Жарнама
Жарнама

«Қазақ болудың» құны қанша?

20.09.2011, 18:05
Жарнама
Жарнама
Былтыр Қазақстан азаматтығын алып, біздің ұлттық құрамада ойнауға мүмкіндік алған түпкі тегі ресейлік футболшылар Қазбек Гетериев пен Алексей Поповтың шикіліктері енді шығып жатыр. Өткен аптаның соңында «Ресей-2» телеарнасында белгілі ресейлік спорт журналисі Евгений Дзичковский аталған екі футболшының Қазақстан азаматы атануы үшін әрқайсысы 300 000 АҚШ долларынан алғанын айтты. Іле-шала интернетте де осы тақылеттес ақпараттар қаптап кетті. «Шикілік» дейтін себебіміз, құрамаға шақырылған соң, бұл екеуі де «Қазақстан құрамасында ойнау – өздерінің ықылым замандардан бергі ынтызар арманы екенін, көк байрақтың астында доп тебу – Отан алдындағы зор жауапкершілік екенін» айтып, әбден лепірген еді. Естеріңізде болса, былтыр быт-шыт боп жеңіліп жүрген біздің құрамаға көмек ретінде осындай ресейлік «десант» түсірілген болатын. Гетериев пен Поповтың құрамаға алынуына сол кезде Қазақстан құрамасын жаттықтырған неміс маманы Бернд Шторк та мүдделі болған еді. Бірақ ұлттық құрамаға қос ойыншыдан зиян болмаса (0:2 есебімен аяқталған Австриямен ойынды, Поповтың қирап қалған позициясы есіңізде шығар?), пайда бола қойған жоқ. Құрама сапында Гетериев – 5, Попов – 4 ойын өткізді. Екеуі де гол соққан жоқ. Голды қойыңызшы, оны жалпы командамыздың өзі ілуде бір соғады ғой. Бұл ойындарда аталған футболшылардың құраманы алға сүйрегені, өзге жігіттерге ерік-жігерімен, шеберлігімен үлгі болғаны еш байқалмады. Яғни, олардың қазақстандық ойыншылардың ешқайсысынан артықшылығын аңғармадық. Бәрібір сол қым-қиғаш ұтылу, сол сүреңсіз ойын, сол сылбыр қимыл. Сонда Гетериев пен Поповты Ресейден арнайы алдыруға не себеп болды? Олар көмектеспесе өзіміз ешкімнен ұтыла алмайтын ба едік? Ақыры ұтылады екенбіз, өз қазағымызбен-ақ ұтыла бермедік пе? Жеңілгенді жер көтереді ғой... Жарайды, қазір өзге елдің ойыншыларына өз азаматтығын әперіп, ұлттық командасына қосып алып жатқандар аз емес. Белорус Артем Милевскийді, ресейлік Александр Алиевті украиндар шебер жүргізілген жеке үгіт жұмыстарының арқасында және футболшылардың өз ниет-қалауларына орай өз ойыншысы етіп алды, қазір екеуі де – Украина ұлттық құрамасының мүшелері. Әншейін көптің бірі емес, көзге түсіп жүрген жігіттер. Біз де ақыры шақырғасын тым болмаса өз футболшыларымыздан оқ бойы озық, мықтыларын шақырғанымыз жөн (онда да ақшаға емес!), әйтпесе басқасының қажеті де жоқ. Гетериев пен Поповтың деңгейіндегі ойыншылар Қазақстанда да жетіп-артылады. Осыған көзі жетсе керек, құрамамыздың жаңа жаттықтырушысы Мирослав Беранек Поповты қазір мүлде шақырып жүрген жоқ. Гетериевті бір-екі рет шақырды, бірақ ол өзінің спорттық бабы нашар екенін айтып, кезінде өзі «армандаған» «Отанының» намысын қорғаудан қашқақтап жүр. Егер «Ресей-2» арнасында жария етілген ақпарат ақиқат болып шықса, онда ақша үшін төлқұжатын ауыстыра салатын «намысшыл» футболшылармен келісім-шарт жасасқан кім? 600 000 доллар кімнің қалтасынан төленді? Бұл сұрақтарға Қазақстан футбол федерациясы жауап береді деген үміттенеміз.

Ырысбек ЖАНТӨРЕ

Жаксы.кз
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Алдыңғы жаңалық
"Ордабасы" таңғалдыруда