Жарнама
Жарнама

Қазақ футболындағы ерекше оқиғалар

11.02.2014, 07:14
Жарнама
Жарнама

264B8D1D-66E0-44F0-9F74-7CE14F1360C7_w974_n_s

1940 жылы Алматының «Динамосы» тұңғыш ірі жеңіске қол жеткізді. Дене тәр­биесі ұжымдары арасындағы КСРО ку­богының финалында «Динамо» Таганрог қаласында жергілікті «Торпедо» командасын 3:1 есебімен ұтып, кубок жеңімпазы атанды. 

1960 жылы «Қайрат» КСРО жоғары лигасында ойнауға мүмкіндік алды. Алғашқы матч 10 сәуір күні Алматының Орталық стадионында «Адмиралтеец» (Ленинград) командасымен өтіп, 0:0 есебімен тең аяқталды. Одан кейінгі бес турда «Қай­рат» жеңіліс дәмін татты. Жоғары лигадағы «Қайраттың» алғашқы голын 9 мамыр күні Мәскеудің «Локомотив» командасының қақпасына Сергей Квочкин соқты. Ең алғашқы жеңіске «Қайрат» 7 турда, 14 мамыр күні жетті. Бұл күні «қайраттықтар» сырт алаңда «Беларусь» командасын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Қос допты да Тимур Сегізбаев енгізді. 18 және 60 минуттарда Сегізбаев соққан голдар қазақ футболының жылнамасына жазылды. Осы жылы «Қайрат» 18-орынға тұрақтады.  1963 жылы «Қайрат» командасы КСРО кубогының жартылай финалына шығып, қазақстандық клубтардың бұл жарыстағы ең жоғары нәтижесіне қол жет­кізді. Алматылықтар жарыстың бұл кезе­ңінде Донецкінің «Шахтерінен» қосымша уақытта 1:2 есебімен ұтылды. 1971 жылы «Қайрат» Халықаралық теміржолшылардың спорт одағының кубогын жеңіп алды. «Локомотивті» (Кошице, Чехословакия) – 4:1 және 1:0 есептерімен, «Славияны» (София, Болгария) – 1:3 және 3:0 есептерімен қапы қалдырған соң, финалда алматылықтар Бухаресттің «Рапид» (Румыния) командасымен кездесті. Ал­ғашқы ойын сырт алаңда 1:1 есебімен аяқталды. Алматыдағы кездесуде капитан Сергей Рожковтың 49-минуттағы дәл соққысы «Қайратты» өз тарихындағы ең ірі жеңістерінің біріне жеткізді.  1976 жылы шабуылшы Александр Хапсалис («Қайрат») пен қорғаушы Александр Кадейкин («Трактор», Павлодар) КСРО құрамасы сапында жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионы атанды. 1977 жылы қорғаушы Сейілдә Бай­шақов қазақ футболшылары арасынан бірінші болып КСРО құрамасында өнер көрсетті. 1978 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында С.Байшақов 30 сәуір күні Венгрия құрамасына қарсы ойнады. Бұл матчта отандасымыз ескерту де алды. Матч 2:1 есебімен Венгрия құрама­сының пайдасына шешілді. 10 мамыр күні Салоники қаласында Грекия құрамасымен ойында да Байшақов негізгі құрамда алаңға шығып, ойынды толық өткерді. Өкінішке қарай, бұл матчта да КСРО құрамасы же­ңіліп қалды – 0:1.  1986 жылы «Қайрат» командасы Тимур Сегізбаевтың жаттықтыруымен КСРО чемпионатында 7-орын алды. Бұл – «Қай­раттың» ең жоғары нәтижесі. 1988 жылы Сеулде (Оңтүстік Корея) «Қайрат» командасының жартылай қорғаушысы Евгений Яровенко олимпиада чемпионы атанды. Ол топтық турнирдегі КСРО – Аргентина матчында 79-минутта Владимир Татарчукті алмастырып, ойынға араласты (2:1), КСРО – АҚШ матчына толық қатысты (4:2). Жартылай финалдағы Италия – КСРО матчында (2:3) Яровенко екінші таймда алаңға Алексей Чередниктің орнына шықты. Бразилия – КСРО финалында (1:2) ол алаңда негізгі және қосымша уақытта да өнер көрсетті.
www.el.kz Есей Жеңісұлы
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров