Жарнама
Жарнама

Қазақ футболын үлкен өзгеріс күтіп тұр

09.02.2021, 22:35
Отандық клубтарға бөлінетін қаржының азаюы қазақ футболына пайда әкеле ме, әлде зиянын тигізе ме?
Жарнама
Жарнама

2021 жылдан бастап отандық футбол клубтарының жылдық бюджеті екі-үш есе қыс­қарды. Соның әсері десек те болатын шығар, биыл коман­далар са­пын­да біраз өз­геріс болды.

Енді қазақстандық футбол клубтарының еурокубоктік ойын­дарының топтық кезеңіндегі матч­тарын көрудің өзі арманға айнала ма? Бұрынғыдан әлдеқайда аз бюд­­жетпен жақсы ойын өрнегін көр­сете аламыз ба?

Бір қызығы, ұзақ жылдар бойы әлемдік аренада қазақ футболы­ның абыройын асқақтатқан, ел бірін­шілігінде қатарынан 6 жыл чем­пион атанған елордалық «Астананың» жағдайы мәз болмай тұр. Бапкерлер ауысты, клуб сапындағы бірқатар қызметкерлер жұмыстан кетті. Клубтың жыл­дық бюджеті әлі нақтыланбады. Елордалық команданың бас­шылығы жаңа демеуші іздестіру үстінде. Бір сөзбен айт­қанда, Тихонов жат­тықтыратын коман­даның жағдайы қыл үстінде. Бұ­рынғы «Астананы» көре аламыз ба, жоқ па, оны алдағы маусымда біле­міз.

Біздің елімізде, өкінішке орай әлі күнге дейін отандық футбол клубтарының ешқайсысы мем­лекеттің қаржылай қол­дауынсыз өз күндерін өздері көре алмай жүр. Қарызға белшесінен батқан пав­лодарлық «Ертіс» футбол клубы­ның өткен жылы банкротқа ұшы­рағаны – сөзімізге дәлел. Оның алдында да бірқатар клубтар жа­былып, жұмысын тоқтатты. Бұл қазақ футболының басты кемшілігі десек те болады.

Белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен отандық клубтардың бюджеті дәл осылай жыл сайын қысқара беретін болса, онда олар уақыт өте келе өз күн­дерін өздері көруге тыры­сатынын айтады.

– Біздегі клубтардың 80 пайызында маркетинг деген бөлім жоқ. Ірі клубтар ақшасы азайған соң жейделерді, клуб атрибутикаларын сату, жергілікті ком­пания­лардан демеуші іздеу сияқ­ты жұмыстармен айналыса бастайды. Үкімет беретін ақшаны сөйтіп-ақ табуға болады. Бірақ ешкім оны істемейді. Футболды мемлекеттен қаржыландыру тоқ­таса, онда Қазақстандағы футбол да тоқтайды. Өйткені өз күнін өзі көріп, қаржы тауып жүрген еш­қандай футбол клубы жоқ. Сондықтан бұл жердегі шешім – бө­лінетін қаржыны азайту және оның қалай жұмсалып жат­қанын қадағалау, – дейді Ермұхамед Мәулен.

Расымен, шетелде футбол бизнес деңгейіне көтерілген. Менеджмент, маркетинг, стадион, телевидение – осы төрт құрылым шетелдік футболдың төрт аяғын тең бастырып тұр. Ал бізде ше? Біздің футбол клубтары әр жыл сайын мемлекеттің ақшасына қол сұғуды ғана біледі.

Былтыр қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жол­дауында кәсіби спорт командаларын толы­ғымен мемле­кет есебінен қолдауға ешқандай негіз көрмейтінін айт­қан болатын. Мемлекет басшысы бұқаралық спортқа, дене­шынық­тыруға және балаларға басымдық берілуі, әр облыста, ірі облыс орталықтарында спорт секция­лары ашылуы керек екенін тілге тиек еткен еді. Мә­дениет және спорт министрі Ақ­тоты Райымқұлова да өткен жылы Қазақ­стандағы кәсіби спорт клуб­тары­ның бюджеті 55,5 млрд теңгені құрай­тынын ашық жет­кізген. Сол кездің өзінде ми­нистр талдау нәтижесі бойынша спорт клуб­тарын жылдық қаржыландыру екі есеге дейін төмен­детілетінін хабар­лаған. Тиісті ұсыныстар Үкіметтің қарауында болып, биыл футбол клубтарының жылдық бюд­жеті біршама қыс­қар­ды. Қыс­қарту нәтижесінде 22,2 мил­лиард теңге бұқаралық спорт­ты дамытуға жұм­салмақ.

Енді Премьер-лигадағы қазақ­стандық футбол клубтарының бюджеті бұрынғыдай болмайды. Мысалы, өткен жылы «Астана­ның» бюджеті 15 млрд теңгеге жуық­таса, «Қайраттың» бюджеті 8 млрд теңге шамасында болған. Бұл туралы спорт шолушысы Руслан Мералиев айтып берді.

– 2020 жылы «Астана» 13 млрд теңгені бас демеушісі «Самұрық-Қазынадан», 2 млрд теңгені Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінен алды. Ал алматылық «Қайрат» футбол клу­бының иесі Қайрат Боранбаев еке­нін көпшілігі жақсы біледі. Яғни, Қазақстандағы жеке қожайыны бар жалғыз команда. Со­дан мемлекеттік бюджетке үл­кен сал­мақ салмайды. 2 млн халқы бар Ал­­маты қаласының әкімдігі «Қайратқа» жылына 900 млн теңге бөле­ді. Қалған ақшаны клуб басшысы демеушілерден алады, – дейді ол.

Биыл бюджет екі есеге қысқарады. Барлық футбол клубтары үнемдеуге көшті. 2021 жылдағы отандық футбол клубтарының бюд­жеті шамамен төмендегідей болмақ.


Абылайхан Жұмаш

Мақала Aikyn.kz сайтынан алынды

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров