Жарнама
Жарнама

Қазақ футболы қазақша сөйлесін

Ұлттық құрама ұлттың тілінде сөйлеуі тиіс.
Жарнама
Жарнама

Ақпанның алтыншы күні еді. Арқада ат құлағы көрінбес ақтүтек боран болып тұрды. Күннің суықтығынан көлігім оталмай, қиындықтармен Қазақстан футбол федерациясының кеңсесіне жеттім. Бас хатшы Азамат Айтхожин мен қаржы бойынша директор Әміржан Түсіпбеков екеуі мені кабинетінде күтіп отыр екен. Бір күн бұрын Ербол Қайыров деген әріптесім хабарласып «Сені ҚФФ басшылығы жұмысқа шақырмақшы, барып сөйлесші» деді. Бардық. Сөйлестік. Келістік. Тимур Камашевтің қызметтен кетіп жатқанына байланысты Қоғаммен байланыс департаментінің директоры қызметі маған бұйырды. Мен шынымды айтсам қатты қарсы бола қойған жоқпын. Себебі, осыған дейін де бірнеше футбол клубынан ұсыныс түскен. Содан түбі футбол клубында немесе федерацияда жұмыс істейтін шығармын деп ойлап та жүрдім. Міне, соның сәті келе қалды. Бастапқыда кішігірім клуб сапында қызмет істеп, тәжірибие жинап, ысылып алған соң барып бас федерацияға келуім керек еді. Бірақ, бұл жолы бірден елордадағы бас кеңседен бір-ақ шықтым. Қатты қуанғаным да жоқ, қатты қобалжығаным да жоқ. Мен үшін бұл қызмет кезекті жұмыс орны болып көрінді.

Жұмысқа кіріскен соң өзіме міндет қойдым. Мақсатым айқын болды. Қазақ футболын қазақ тілінде сөйлету болатын. Кейіннен байқалғандай бұл оңай шаруа емес екен. Басшылық мені Талғат Байсуфиновпен жақынырақ тіл табыссын деп Түркиядағы оқу-жаттығу жұмыстарына іс-сапарға жіберді. Бас бапкер мінезі ауырлау, іске қаталдау, темір тәртіпті жақсы көретін Талғат Байсуфинов. Ол кісімен тіл табысу, жұмыс барысында үйлесімді қызмет істеу қиын секілді көрінді. Тәкең көзін ашқалы бері футболда келе жатқан адам. Ал мен журналистика саласынан келіп отырмын. Дегенімен, алғашқы қарым-қатынас жақсы жүрді. Тіпті кешке бапкерлер штабы өзара жиын өткізіп, сол жиынға мен де қатыстым. Маруаұлы менен «Тараз» ойыншылары жайлы қандай пікір айтасың деп қойып қалды. Ойынды Қайрат Нұрдәулетов екеуміз бірге көріп келгенбіз. Екеуміз пікірімізді айттық. Бапкер тыңдап, «мақұл» дегендей бас изеді. Білмеймін, пікіріміз ұнады ма, ұнамады ма ол жағы беймәлім.

Наурыз айының соңына қарай ұлттық құрама Франциямен кездесетін болды. Іріктеу турнирінің алғашқы матчы. Бұл ойынға дайындық бір ай бойы жүрді. Матч алдында әр федерация журнал шығарады. Осы іс менің мойнымда екенін анық аңғардым. 30 жыл бойы орыс тілінде сөйлеп келген журналды түгел қазақша жазып шықтым. Бұл федерацияға қызметке тұрған кездегі алғашқы сүбелі еңбегім болған шығар деп топшылаймын. Одан кейін де бұл іс бір ізге түсіп, журнал тек қазақ тілінде шыға бастады. Франциямен болатын ойынның алдында бас бапкерді баспасөз мәслихатына алып келдім. 30 минут бойы тек қазақ тілінде сөйледік. Кейіннен Дидье Дешамның баспасөзге арналған жиыны болды. Оған да қазақ тілді аудармашы алып келгенбіз. Орыстілді әріптестеріміз осы жерде өздерін сәл ыңғайсыз сезініп те қалған шығар. Жалпы алғанда ақпараттарды қазақ тілінде таратып, өзіміздің тілде сөйлей бастадық.

Бірақ, жасыратыны жоқ, командамыздың ішіндегі жігіттер орыс тілінде сөйлейтін. Себебі, олардың басым бөлігі өзге ұлт өкілдері. Менеджер, әкімші, автобус жүргізушісі, 2 массажист барлығы да өзге ұлттың өкілдері. Бірі неміс, бірі орыс деген секілді. Ол аз десеңіз ұлттық құраманың ішіндегі қазақтардың өзі орыс тілінде сөйлейтін адамдар еді. Десе де, қазақтілді футболшылар көбейіп, сұқбаттарымыз ана тілімізде өте бастадық. Бұл оқиғаға қуанбаған жанкүйер аз шығар. Мен мұны ел футболындағы оң өзгеріс деп таныдым. Тіпті стадиондағы әуендерді де қазақшалап, дикторды да қазақ тіліне ауыстырдық. Бірақ, команда ішінде, қайталап айтайын, орыс тілі дәурен құрып тұрды. Ал ондай адамдар әлеуметтік желіде қазақ тілінде жазылып жатқан жанкүйерлердің жанайқайын неғылсын?!

Франциямен ойнаған соң артынша Украинаға жолға шықтық. Киевке барғанда тіпті қызық оқиға болды. Александр Драган деген жігітпен сөйлестік. Ол Киевтегі кездесудің ұйымдастырушысының бірі. Былайша айтқанда «матч-менеджер». Бір күн бұрын сол кісімен кездесіп, «Олимпиский» стадионында диктор қай тілдерде сөйлейді деп сауал тастадым. Украин азаматы өзінің ана тілі болатынын және қонақтарға әрі халықаралық ұйымдарға арналған ағылшын тілі болады деп жауап қатты. «Ал біздің тіл ше?» десем қипықтап, не айтарын білмей «оны қоспай-ақ қойсақ» дейді.

-       Ермұхамед, біздің елде қазір жағдай қиын. Орыс тілін қоссақ саяси тұрғыда қиын болып кетуі мүмкін. Біздің Ресеймен қырғи-қабақ екенімізді білесіз ғой, - демесі бар ма? Бұл жерде анық түсініспеушілік болып тұрғанын бірден түсіндім.

-       Мен Қазақстан деген елден келіп тұрмын. Ал сіз маған орыс тілі туралы айтып тұрғаныңыз не? Мен қазақ тілінде сөйлейтін диктор туралы сұрап жатырмын.

-       Ой, кешірерсіз, мен енді түсіндім. Әлбетте, қазақ тілі болса онда қоса аламыз. Сізге дейін келіп жүрген адамдар орыс тілін сұрайтын...

-       Енді жағдай өзгерді, - дедім де диктор жігіттің нөмерін беріп, жаттығуға кеттім.

Сонда осыған дейін Қазақстан сырт мемлекетке барып футбол ойнаған кезде үнемі орыс тіліндегі диктор қойылып келген. Стадиондарда Қазақстанның тілі осындай екен деп ойлаған миллиондаған жанкүйерді айтсаңызшы. Ең бастысы Украина - Қазақстан ойынында, атақты "Олимпиский" стадионында қазақ тілін жаңғырып тұрды...

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров