Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары. Осы бір алтын ғасырдай қыдырлы кезең қазақ топырағына қайта айналып соқса деп арман етесің. Апайтөс Әбдісаландар ринг шаршы алаңында мына бостан заманымызға жарасты өрлікпен ойқастап, боз кілемнің үстінде түйе балуан Әбілсейіттеріміз еркін елдің ерлерінше оқсата белдесіп, құстай ұшқан желаяқ Ғұсман мен Әминдеріміз жарыс жолында аққан жұлдыздай жарқырап, ғажайып волейболшыларымыз Заңғар, Октябрь, Жәнібектер керме тордың үстіне белден көтеріле қақырата соққан доптарының шатыр-шұтыры жер жаңғырықтырып, қазақ спортының даңқын дүйім дүниеге жаңа жетістіктермен күн аралатпай жайып жатса… деп бір сәт қиялдағанның несі айып. Әдебиетімізге жарқылдап жас Олжастар, Мұқағалилар, Мұхтар мен Әбіштер келсе… Осы аталған және аталмаған ардақты есімдер қатарына қазақ футболының аңызы, Қазақстан футболының тұтас бір дәуірін жасаған, бір кездегі советтік футбол аламанындағы атақты сайыпқыран Тимур Сегізбаевты қоссақ, әсіресе спорт пен әдебиеттегі алтын ғасырымызды қайта оралту орайындағы бейкүнә арманымызға бола бізді ешкім асыра сөкпес деп үміттенеміз.
Ал, осы қазақ футболының аңызы Сегізбаев сұрапыл соғыс басталардан бес апта бұрын сегіз баланың ішінде ұлдардың үлкені болып Семейде дүниеге келгенін қазір біреу білер, біреу білмес. Әкесі Санжар сол кездегі Қырғыз автономиялы республикасы Жоғарғы сотын басқарған білікті заңгер, адал азамат. Соған қарамастан, 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге қамалып, кейінірек ақталған. Осыдан-ақ Тимурдың балалық шағының аспаны бұлтсыз болмағанын, тұрмыс қиындықтарымен қаршадайынан-ақ бетпе-бет келгенін, әлдебір бюрократтың бәлденген бұла еркесі болып өспегенін аңғарғандаймыз. Футболдың болашақ жұлдызының буыны қатып, бұғанасы бекіген жері Есік болса, есейіп ержетуге бет алған шақта отбасы отағасының қызмет бабымен Алматыға қоныс аударады. Сегізбаевтар тұрған үйдің ту сыртында – физкультура институты. Қол созым жерде 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы. Сол кезде бұл саябақтың ішінде неше түрлі спорт алаңдары болады екен. Бір жағында баскетбол, бір жағында волейбол, одан әрі теннис алаңы. Осы арадағы ойындарды елмен бірге есті бала да құмарта тамашалайды. Бойы 2 метр 33 сантиметр феномен баскетболшы Уәйіс Ақтаевты, бабындағы волейболшы Октябрь Жарылғаповты, жас жүрегіне от тастаған басқа да майталман спортшыларды алғаш осында көреді. Сөйтіп, кейін елдің волейбол құрамасының белді ойыншысы болған Жәнібек Сауранбаевпен бірге алаңнан қияс кеткен допты заулай жүгіріп әкеліп беретін Тимурдың кеудесіне спортшы болсам деген асыл арман ұя салады.
Жеңіл атлетика тұрғысындағы қай спорттың түрінен де жаман емес еді. Жүгіруге де, жүзуге де. Мектептегі денешынықтыру мұғалімі Сыздықов икемін көріп гимнастикаға тартты. Кейін гимнастикадан КСРО спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болған досы Олег Тен де мұның балғын денесіндегі табиғи талантқа тәнтілікпен таң қалып, гимнастикамен айналысуын соншалықты қалап еді. Тимур болса, бала кезінде геолог болуды армандады. Айтқандай, сол жылдарда бұлар тұрған үйге 8-март пен Комсомол көшелерінің қиылысындағы «Қазақфильм» киностудиясы да тиіп тұрған-ды. Соның себебімен қазақ киносының негізін қалаушы біртуар Шәкен Айманов ағаның көзіне бір, қолына екі түсіп, кездейсоқта актер де болып кете жаздағаны бар. Кейінірек Тимурдың атағы шыққан кезде Шәкен аға да: «Сонда футболды таңдағаның дұрыс болды. Құдайға шүкір, актерлеріміз баршылық. Сондықтан, қазір қазаққа өзің сияқты жақсы футболшылар көбірек керек», деп риясыз қуанышын жасырмап еді.
Иә, қазақ футболының бағына қарай елуінші жылдардың елең-алаң ортасында жасөспірім Тимур халықтық ойын футболды қалады. Оның спорттық өмірінің өрелі жолы, қанат қаққан қия шыңдары, ойын өрнегі, шеберлік деңгейі футбол қазақтың қанына дарымаған деп әлі күнге көкитіндердің сөзін осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ жоққа шығарып қойған-ды. Отандық футболдың бүгінгі жай-күйі мүшкіл болса, ұлттық құрама халықаралық жарыстарда құлап-сүрінуден жазбаса, оған кінәлі қазақтың қаны мен жаны емес. Оған кінәлі осынау бар халыққа сүйікті спорт түрін дамыта алмай, қаулап өскен қаншама жас түлектердің арасынан кезіндегі Тимурдай таланттарды таба алмай, соларды дұрыс баули алмай отырған футбол төңірегіндегі дарынсыз функционерлер деп білеміз. Әйтпесе, қазақ футболды ешқашан жатырқап, жатсынбаған. Көкпары, жамбы атуы, жаяу бәйгесі, арқан тартыспағы, асық атыспағы, ат үстінен күміс ілуі, аударыспағы, басқа да қызуқанды спорттық ойындарының неше атасы болған халқымыздың футболды да әу бастан-ақ жанындай сүйгендігіне дәлелдер көп. Таратып айтар болсақ, әңгіме ұзап кетпек. Ал, дәлелдің ең үлкені сол, футбол қазақ өрені Тимур Сегізбаевтың бүкіл тағдырына, ал Сегізбаев қазақ футболының басты тұлғасына айналғандығы.
Жаңағы айтқан Панфиловшылар саябағы футбол десе ішкен асын жерге қоятын оқушы балалардың сүйікті мекені болды. Алматы төңірегінде, Алатау баурайында не көп? Пионер лагері көп. Соның бәрінде балалардың жеңсік ойыны – ең бірінші, футбол. Одан Горький атындағы саябақтағы «Спартак» стадионында мектеп оқушылары арасында жиі-жиі ұйымдастырылатын матчтар. Міне, нақ осы додаларда Тимурды кәсіпқой футбол маманы Георгий Козелько байқайды. Маңдайына жазылған болар, сол жылдарда Алматыда жер аударылып жүрген кеңес футболының сайыпқыраны Николай Старостинмен де кездесіп, әңгімесін тыңдап, ғажап әсерге бөленудің сәті түседі. Мұны да кездейсоқ деудің реті келмес. 1957 жылы Тимур Қазақстан құрамасының сапында КСРО мектеп оқушыларының спартакиадасына қатысу үшін Ригаға аттанды. Сонда Москвада бірер күн аялдағанда футболға құлай беріліп, бетін біржола бұрғызған бір оқиға болды. 16 жасар бозбала өткен жылы ғана салынған ғажайып «Лужники» стадионында жүз мың жанкүйердің жаныққан айқай-атойымен бұрқ-сарқ қайнаған футбол аламанын таңданып, тебірене тамашалады, футбол құдіретіндей елестеген атышулы Эдуард Стрельцовтың жойқын шабуылдары мен өзгеше ойынын көрді. Сірә, Валентин Ивановтың «Огонек» журналында: «Стрельцов сотталып кетіп, бірнеше алтын жылды зая жіберіп алмағанда футбол королі кім болатыны екіталай еді» деп жазуы тегін де емес шығар. «Үлкен футбол осы екен ғой» деп ойлады Тимур. Жан дүниесінде жаңа бір жанартау оянғандай толқыды. Сөйтіп, үлкен футболда өзінің де бағын сынауға бекінді.
Бақ сынағаны сол, бұл кезде ол Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының белді ойыншыларының қатарында-тын. Жақында ғана Фрунзе қаласында Қырғызстан астанасының құрамасын алматылық өрендер 5:0 етіп ойсырата жеңгендерінде 2 голды өзі соққанына іштей мерейленіп жүрген жайы бар еді. Ал енді Стрельцовтың тау құлатардай екпінін көргеннен кейін Ригадағы оқушылар спартакиадасында Тимурдың шабуыл ұйымдастыру таланты мен доп соққыш мергендік қасиеті жарқырап ашылды. Осы жолы ол армян құрамасымен болған ойында болмасты болдырған керемет жасап, жұртты таң қалдырды. Футбол мамандарына еріксіз бас шайқатқан ол не ғаламат десеңіз, айтайық. Бірінші таймнан кейін қазақстандықтар қарсыластарына 0:5 болып ұтылып, салдары суға кетіп тұрған. Ал, екінші таймның 45 минуты өткенде таблодағы есеп 5:5 болып өзгерді. Бес допты да Сегізбаев соққан болатын. Әлбетте, бұл жай қазақ футболының болашағына немқұрайды қарай алмайтын адамдардың назарына ілінбей қалмады.
Тимур Санжарұлының жадында жатталып қалған тағы бір ұмытылмас жағдай мынадай. Қазақ физкультура институтының екінші курсында оқып жүрген кезі. Бірде оны институт ректоры Хамза Мұхамеджанов шақырды кабинетіне. Қасында «Қайрат» командасының бапкерлері отыр екен.
– Сені «Қайрат» командасы өз құрамына алғылары келеді, – деді ректор. – Бірақ сен күндізгі бөлімнің студентісің. Сондықтан, саған сабақтарға еркін қатысып, емтихандарды ыңғайлы уақытта тапсыруға рұқсат етемін. Осылай етуді республика спорт комитетінің төрағасы Кәркен Ахметов те қолқалап сұрап отыр. Тек сен жаман оқитын болсаң, ешқандай да футбол болмайды. Елдің бас командасына бекер алынбағаныңды дәлелдеуге тиіссің. Мүмкіндік беріп тұрғанда, аянбай, барыңды сал, айналайын. Намысты қолдан берме!
Үлкен жүректі азамат Хамзекең Тимурға осылайша ақ жол тілеп, батасын беріп аттандырып салып еді. Шәкірті сол жақсылықты ешқашан ұмытқан емес. (Тимур Санжарұлы Қазақ туризм және спорт академиясына осы оқу ордасының негізін қалап, ұзақ жылдар ректор болған қайраткер Хамза Мұхамеджановтың есімі берілгелі жатқан хабарын естіп, қатты қуанулы екен). Түрлі сылтау айтып қасарысқан команда басшылығын тізеге салып «Қайратқа» алғызған бас қамқоршысы Кәркен аға екенін кейін естіп білген. Қалай болғанда да, футболда қазақ өрендерінің өркен жайып, өрісі кеңеюін қалаған осынау асыл ағалар үмітін Тимур артығымен ақтап шығып еді.
Нышандап айтар тағы бір жағдай сол, оның командаға алынуы «Қайраттың» одақтық чемпионаттың жоғарғы тобында алғаш рет өнер көрсетер уақытымен тұспа-тұс келді. Осылайша «Қайрат» пен оның барлық уақыттағы бас қаһарманының тағдырлары мәңгілік ажырамас бір арнада тоғысты. Бұл – 1960 жылдың көктемі. Тимур жалындаған 19 жаста болатын. Сухуми маңындағы Қара теңіз жағалауында жаттығып жатқан команданың соңынан арманына асыға алабұртып жалғыз жол тартқаны есінде.
Бапкер Н.Глебов Минскіде болатын маңызды матч алдында жолшыбай Гомельде жолдастық кездесу өткізіп, үміткер үш ойыншының екеуін таңдап алуға тиіс болды. Олар Ангарскіден келген Вадим Степанов, Тимур және тағы бір жігіт еді. Әрқайсысына өз орнында ойнауға 30 минуттан берілді. Бірінші Степанов ойнап, оған «өте жақсы» деген баға қойылды. Содан кейін шыққан Тимур жай ғана жақсы болмай, жарты сағатта екі гол соғып үлгерді. Үшінші жігіттің ойынын бапкер ұнатпады.
Осыдан көп ұзамай әлемнің алтыдан бірін алып жатқан Кеңес Одағы көлемінде жұлдызы жарқыраған алғашқы көзайым күн де келіп жетті. Иә, 1960 жылдың 12 мамыры Тимур Сегізбаев өміріндегі шын мәніндегі ерекше күн. Осы бір ғажайып футболшы жайында айтылар әңгіменің ешқайсы да бұл күнді аттап өте алмайды. Себебі, ол талайлы жас жігіттің жай 19-ға толған кезекті ғана туған күні емес-тін. Бұл күні ол алғаш рет «Қайраттың» негізгі құрамында алаңға шығып, тұңғыш ойында өз туған күніне талайды тамсандырған тамаша сыйлық тартты. Тимурдың нақ осы матчта Минск «Беларусінің» қақпасына салған егіз қозыдай қос добы алматылықтардың жоғарғы лигадағы алғашқы жеңісіне жол ашып, бүкіл команданы абырой төріне шығарды.
«Қайраттың» осы жеңісі туралы бірінші болып сол күні Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті естіпті. Одан соң қуанышты хабар филармонияға жетіпті дейді. Концерт жүргізуші көпшіліктің алдына арнайы шығып: «Жолдастар, Минскіде «Қайрат» 2:0 есебімен өзінің алғашқы жеңісіне жетті!» деп жақсы лепесті сүйіншілеп жария етеді. Ертеңіне Сегізбаев есімін күллі Қазақстан мен Белоруссия, одан соң біртіндеп ұлан-байтақ Кеңес Одағы білді десе де болады. Өйткені, ол кезде елдің құлағы футбол десе, соншалық елеңдеп тұратын.
Осылайша алғашқы ойыннан-ақ әлі жиырмаға толмаған жас жігіт «Қайраттың» арқа сүйер, сенім артар негізгі шабуылшысына айналады. Ырғалып-жырғалуға, «көш жүре түзеледі» деп арқаны кеңге салуға уақыт жоқ-тын. Өйткені, команда Кеңес Одағының маңдайалды клубтарымен тайталасып жатты. Оларды жеңу үшін гол соғу керек. Бұл тұрғыда Тимур әдепкі гол соққыш емес еді. Ол қарсыластар қақпасына допты тым жиі соқпайтын. Бірақ іс жүзінде оның соққан голдары командаға үнемі ауадай қажет, аса маңызды ұпайларды әкелетін.
Негізгі құрамдағы орынды ұстап тұру да оңай емес-тін. Әріптестері Остроушко, Степанов, Скулкин, Квочкин, Каминскийлер өңкей сайдың тасындай шыңдалған шеберлер. Қарсыластары болса, Яшин, Воронин, Стрельцов, Иванов, Нетто, Парамонов, Красницкий, Месхи, Понедельник сынды, елді былай қойғанда, әлемдік ауқымдағы жұлдыздар. Осылардың арасында Тимур тасада қалмай, өз орнын таба білді, жасыл алаңда танымал клубтар мен атақты футболшыларға қарсы лайықты ойын өрнегін көрсете білді.
1964 жылдың 26 тамызында Москвада «Спартакпен» болған матч Қазақстан футболының тарихына алтын әріппен жазылары сөзсіз. Тимур осы жолы өзінің естен кетпес ерекше екі голын соқты. «Қайрат» 2:0 есебімен қаһарлы қарсыласты ұтып, басқа алаңда мерейлі жеңіске жетті. Осы қос гол оған бүкілодақтық атақ-абырой әперді. Алып елдің орталық газеттері келесі күні «Тимур және оның командасы» деген тақырыппен шықты. Бұл сөз советтік футболдың абызы Николай Старостиннің дуалы аузынан шыққан еді. Алпысыншы жылдардың өн бойында «Қайратты» осылай деп атайтын.
Әсіресе, 63-ші жылы «Қайрат» өз алаңында ешкімге дес бермеді, барлық мықты командаларды ұтып ықтырып тастады. Оның мықты қорғаныс шебін «Қайраттың» бетоны» деп атайтын да нақ осы кез. Бір қызығы, сөйте тұра, әлсіз командалардан жеңіліп қалатын. «Қайратты» халық жақсы көрді, ақындар осы халықтық командаға жауһар жырларын арнады. Сейдахмет Бердіқұлов ағасы Тимурдың Африка турнесінен жазған жолжазбасын «Лениншіл жаста» көлдей қылып екі нөмірге шығарды. Белгілі кинорежиссер Шәкен Айманов өзінің «Тақиялы періште» фильміне «Қайраттың» ойынынан қалайда бір көрініс қосу керек деп тапты. Сол көріністі түсіру үшін қайраттықтар Алматының Орталық стадионында күні бойы өздерін өздері ойнады.
Алпысыншы жылдардағы «Қайратты» Тимурсыз көзге елестету мүмкін емес-тін. Кеше ғана қатарға қосылған ұяңдау бозбала командадағы беделді ойыншылардың біріне айналды, жігіттерді жеңіске бастап отырды. Жанкүйерлер оны пір тұтты. Барша халықтың сүйіктісі болды. Жанкүйерлердің Тимурды жақсы көретіндігі сонша, Орталық стадионда диктор команда құрамын жария еткенде «Тимур» есімі аталған сәтте стадион дүркіреп кетеді де, «Сегізбаев» деген фамилиясы әруақыт естілмей қалар еді. Командалар сапқа тұрған дәстүрлі рәсімдерде гүл шоқтарының көбі Тимурға берілетін. Бірақ ол атаққа астамсып, даңққа дандайсып кетпеді, талантына бас июшілердің көптігі оның басын айналдырмады. Ол әрқашан қарапайымдылығы мен сыпайылығын, өзіне тән мәдениетін сақтады. Дәл осы ретте Тимурды ұлы Пелемен салыстыруға болар еді. Әредікте «Қайраттың» капитаны өз әріптестеріне барлық жағдайда, былайша айтқанда, үйде де, түзде де, ойын алаңында және оның сыртында да үлгі бола білді.
Футболшы Сегізбаевтың ойын өрнегінің мықты жағы аса қуатты соққысы және ысылған шебер машығы болатын. Ол допты тепкенде қақпашыны ұшырып жібереді екен, оң аяғымен тебуге тыйым салыныпты деген аңыздар да пайда болған. Ал, ақиқаты сол, Тимур 50 метр қашықтықтан соншалықты әдемі әрі дәл пастар беріп, 30 метр жерден керемет голдар соғып отырған. Өзімен бірге ойнаған ардагер куәгерлердің айтуынша, сондай ғажап голдардың бірін атақты Анзор Кавазашвили қорғап тұрған Мәскеу «Торпедасының» қақпасына біздің Тимур 1963 жылы енгізген екен. 40 метр жерден жойқын күшпен соғылған доп атылған оқтай зырқырап келіп торды бүлк еткізгенде, стадион шаттықтан теңселіп кетті дейді. Сегізбаевтың жасыл алаңдағы хас шеберлігі, жойқын соққысы, дегдар әрі әдемі ойыны кез келген футбол симфониясының фрагменті болғандай.
Гол салуға құштар шабуылшы ешқашан дөрекілікке жол бермеген екен. Ол Кеңес Одағының ең сырдесте һәм сырбаз ойыншысы, футбол зиялысы саналған. Десе де бір жолы алаңнан қуылыпты. Ал, оның өзіндік сыры бар. 1967 жылдың қыркүйегі. Киев. Жергілікті «Динамо» сайыпқырандары «Қайраттың» қақпасына қайтарусыз үш гол салып, одан әрі өңмеңдей түскен. Допқа таласқан бір сәтте Йозеф Сабо қолын артқа тастаған болып қасақана Леонид Остроушконың бетінен салып жіберіп, сақинасымен жаралап тастайды. Тимур шыдай алмай: «Йозеф, мұның не? Ұят қайда?» десе, анау өркөкіректеніп, дөрекі жауап қайырады. Сәлден кейін Тимурмен доп таласында қақтығысып қалғанда, енді өзінің бет-аузына темір жұдырық сарт етті. Ызаға булыққан жігіттердің ұстасқан жері осы екен. Төреші Бочорадзе өз көзіне өзі сенбейді. «Тимур, сенбісің? Неге?» дей береді. Тимур қолын бір сілтеп, алаң сыртына бет алғанда, төреші қызыл карточканы әрең суырады. Өз қателігін түсінген Сабо артынан қуып жетіп, құшақтап кешірім сұрайды. Екеуі де ойыннан шеттетіледі. Иә, сыпайы Тимур қажет болғанда қиянатқа төзбей, өзінің де, өзгенің де ар-намысын қорғай алатын еді. Нағыз капитан солай болуы керек қой.
Алпысыншы жылдардың аяғына қарай «Қайраттың» капитаны ойын үстіндегі толассыз жарақаттардан азап шегіп, белдегі құяңы да бастыртпай сыр бере бастады. Ол әлі де ойнай алатын еді. Бірақ Сегізбаевтың намысы өзгеге ғана емес, өзіне де қатал: нашар ойнауға қақысы жоқ-тын. 29 жасқа толардан үш күн бұрын, 1970 жылдың 9 мамырында қазақтың ұлы футболшысы жасыл алаңға ойыншы ретінде соңғы рет шықты. Артында қызығы мен қиындығы мол, өмірінің мағынасына айналған 168 матч қалды. Тимур көзі булана қысқа қайырым қол бұлғап, Орталық стадионның мінбер астындағы орынжайларына кіріп кеткенде стадионның дүркірей қол соққан қошеметі әлі толастаған жоқ еді. Бакудің «Нефтчиімен» «Қайраттың» ойыны Тимурсыз жалғасып жатты. Өмір заңына әмір жүрмейтіні осы-ау.
Әйткенмен, футбол әлемінен оны ешқандай құдірет кетіре алмас еді. Бұл уақытта ол футболмен жаны егіз жаратылған бірден-бір қазақ болатын. Жетпісінші жылдардың басында Тимур Санжарұлы Қызылорданың «Автомобилист» командасын жаттықтырды. Одан соң Днепропетровскінің «Днепрі» мен донецкілік клубтастарын ұтқан Қарағанды «Шахтерінің» тізгінін ұстады. Ал, 1973 жылы өзінің «Қайратына» бапкер ретінде қайтып оралды. Бұл кезде Қазақстанның бас командасының жағдайы мәз емес-тін. Артем Фальян басқарған ол келер жылы, тіпті бірінші топқа түсіп қалды. «Қайратты» жоғарғы лигаға қайтару жөніндегі партиялық жауапты іс клубтың бұрынғы ойыншылары Тимур Сегізбаев пен Станислав Каминскийге тапсырылды. Екі дос бұл міндетті тастай қып орындап, 1977 жылы қайраттықтар олардың басшылығымен КСРО чемпионатының жоғарғы лига мықтыларының алғашқы сегіздігіне кірді.
Тимур Санжарұлы шеттетуді де көрді. Бірақ ұнжырғасын түсірмеді. Сол кездерде Оқу министрлігінің саясына кетіп, балаларды футболға баулыды. Одан соң өзі Йемен елінің құрамасын жаттықтырған үш жылын әрдайым мерейлене еске алады. Онда ол жергілікті футболды көтеріп қана қоймай, Аденде табиғи жасыл шөп өскен футбол алаңын жасап беріп кетті. Рафик Тимурды, яғни жолдас Тимурды йемендіктер жібергілері келмей, қимай қоштасқан-ды.
Елге оралған Тимур Санжарұлы тағы да мүшкіл халдегі туған командасын өз қолына алады. Сөйтіп, қайраттықтардың жаңа буыны: Евстафий Пехлеваниди, Вахид Масудов, Құрбан Бердыев, Евгений Яровенко, Фанас Салимовтармен бірге Қазақстан футболының жаңа тарихын жақсылап жасауға кіріседі. Соның арқасында команда 1987 жылы КСРО біріншілігінің жоғарғы тобында 7-ші орынды еншілейді. Бұл «Қайраттың» бүкіл тарихындағы ең жоғары жетістік екенін айтсақ, бапкер Сегізбаев бағындырған биіктер зорая түсері сөзсіз. Шәкірт футболшылардың жай ғана «Санжарыч» дегенінде ұстазға, футболдағы үлкен тұлғаға деген айрықша құрмет, шынайы сүйіспеншілік жататын.
Тәуелсіз Қазақстанның Футбол ассоциациясының президенті болған кезінде Тимур Сегізбаев футболдың барлық баспалдақ-сатыларынан өткен салиқалы қайраткер болатын. ФИФА Қазақстанды өзінің толыққұқықты мүшесі етіп қабылдаған кезде осынау мәртебелі халықаралық ұйымның президенті Жоа Авеланжға Отанымыздың туын тапсыру құрметі өзгеге емес, нақ Тимур Сегізбаевқа тиюінің өзі де үлкен нышанды аңғартса керек. 1994 жылдың маусымында Дүниежүзілік футбол федерациясының Чикагодағы 51-ші конгресінде болған осы тебіреністі оқиға сәтінде Тимур Санжарұлының көңілі босап, көзіне жас келіп қалған еді. Иә, бұл да тегін емес еді. Тәуелсіз туған елін әлемдік футбол қоғамдастығына Қазақстан футболының бейнесі дерлік тағдыршешті тұлға, қазақ футболының аңызы алып кірді. Қазақ футболының мерейі. Тимур Сегізбаев.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.