Жарнама
Жарнама

Қазақстан футболы «күз-көктем» жүйесіне көшеді

03.06.2012, 02:57
Жарнама
Жарнама

Қазақстан футболын үлкен өзгеріс күтіп тұр. 2013 жылдан бастап елімізде аяқдоп маусымы Еуропаның көптеген елдеріндегідей «күз-көктем» жүйесіне өтетін болады. Бұл шешім Астанада ҚФФ атқару комитетінің отырысында қабылданды.

          Бұл мәжіліс бұрынғыдан өзгерек Алдымен айта кетейік, Астананың «Көр­­ме» орталығында Қазақстан футбол фе­де­рациясының кезекті мәслихаты өтіп, оған ҚФФ атқару комитетінің мүшелері, пре­­мьер-лига және бірінші лига клуб­та­рының өкілдері қатысты. Соңғы рет мұндай жиын 2011 жылы 11 наурызда өткен бола­тын. Міне, осы жолы содан бергі атқа­рыл­ған істерге есеп беріліп, алдағы мәселелер тал­қыланды. Сонымен қатар ҚФФ атқару комитетінің мүшелері 15 адамнан 17-ге де­йін көбейді. «Қайрат», «Жетісу», «Ло­ко­мотив», «Восток» сынды клубтарда жа­уап­ты қызметтерді атқарған Асқат Ақылбеков пен ел футболында жауапты қызметтердің тіз­гінін ұстаған Талғат Құрманғалиев өз ерік­терімен атқару комитетінің мүшелігінен шы­ғыпты. Ал Қазақстан Республикасы Пре­­зидентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертіс­баев және ҚФФ өкілдері Саян Хамитжанов, Қа­ныш Әубәкіров және Олжас Абраев ке­рісінше атқару комитетінің мүшелігіне енді. Сондай-ақ Саян Жақсыгелдіұлы бұдан былай ҚФФ бас хатшылығы қызметімен қа­тар, ҚФФ-тың бірінші вице-президенті лауазымын да атқаратын болады. Сонымен, Қазақстан футбол фе­де­ра­ция­сының мәслихатынан кейін атқару ко­митетінің де алқалы жиыны өтіп, мұнда одан да маңызды мәселелер жөнінде ше­шім­дер қабылданды. Нақтырақ айтсақ, клуб­тардың спорттық директорлары мәсе­лелері де кеңінен талқыға салынып, «2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әр клубтың өз спорттық директоры болуы керек және оның кәсіби футболдағы тәжірибесі бес жыл­дан кем болмауы тиіс» деген шешім қабыл­данды. Бұл мәселенің түп-төркіні ҚФФ-тың «Балалар және жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған 2012-2022 арнайы концепциясына» байланысты туған шешім екені түсінікті. «Күз-көктем» жүйесіне дайынбыз ба? Атқару комитетінің жаңа құрамының қабылдаған ең маңызды шешімі – Қазақ­стан футболының «күз-көктем» жүйесіне өтуі болды. Сонымен, 2013 жылдан бастап Қазақ­стан футболы Еуропаның көптеген бірін­ші­ліктеріндегідей, «күз-көктем» жүйесіне өтеді. Дегенмен жаңа жүйенің бірінші мау­сы­мы 2013 жылдың көктемінде басталып, 2014 жылдың көктемінде аяқталады. Яғни келесі жылы ел біріншілігі бір жылға со­зы­ла­ды. Бұл кезде чемпионат үш айналымнан тұра­ды. Ал одан кейінгі жылдардан бастап, ел біріншілігі тамыз айында басталады да, келесі жылдың көктеміне дейін жал­ға­са­ды. «Бұл жүйе, біріншіден, Қазақстан бірін­шілігін Еуропа футбол аренасындағы транс­ферлік нарықпен теңестіре алады. Сондай-ақ біріншіліктегі үзіліс пен клуб­тар­дың маусымаралық оқу-жаттығу жиын­дары да еуропалық клубтардың уа­қыт­та­рымен түйіседі. Ал жаз мезгіліндегі ұзақ үзіліс ұлттық құраманың алдағы ойын­да­рына тыңғылықты дайындық жүргізуіне мүмкіндік береді», — деп түсіндірілген Қазақ­стан футбол федерациясының ресми сайтында. Алайда атқару комитетінің мүшелері 2013 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әр клубқа кем дегенде 3 мың көрермен сыя­тын­дай жабық манеж салуға мін­дет­тей­тіндей шешім шығарды. Бұл манеж қыстың  қаһарлы күндерінде де біріншіліктің үзіліп қалмауы үшін қажет. Иә, келісерсіздер, өте маңызды шешім. Бұл қадамға ел футболының басшылығы мың ойланып, жүз толғанып барғаны айт­паса да түсінікті. Дегенмен бұл жүйе Қазақ­стан футболына, климатына төтеп бере ала ма? Әлбетте, әркім әртүрлі пікір айтады. Даттаушылар да бар, жақтаушылар да аз емес. «Біздің клубтарымыз бұл жүйеге дайын емес. Қыстың қақаған аязында доп тепкен футболшыларымыз жасыл алаңнан гөрі емханаларды жиі жағалайтын болады. Ал бір жарым жылдың ішінде клубтарымыз жабық манеждерді салып бітіре алмайды», – дейді даттаушылар. Орынды сын. Деген­мен егер клубтар мойындарына артылған міндетті абыроймен атқарып шығып, келесі жылдың қазан айына дейін жабық манеждерді тұрғызып үлгерсе, онда бұл шешімнің пайдалылығына күмән болмас. Тек уақыт желкеден алғанда сол манеж­дер­дің сапасын естен шығарып алмасақ болғаны. Әйтпесе маусым соңында әр клуб сапында доп тебуге жарайтын төрт-бес-ақ футболшының ғана қалуы ғажап емес. Жалпы, бүгінде УЕФА құрамына 53 ұлттық футбол қауымдастығы мүше болса, бүгінде Қазақстаннан бөлек, соның 10-ы ғана ішкі біріншілігін «көктем-күз» жүйе­сін­де өткізеді екен. Атап айтсақ, Ирландия, Исландия, Финляндия, Фарер аралдары, Швеция, Латвия, Литва, Эстония, Норвегия және Белоруссия елдерінің футбол фе­де­рациялары ғана осы жүйені ұстанады. Дегенмен белорустар да келесі жылдан бастап «күз-көктем» жүйесіне өтпек. Ар­ме­ния футболы биылдан бастап осы жүйеге түбегейлі көшіп отыр. Яғни жақын бо­ла­шақ­та Еуропаның барлық елі «күз-көктем» жүйесінде доп тебуі ғажап емес. Ал өзімізге қайта келер болсақ, шыны керек, егер манеждер мәселесі дер кезінде шешімін тапса, бұл біз үшін оң қадам болары сөзсіз. Сонда біздің клубтар жазғы мау­сымаралық үзіліс кезінде Еуропаның мықты клубтарымен жолдастық кездесулер өткізуге мүмкіндік алып, «Кәртамыс құр­лықтан» тәжірибелі ойыншыларды шақыр­туға қол жеткізер еді. Сондай-ақ еу­ро­до­даға қатысатын клубтарымыз мау­сым со­ңында құрамын ыдыратып ал­май, Чем­пиондар лигасы немесе Еуропа лигасы тур­нирлерінде сәттірек өнер көр­се­тер еді.  
Р.S. Алда «Алаш айнасы» газеті бұл мәселеге тағы да тоқталып, мамандардың пікірлерін ортаға салатын болады.
Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров