Жарнама
Жарнама

Қазақ футболшыларының табысы неге құпия?

17.09.2011, 16:06
Жарнама
Жарнама
Өзгенің әмиянына көз аларту, әрине, дұрыс емес. Әйтсе де, әлемге әйгілі үздік спортшылардың ақшаны «күреп табатыны» бәрімізге мәлім. Олардың жуан ортасында аяқдоп шеберлері де бар. Жыл сайын кімнің қанша табысқа қарық болатынын шотқа салып, шолып отыратын «Форбс» журналының мәліметтеріне сенсек, аргентиналық жарық жұлдыз Лионель Мессидің жылдық табысы өткен футбол маусымында 31 миллион еуроға жетіп жығылыпты. Португалиялық сұрмерген Криштиану Роналду бір жылда 27,5 миллион еуро алады екен. Ағылшын құрамасының көшбасшысы Уэйн Рунидің қалтасына түсер жылдық қаражат – 20,7 миллион еуро деседі. Тізімді осылай жалғастыра беруге болады, бірақ оның не мәні бар? Өйткені, біз шетелдіктердің қалтасын қанша «қағыстырғанмен», өз спортшыларымыздың айлық табысы қандай екенін білмек түгілі, болжаудың өзіне қиналамыз. Бәрі – жасырын, ешкім ештеңе айтқысы келмейді. Клуб басшылығына немесе футболшыға жалақы жайлы сұрақ қойылса, «бұл жағы құпия» дей салады. Құдды Қазақстандағы футболшылардың қанша табатыны мемлекеттік құпия секілді. Әлде біздегі клубтардың бәрі дерлік жергілікті бюджеттерден қаржыландыратындықтан, сіз бен біз секілді қарапайым салық төлеушілерден жиналған ақшаның қалай аяқдопшылар үшін «ысырап» болып жатқанын жария еткісі келмей ме екен? «Ақтөбе» клубын асырап отырған аталмыш облыстық әкімшілік қана команданың жылдық бюджетінің 10 миллион доллардың айналасында екенін ашық айтады. Сондықтан шығар, ақтөбелік ойыншылардың жағдайы, жалпы алғанда, жаман емес. Осыдан екі жыл бұрын клубтағы ең төменгі жылдық сыйақы 5 мың долларды құраса, Самат Сымақов, Марат Хайруллин секілді тәжірибелі де таңдаулы ойыншылар он екі айда 70 мың доллардың ар жақ, бер жағында табыс тапқан. Айтпақшы, Германиядағы танымал сайттардың бірі «Қазақстандағы ең табысты футболшы С.Сымақов» деп жариялапты. Оның және астаналық Нұрбол Жұмасқалиевтің айлық жалақысы 5-7 мың доллар шамасында деген мәлімет бар. Былтыр Израильдің «Хапоэль» футбол клубы Саматты өз қатарына шақырып, бір футбол маусымы үшін 30 мың еуро төлейтінін мәлімдегенде, ол ұсыныстан бас тартқан-ды. Демек, оның Қазақстандағы жалақысы әлгі мөлшерден көп болмаса, аз емес. Әрине, Ресми мәліметтерге сүйенсек, биылғы футбол маусымын «Қайрат» 700 миллион теңге, «Атырау» мен «Жетісу» 900 миллион теңге, «Ертіс» 7 миллион доллар, «Шахтер» 8 миллион доллар бюджетпен бастапты. Мұның бәрі де – әрине, облыстық қазынадан бөлінген қаржы. Ал «Delloite» консалтингтік компаниясы әлемдік футболда көш бастап тұрған бай клубтардың тізімін жариялағанда, үш нәрсені басты негізге алған: олар – матч кезінде сатылған билет пен атрибутикадан, ақыр аяғы сусын мен тіскебасардан түскен қаржы; демеушілер және коммерциялық компаниялармен жасалған келісім-шарт қаржысы; телевизиялық тарату құқығын сатқаннан түскен пайда. Нәтижеде 1-орынды «Реал» (Мадрид, Испания), 2-орынды «Барселона» (Испания), 3-орынды «Манчестер Юнайтед» (Англия) иеленген. Енді салыстырып көріңіз: бізде әлгі үш негізгі критерийдің қайсысы бар? P.S.. Былтыр Құрлықтық хоккей лигасында сынға түсетін «Барыс» клубына 27 миллион доллар қаражат бөлінген-ді. Бірақ сол ақшаның астында қалған «Барыс» сол күйі плей-офф айналымынан әрі асқан жоқ. Биыл Альберто Контадор мен Александр Винокуров сынды әйгілі шабандоздарымен қош айтысқан «Астана» бір маусымда 20 миллион долларды місе тұтыпты. Бұл екеуінің артында басқа емес, «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры тұр. Жақында аталған қор отандық волейболшыларға да қамқорлық көрсететінін айтты. Демек, волейбол федерациясының вице-президенті Ермек Сырлыбаевтың: «Қыздар құрамасындағы мықты ойыншыларды 4-5 мың доллармен алдай алмайсың»,деген сөзінде жан бар секілді. Ырысбек ЖАНТӨРЕ. Жаксы.кз
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров