Еуропа чемпионатының алғашқы турын «Альянс Аренада» өткізген Йоахим Лев шәкірттері Франциядан ұтылып қалды.
Матч тағдырын шешкен жалғыз голды неміс қорғаушысы Матс Хуммельс өз қақпасына салды. Отыз екі жастағы ойыншы осылайша өз атын тарихта қалдырды. Бұған дейінгі құрлық біріншілігінде Германия автогол дегенді білмей келген. Матчтағы Матс «ерлігі» сол бір «олқылықтың» орнын толтырды. Рас, мундиалда мұндай жағдай тіркелген. 1978 жылы Аргентинада өткен әлем біріншілігінде Берти Фогтс өз қақпасына гол соғып, есімін жылнамаға жаздырды. Ал Хуммельске келсек, 2015 жылы Еуропа чемпионатының іріктеу ойындары кезінде, дәлірек айтсақ Шотландияға қарсы кездесуде, Мануэль Нойер қақпасына доп бұрып, автогол авторы атанған. Демек, өз қақпасына гол соғу Матс үшін таңсық дүние емес.
Даңқты қорғаушы Германия қақпасын кемінде мың рет голдан аман алып қалған шығар. Тіпті әлгі автоголы да оның беделіне селкеу түсіре алмайды. Қорғаушы біткен Хуммельстің деңгейіне жетіп алсын. Бізге керегі оның жас мөлшері еді. Мақалаға тақырып қою үшін. Қартайған жалғыз Матс емес. «Неміс машинасы» да тозады екен. Тарих сол күнді де күнтізбеге енгізді. «Ғ» тобының қос серкесінің біріне баланған команда өз жерінде негізгі қарсыластарына есе жіберді. Сүреңсіз ойын, жігерсіз шабуыл стадионға келген жұрттың қытығына тигені анық. Мұндай Германияны мынау әлем бұрын-соңды көрмеген секілді. Әлде бас бапкер Лев қартайды ма? Шау тартқан Тони Кроосты, тағы бір ардагер футболшы Томас Мюллерді немесе әлгі Матсты жастардан артық көрген Йоахимнің де дәурені аяқталып келе ме?
Рас, енді оның орнын Ханс-Дитер Флик басады. Мүмкін, «Баварияның» бұрынғы жаттықтырушысы Германияның қайта өрлеуіне себепкер болар. Егер Лев жағдайды түзеймін десе, әлі уақыт бар. Бірінші турдан кейін неміс командасын құрдымға жұмсау қиянат шығар. Тек француздарды бұрын тарпа бас салатын Германияның азуын кір шалғаны анық байқалады. Матч кезінде қорғаушы Антонио Рюдигер Поль Погбаны тістеп алғаны да бір қызық. Мүмкін, қалжыңы болар. Өйткені артынша шабуылшыны құшақтап, әзіл екенін ескертті. Алайда матчтың үздік ойыншысы Антонионың ойын түсіне алмады. Британ телеарналарының бірінде сарапшы болған Рой Кин мен Патрик Виейра да Рюдигердің әлгі қылығын дәрменсіздікке балапты. «Дені сау ма?» дегенге саятын кейіп танытып.
Ойын кезінде тағы бір тарихи дерек тіркелген еді. Германия Еуропа біріншілігінің алғашқы турында тұңғыш рет ұтылды. Бұған дейінгі чемпионаттарды жеті рет жеңіспен бастап, бес рет қарсыластарымен тең түскен еді. Ұтылып бастап, ұтып кеткендер де бар. Алтын медаль иегерлері атанып… Мысалы, 1988 жылы Нидерланды ә дегенде жеңіліп қалып, артынша сол жарыстың бас жүлдесін иеленді. Егер естеріңізде болса, Франк Райкаард, Рууд Гуллит, Марко Ван Бастен секілді саңлақтар құрлықтың үздік командаларын шетінен жеңіп еді ғой. Ван Бастеннің Ринат Дасаев қорғаған қақпаға салған голы да футболдағы теңдессіз оқиғаға баланып еді.
ТІРІ АҢЫЗ РОНАЛДУ!
Аңыз адам көз алдыңызда доп қуып жүр. Рас, баяғыдай емес. Жасындай жарқылдамаса да, жарыс көрігін қыздыруға әбден жарап тұр. Венгрия – Португалия матчында екі бірдей гол соққан сұрмергеннің шеберлігіне шек келтіріп көріңізші, қане! Бұған дейін Мишель Платинимен бір қатарда тұрып, саңлақтар сарайынан орын алған Криштиану енді құрлық біріншілігіндегі мергендер көшін бастап, тарихтың жаңа парақшасын ашып берді. Бұрын Мишельге жету деген меже болса, ендігі жерде ойыншы біткеннің мұраты Криштиану Роналдудың соңынан салу. Будапешттегі Ференц Пушкаш стадионында Венгрия қақпасын екі рет дәл көздеген жартылай қорғаушы Еуропа чемпионатында соққан голдар санын 11-ге жеткізді. Рекорд дегенде, мына бір деректерді де алға тартайық.
Криштиану бес бірдей Еуропа чемпионатында өнер көрсеткен жалғыз футболшы. Роналду құрлық біріншілігінде ең көп жеңіске жеткен ойыншы. Бұған дейін ол атақ Андреа Иньеста мен Сеске Фабрегасқа ғана тиесілі еді. Испания құрамасы сапында 11 рет қарсыластарын ұтқан екеуінің алдына енді Роналду түсті. Криштиану өнер көрсеткен 12 матчта Португалия жеңіске жетті. Биылғы біріншілік енді басталғанын ескерсек, Криштианудың әлі де биіктей түсетін мүмкіндігі бар. Демек, тур сайын рекорд жаңарып тұруы әбден мүмкін.
Кейде бақ адамды қуып баратын секілді ғой. Сексен төртінші минутқа дейін қорғанысты мейлінше сақ ойнаған алаң иелері тек матч соңына таман сыр берді. Алдымен Рафаэль Геррейро есеп ашты. Кездесудің 87-минутында Роналду пенальтиден нәтижені еселеді. Негізі, уақытқа қосылған бес минуттың ішінде тағы бір гол соғып, осы замандағы теңдессіз ойыншы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қорытынды есеп – 3:0. Сәттілік дедік пе? Сол сәттілік Венгрияға жетіспеді. Әйтпесе әдемі ойнады. Руи Патрисиу қорғаған қақпаға бірнеше рет қауіп төндірді. Тіпті гол соқты. Оны төрешілер есепке алмады. Сабольч Шеннің ойыннан тыс қалғанын алға тартып. Ролланд Шалай мен Адам Салайды алғы шепке қойған Марко Росси әдемі команда жасақтаған екен. Қорғанысты Вилли Орбан мен Эндре Боткаға сеніп тапсырған Росси Атилла Салаидің шеберлігіне де шүбә келтірмеген. Олар да талайға дейін өз жұмысына ұқыппен қарады.
Португалия құрамасының бас бапкері Фернанду Сантуш шабуылды ұйымдастыруға Бруну Фернандешті жұмсады. «Манчестер Юнайтедтің» жартылай қорғаушысы қазір кез келген істі қоғадай жапырады. Жиырма алтыға толған жігіттің допты жусатып-өргізуі ғажап. Сол қанаттан Жота суырылып шығып, шабуыл оң жаққа қарай ойысқанда Бернарду Силва бүйірден қосылып, Петер Гулачи қақпасы маңын шаңға бөктіруі тиіс еді. Алайда Венгрияның біз атаған қорғаушылары жақсы ойнады. Кезінде «Астана» сапында жүрген Ласло Кляйнхайслер секілді жігіттерге күні қараған алаң иелерінің қосалқы құрамы белгілі ғой. Негізгі ойыншылар шаршаған кезде солардың орнын жоқтатпайтын допшы табылмады. Ал Фернанду Сантуш Рафа Силва, Ренату Саншеш, Бруну Силва секілді сақа шәкірттеріне кезек берді. Олар бірден іске кірісті. Орбанның да, өзге де «ғұнгриялық» футболшылардың мазасын алып, үш бірдей гол ұйымдастырды. Тыңнан қосылған үшеуінің де атқарған шаруасы ұшан-теңіз. Нәтижесі сіздерге белгілі. Португалия маңызды үш ұпайға қол жеткізіп, «Ғ» тобының көшін бастады.
Біздің серіктес: FONBET