірлі додалардың көрігін қыздырар кезіміз одан да сәл әріректе сияқты». Ордабаевтың айтқан сөзінде шындық бар. «Еуро-2012» іріктеу кезеңінде соңынан санағанда бірінші орын алған ұлттық құрамамыз араға 4 жыл салып, топ жаруы шындыққа жанаспайтынын бесіктегі бала да білсе керек. Сол олқылықты толтыру үшін Құралбек Ордабаевтың бірнеше ұсыныстары да бар көрінеді. «Ұлттық құрама ойынының сүреңсiз болуының себебi, бiздiң ішкі чемпионаттың нашарлығы, яғни сапасының төмендiгi. Көршiмiз Өзбекстан қазiр бiзден әлдеқайда алда. Ресей мен Украинаны айтпай-ақ қоялық. Қазiргi ел чемпионаты облыс әкiмдерiнiң қолдау-қуаттауына байланысты дамиды. Әкiмi жақсы өңiрлердiң командалары оң нәтижелерге қол жеткiзiп отырғанын байқау қиын емес. Жақсы ойнайды, себебi ақша бередi. Одан кейiн клуб тек өз жағдайын ойлайды. Қосалқы құрамдағы өсiп келе жатқан жастарға көбінесе мән берiлмейдi. Шетелден шақыртылған ортанқол бапкерлер сол облыстың резервiне көз қырын да салмайды. Өйткенi, әкiмге нәтиже керек. Ұлттық команданы көтеруiмiз үшiн жастарға аса мән беруiмiз қажет. Дәл осылай кете берсек, қазақ футболы оңалмайды», – дейді даңқты қақпашы. Сонымен қатар, Құралбек Досжанұлы Кеңес үкiметiндегi жүйенi қолданысқа енгізу керек екенін айтады. Яғни, әр облыстан спорт мектеп-интернаттарын көптеп ашып, оларға қадағалауды күшейтiп, жарыстарды жиi өткiзiп отыру керек дейді. Сонда ғана осы жiберiлген олқылықтардың орнын толтыруға болатын көрінеді. Бүгінде Алматыдағы №4 олимпиадалық резерв спорт мектебінің директоры, бапкер Ордабаев қақпашы Ордабаевтың рекордына өзгеріс енгізетін оғыландарды тәрбиелеп жүр. Алайда, қазақ футболының қазіргі деңгейіне байланысты әйгілі қақпашының тағы да өз көзқарасы бар. «Төл чемпионатымыздың деңгейі өспеуіне ел біріншілігіне жылда эксперимент жасап отырғанымыз кері әсерін тигізуде. Бір жобаны таңдап алып, бір жүйені қолданып, соны жетілдіре түскен абзал. Бір жыл премьер-лигада 16 команда ойнаса, келесі жылы 14 команда алаңға шығады. Өткен жылы 12 команда өнер көрсетті. Биыл қайта 14 команда. Бұлай жасауға болмайды ғой. Оның үстіне футбол басшылары келер жылдан бастап біздің премьер-лига жазы салқын, қысы жұмсақ болатын Еуропадағыдай күз және көктем ережесі бойынша футбол ойнаймыз деп айды аспанға шығарды. Бұл деген күлкілі. Ресей қазір дәл осылай ойнап жүргендеріне қатты өкініп жүр. Өйткені қазіргі ауа-райының өзі кейбір қалаларында -20 градус. Мұндай суық күнде футболшыларды ойнатып, ауру қыламыз ғой. Енді міне, жақында бұл шешімді футбол басшылары қайтып алып тастапты. Яғни, келер жылдан бастап, чемпионатымыз бұрынғысынша ойнайтын болады. Қазіргі таңда футбол федерациясының түк те дәрежесі қалмады. Шығарған шешімдерін қайта-қайта өзгертіп, өздері қарсы болып жатады». Теңбіл доптың сиқырын бүге-шігесіне дейін білетін қақпашының «тоғыздыққа» дәл тигізіп отырғанына күмәніміз жоқ. Ордабаев біліп айтады. Дегенмен алдағы уақытта қазақ футболы өз биігін алатынына сенім мықты. Өйткені, кейінгі ұрпаққа өнеге болар атақты Құралбек Ордабаевтай қақпашысы бар халықтың өрендері осал болмауы тиіс!   Алмас МАНАП, "Sport" газеті
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров