Кезінде Пеледен журналистер «арманыңыз бар ма?» деп сұрағанда, ол: «Лев Яшинге гол соқсам – бүкіл арманымның орындалғаны» деген екен. Тіпті, өткен ғасырдың 60-жылдары Еуропа футболшылары арасында «Яшин қорғаған қақпаның кілтін тапқан шабуылшының еш уайымсыз «зейнеткерлікке» шыға беруіне болады» деген әзіл де шығыпты. Иә, футбол королі Пеленің арманын жүзеге асырмаған Лев Яшин орыстардың маңдайына біткен қақпашы екені сөзсіз.
Ал қазақтың Құралбегі де әлемді демесек те, Одақ жанкүйерлерін мойындатқан-ды. «Қайрат» қақпасын 12 жыл(1971-1982) бойы қорғаған Ордабаев Одақ көлеміндегі талай «менмін» деген мергендердің мысын басқан. Әсіресе, 11 метрлік айып добын қақпаға дарытпаудан одан асқан қақпашы жоқ-ты. Бір футбол маусымында (1973 жылы) 16 пенальтиді (!) қайтарған да сол Құралбек болатын. Осыдан кейін оны КСРО чемпионатында «пенальти қайтарудың хас шебері» деп атап кеткен-ді. Кезінде «Қайраттың» мәскеулік «Спартак» пен киевтік «Динамо» клубтарын тәубесіне түсіргенін ағаларымыз аңыз қылып айтады әлі күнге шейін. Қазақ футболының шежіресін парақтасақ, Құралбек Ордабаев «Қайрат» қақпасын 185 рет қорғаған екен. Ол 1971 жылы – «Қайратқа» алғаш келген жылы-ақ Халықаралық теміржолшылар одағының кубогын жеңіп алған. Сол бір қайта оралмас кезең туралы Құралбек Ордабаев төмендегіше сыр шертеді:«Алғашқы ойында Чехословакияның «Локомотив» командасын өз алаңымызда 4:1, сыртта 1:0 есебімен жеңдік. Екі ойында да менің әріптесім Виктор Шведков қақпада тамаша тұрды. Келесі айналымда Болгарияның «Славия» командасынан 1:3 есебімен жеңіліс тапқаннан кейін, бапкерлер қарымта кездесуде қақпаға мені қоюды шешіпті. Менің үлкен футболдағы карьерам осыдан басталды. Қарымта кездесуде біз қарсыласымызды 3:0 есебімен жеңдік. Қателеспесем, Евгений Пиуновский, Юрий Севидов, Владислав Маркин бір-бір голдан соқты. Келесі финалдық кездесу тіпті қиынға түсті. Қарсыласымыз анау-мынау емес, Румынияның азулы «Рапид» командасы еді. Кездесу басталмай жатып, көптеген футбол мамандары жеңісті алдын ала румындықтардың қолына ұстатып қойған-ды. Өйтпегенде ше, «Қайрат» ол кезде ешкімге беймәлім команда-тұғын. Алайда, біз намысқа тырысып, сыртта 1:1 есебімен тең ойнап, Алматыда 1:0 есебімен басым түстік. Осы тарихи жеңістен кейін, жанкүйерлердің қуанышында шек болған жоқ». Бала Құралбектің қақпашылыққа ден қоюы да қызық. Өзімен бірге доп қуған балалардан жасы кіші болмағанда, ол мүмкін қолғап кимес те еді. Команданың ең кенжесі Құралбекті үлкендер жағы алдап-сулап қақпаға тұрғызып қояды екен. Осылайша, ол Шымкент қаласындағы №26 Жамбыл атындағы орта мектептiң негізгі қақпашысына айналды. Мектепаралық турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көріне бастайды. Оның өнерін шымкенттiк «Металлург» футбол клубының бас бапкерi Виктор Плясунов сырттай бақылап жүріпті. Онжылдықты бiтiрерде Плясунов Құралбекті өз командасына шақырады. Бапкердің көмегiмен ол бас-аяғы бiр-екi жылда нағыз қақпашы болып қалыптасты. Айтпақшы, Құралбектің «Қайрат» құрамында ойнауына әкесі Досжанның айтқан бір ауыз кесімді сөзі әсер етіпті. Құралбек Ордабаев: «1968 жылы, яғни 18 жасымда «Металлург» командасының қосалқы құрамына қабылдандым. Негізгі команданың сапына өту үшін менің екі-үш жыл уақытым кетті. Ал команданың негізгі қақпашысы болу үшін тұп-тура бір жылымды сарп еттім. 1970 жылы қараша айында маған өзбекстандық «Пахтакор» футбол клубы «құда түстi». Осыны естiген «қайраттықтар» iле-шала менi өз сапына алғысы келiптi. Сөйтiп, 1971 жылы алматылық даңқты команданың сапына ауыстым. Шынымды айтсам, алғашында «Пахтакорға» барғым келген еді. Өйткені, Ташкент елге жақын еді. Бiрақ әкем көнбедi. «Қазақтың баласы өзбек командасында ойнамайды», – деп шорт кесті. Міне, содан кейін таразының басы «Қайратқа» ауып түсті». Халықаралық теміржолшылар одағының кубогын жеңіп алудың арқасында Құралбек есімді қазақ қақпашысын Қазақ жұрты ғана емес, бүкіл Одақ тани бастады. Сондай-ақ, «Қайрат» командасының барлық ойыншылары КСРО-ның «спорт шебері» деген атаққа қол жеткізді. Бірде КСРО құрамасы және атақты киевтік «Динамоның» шабуылшысы, «Алтын доп» иегері КСРО чемпионатында 211 гол соққан Олег Блохин Құралбек қақпашы туралы былай деген еді: «Менің «Спартак», «Торпедо» және тағы басқа командаларға соққан добым есімде. Бірақ, «Қайратқа» қай кезде гол соққанымды есіме түсіре алмай тұрмын. Қазақ командасының қақпашысы Ордабаев мықты болды, әсіресе ол пенальти қайтарудың «құдайы» еді». Атақты Олег Блохин Құралбек қақпашы туралы әңгіменің бір парасын осылай қайырса, басқасына не дейсің! Олег Блохиннің пікірі бұл, Ордабаевтың мықтылығын мойындаған. Құралбек Ордабаевпен бірге ойнаған футболшылар да оның пенальтиден бөлек, ойын кезінде «тоғыздыққа» көзделген допты қалай қағып жіберетінін тамсана айтады. Бір кездері «Қайратта» Құралбекпен бірге доп тепкен, қазіргі таңда еліміздің футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов мынадай қызықты оқиғаны еске түсіреді: «Одақ біріншілігінде тең түскен екі команда жеңімпазды пенальтиден анықтайтыны жанкүйерлердің есінде болар. Сондай сәттерде Ордабаев өз шеберлігінің арқасында көбіне командасына жеңіс сыйлайтын. Тіпті, қарсыластарымызбен тең түскенде, Құралбекке сеніп, алдын ала жеңіске жететінімізді біліп отыратынбыз. КСРО-ның маңдайалды шабуылшылары ойыннан кейін таңданысын жасыра алмай кеткенін талай рет көрдік». Бүгінде Алматыдағы №4 олимпиадалық резерв спорт мектебінің директоры, бапкер Ордабаев қақпашы Ордабаевтың рекордына өзгеріс енгізетін оғыландарды тәрбиелеп жүр. Алайда, қазақ футболының қазіргі деңгейіне байланысты әйгілі қақпашының өз көзқарасы бар. «Төл чемпионатымыздың деңгейі өспеуіне ел біріншілігіне жылда эксперимент жасап отырғанымыз кері әсерін тигізуде. Бір жобаны таңдап алып, бір жүйені қолданып, соны жетілдіре түскен абзал. Бір жыл премьер-лигада 16 команда ойнаса, келесі жылы 14 команда алаңға шығады. Өткен жылы 12 команда өнер көрсетті. Биыл қайта 14 команда. Бұлай жасауға болмайды ғой». Теңбіл доптың сиқырын бүге-шігесіне дейін білетін қақпашының «тоғыздыққа» дәл тигізіп отырғанына күмәніміз жоқ. Ордабаев біліп айтады. Дегенмен алдағы уақытта қазақ футболы өз биігін алатынына сенім мықты. Өйткені, кейінгі ұрпаққа өнеге болар атақты Құралбек Ордабаевтай қақпашысы бар халықтың өрендері осал болмауы тиіс! Иә, алматылық «Қайраттың» «ақжолтай» қақпашысы Құралбек Ордабаевтың осындай абыройға кездейсоқ ие болмағандығы енді баршаға белгілі болды. Өйткені, ол биылғы көктемнің өзінде командасын пенальтиден төрт рет жеңіске жеткізді: екі мәрте шешуші ойындарда көзге түсті («Пахтакор» және тбилисилік «Динамомен» кездесулерде) және біріншіліктің ресми ойындарында екі рет үздік шықты. Мәскеулік «торпедошылармен» болған ойында екі 11 метрлік соққыны қақпасына дарытпады, алдыңғы күні ленинградтық «Зенит» командасының шабуылшысымен жекпе-жек қалған кезде тасқамал шеберлік көрсетті. Газета «Спорт», 24.04.1973 Дерекнама: Құралбек Ордабаев 1949 жылы Шымкент қаласында туған. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы. КСРО «спорт» шебері». Халықаралық теміржолшылар одағы кубогының иегері. ХХ ғасырдың 70-жылдарындағы еліміздің ең үздік қақпашысы. «Қайрат» командасының жетекшісі (1982-1988), «Қайрат» спорт мектебінің директоры (1989-1991), Қазақстан футбол ассоциациясының вице-президенті (1991-1993), президенті (1994-2000), бас хатшы (2001). Туризм және спорт агенттігі төрағасының кеңесшісі (2001-2002), «Қайрат» футбол клубының президенті (2003-2008). Қазіргі таңда Алматыдағы №4 олимпиадалық резерв спорт мектебінің директоры. Алмас МАНАП, «Нұр Астана»
Біздің серіктес: FONBET