Кейде қазақ командаларын аймақтық негізде емес, ру атауымен атаса қалай болар еді деп ойлайсың. «Восток» – «Найман», «Атырау» – «Адай», «Тараз» – «Дулат», «Қайрат» – «Албан», «Шахтер» – «Арғын», «Ордабасы» – «Қоңырат» деп аталатын болса, әншейінде рулық тартысқа дайын тұратын ағаларымыз үшін өте-мөте ермек болар еді. Ермек қана емес, команданың жаңа демеушілері бірінен-бірі асып түсіп, ел футболының деңгейі де біршама өсер еді. «Қайткен күнде де руымның атын шығарамын» деп ақшасы тасыған бір қазекем аты әлемге танымал келімсектерді алып келер ме еді, кім білсін?!
Тіпті, біз айтып отыратын сандырақ шынында да іске асатын болса, командалардың ресми төлтаңбасы да әр рудың белгілерімен-ақ рәсімделер еді. Стадион жанкүйерге толып, ине шаншитын орын таппай, қиналып жатсақ, шіркін! Әншейінде есіне кіріп шықпайтын «Атырау» жанкүйерлері «Алматыда «Адай» командасы «Албан» кездесіп жатыр» десе, батыстағылар барлығын тастап әуежайға аттанатынына күмәнім жоқ. Бірақ бұл айтып отырғанымыздың барлығы қазақ футболының әлі күнге шейін дамымай отырғандығына білдірген назымыз, амалсыздықтың күні ғой. Әйтпесе, онсыз да жүз тармаққа бөлінген халықты одан сайын жіктемек ойымыз жоқ. Мұндай арам пиғылдар неден шығады? Әрине, қазақ командаларының жанкүйерлері жоқтығынан, жергілікті командасы үшін ешкімнің бас ауыртпайтындығынан. Кейде «Қайраттың» ойынын көру үшін Орталық стадионға барсаңыз, таздың шашындай әр жерде төбе көрсеткен бір қараның үні шығып жатады. Қызылкеңірдек болып жатқан бір адамды байқамайсыз. Осыдан кейін «Қайрат» футболшылары жанкүйерлер үшін емес, оны қаржыландырып отырған қалалық әкімдіктің разылығын алу үшін доп тебетіні белгілі. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды. Осыдан бір апта бұрын алматылықтар түнімен тентіреді. Өйткені Испания королі Дон Хуан Карлос атындағы Кубоктың финалында «Реал» мен «Барселона» кездесті. Қаладағы кафе біткен лық толды. Мәселен, Алматыдағы «Касабланка» атты букмекерлік кеңсенің ішінде сол ойынды көру үшін 200-ге жуық адамның жиналғанын өз көзімізбен көрдік (кейде мұндай адамдардың легін «Қайраттың» ойынында да кездестіре алмайсыз). Бірақ «НТВ-плюс» арнасынан көрсетілуі тиіс ойын аяқ астынан жоғалып кетіп, бүкіл алматылықты әуре-сарсаңға салды. Бір-бірінен қайда көрсетіп жатқандығын білу үшін телефонда тыным болған жоқ. Сонда жалғыз «INFO» арнасынан ғана тікелей көрсетілім таратылды. Оны Алматыда тек стаут барлардан ғана тамашалай алады. Жандосова мен Байзақов көшелерінің қиылысындағы стаут барды іші түгілі сыртына дейін жанкүйерлер қаумалап алды. Міне, қазақ жанкүйерлерінің белсенділігі осы кезде анық байқалды. Әсілі, Алматыда ең көп жанкүйер «Қайраттың» еншісінде болуы тиіс емес пе? Бірақ испан командалары мен қазақ клубтарын салыстырып жату да әбестік болар. 2010 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу ойындарында Англия құрамасымен кездесуде ағылшын қақпасының алдын шаң қылған қызуқанды жігіт қазақ жанкүйерлерінің де жасыл алаңда ерекше қойылым жасай алатындығын дәлелдеген болатын. Бірақ мұндай жағдайлар әрі кетсе әйгілі командалармен ғана өткізген кездесуде қылаң беретінін жақсы білеміз. Ал жанкүйердің қуанышы мен реніші елімізде өтіп жатқан әрбір ойындардан көрініс табуы тиіс. Сонда ғана алаңдағы футболшы өзінің жауапкершілігін сезіне алады. Жақында әлемдегі ең ықпалды адамдардың тізімі жарияланды. Сонда олардың қатарында қазіргі «Реал» командасының жаттықтырушысы Жозе Моуринью мен «Барселонаның» маңдайалды футболшысы Лионель Мессидің де бар екендігін байқадық. Демек футболдың қоғамға әсері күшті деген сөз. Футбол «фанаттарының» да өте көптігі осының нәтижесі. Талай құрдымға кеткен командалардың да қайта аяғынан тұрғандығы жанкүйерлердің қолдауынан. Ал Қазақстандағы бірнеше клуб жойылып кетсе де немесе құлдырап кетсе де қолдау білдіретін бір жанкүйердің болмауы футболға деген қызығушылықтың әлсіздігінен. ... Әлгі руға байланысты айтқандарымыз осындайдан келіп туады ғой.
Смайыл ЖАНБіздің серіктес: FONBET