Жарнама
Жарнама

Қазақ футболшылары сұқбат беруден неге қашады?

Осы жақында футбол сайттарын кезіп отырып «Челси» бас бапкері Фрэнк Лэмпард туралы қызықты мақалаға кезіктім.
Жарнама
Жарнама

Әлем халқының 0,2 пайызы ғана IQ көрсеткіші бойынша 150-ден асады екен. Солардың қатарында Лэмпард та бар болып шықты. Жалпы қазіргі заманда футбол саласында жүрген жас бапкерлер немесе футболшылар арасында оған тең келер ешкім жоқ. Негізі мұндай ақпаратты мен бұрында да оқыған едім. Футболшы кезінде ең ақылды болып жүретін, енді жас бапкерлер арасында да ағылшын футболшысы оқ бойы озып тұр.

Бірнеше жыл бұрынырақ әдепкі шаруа бойынша қазақ футболшыларының бірінен сұқбат алатын болдым. «ҚазСпорт» арнасында жұмыс істеп жүрген кезім. Тікелей эфир аяқтала салып ары кетсе 40-50 секундтық немесе 1 минутқа жетеқабыл сұқбат алуың керек. Телевидение саласында мұны флэш-интервью дейді. Ойын аяқтала салысымен лезде футболшыны тоқтатып бірнеше сұрақ қойдым. Негізі ол футболшыны сұқбат беруге келістірудің өзі қиямет. Сондағы диалог мынандай:

- Жеңіс құтты болсын, ойын жайлы пікіріңізді біле кетсек.

- Иә, ойын ауыр өтті.

- Бүгін гол салдыңыз, қандай әсердесіз?

- Гол соққаныма қуаныштымын. Бірақ, ең бастысы команданың жеңісі.

- Бапкер ойын ортасында қандай ақыл айтты?

- Сол ойынды жалғастыра беріңдер деді...

Міне, шамамен осы диалогты телевидение саласындағы көптеген футболшының сұқбатынан анық байқауға болады. Бір сарын. Футболшы ашылып сөйлемесе, анық-қанығын жеткізіп көрерменге түсінікті қылып айта алмаса тілші байқұс қайдан сауал ойлап таба береді? Сондықтан спорт журналистерінің сауалдары біртекті. Ойын қалай өтті? Матчқа көңіліңіз тола ма? Бүгін Сіздің команда екі ұпайдан айырылды ма әлде, 1 ұпай еншіледі ме? Қарсылас команда жайлы не айтасыз? Қарсылас команда сапынан кімді ерекшелеп өтесіз?

Қазақ футболшыларының ашылып, көсіліп сөйлей алмауының сыры мынада секілді. Жас кезінде олар әлбетте қазақша сөйлеп жүреді. Балалар футболынан жастар футболына ауысады. Осы тұста үлкен футболға ауысқан шақта орыс тіліне келіп ұрынады. Өйткені еліміздегі премьер-лига клубтарының барлығында орыс тілі салтанат құрған. Жаттығу, теория, жиындар барлығы да орыс тілінде. Шет елден бапкер келсе де ол орыс тілінде сөйлейді. Орыс тілін білмейтіндері орыс тілін білетін аудармашы алып жүреді. Григория Бабаянның бапкер болып кетуінің себебі сонда деп ойлаймын. Шторк, Беранек, Йоор, Стойлов секілді көптеген бапкерге ассистент болып жүріп бапкерлікті бір кісідей меңгеріп шықты. Себебі, ол неміс және ағылшын тілдерін білді. Бірақ, оның қазақ тілін білмейтіндігі еш кемшілік емес. Себебі, қазақ клубтары түгел орыс тілінде сөйлейді. Әйтпесе, Бабаянның орнында қазір басқа маман жүрер ме еді? Мақұл, біз оны қатты бір проблема қылып жатқанымыз жоқ. Бабаян да бізге бөтен адам емес қой. Әрбірден кейін ел футболының дамуына үлес қосып жүрген азамат.

Бұл жерде мәселе клубтардың барлығы неге орыс тілінде сөйлейтіндігінде. Ауылдан шыққан жас футболшы қаланың кәсіпқой клубына келген соң орысша сөйлеп, қазақ тілін бір менсінбейтіндей кейіпте жүретіні кейде таңқалдырады. Ал қазақ тілін жақсы білетіндердің өзі сұқбат бере алмайтыны немесе бергісі келмейтіні құпия. Жамбыл Көкеев пен Тоқтар Жаңғылышбай бұл жайында бір қызықтың шетін шығарды. «Қазақша сұқбат берсе командадағылар қылжақтап күліп, қалжыңға айналдырады» дейді олар.

Алмат Бекбаев, Елдос Ахметов, Тоқтар Жаңғылышбай, Самат Отарбаев, Жамбыл Көкеев және Бауыржан Исламхан. Міне, осы футболшылар сұқбат беруден қашпайды, әрі жақсы сөйлейді. Негізі, тілшіге бұл аса қатты бір бас ауыртатын мәселе де емес қой. Мен «ҚазСпортта» жүрген кезімде талап қойылатын. Ойын біткен соң бір футболшыдан сұқбат алу қажет. Қазақ ойыншыларына жалынып, сұқбат берші деп жүргеннен гөрі Дмитрий Шомконы шақыра салған жеңіл. Екі сұрақ қойып үлгерсең жақсы, өзі-ақ ағылып жөнеле кетеді. Әрі мән-жайды тәптіштеп айтып береді. Риза боласың. Болды осымен іс бітті. Бірақ, кейде ойланасың, осы біздің қазақ футболшылары осылай сөйлесе, ойынды түсіндірсе, ауылдағы қазақ балалары оны тыңдап өссе. Болашақ футболшыларға керемет мотивация емес пе?

Кезінде Нүркен Мәзбаев ағамыз айтып еді, «бұрынғының футболшылары келісім-шартқа қол қоя алмайтын» деп. Қолдарына қалам ұстамаған қаншама футболшыны көрдік, ол рас. Александр Кокорин бір сұқбатында «Мен кітап оқығанды ұнатпаймын, жалпы оқымағанмын да», депті. Иә, шабуылшының алаң сыртындағы іс-әрекеттері де сол сөзін дәлелдейді. Қазақ футболшылары көбінесе жоғарғы оқуға сырттай түсіп, оқу-жазуды 11-сыныптан соң мүлде қойып кетіп жатады. Содан кейін де шығар, қазақ футболшылары алаңда өзінің көрсеткен ойынына да баға бере алмай жататыны.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров