Қазақстан футбол құрамасы екі ойын өткізеді. Әуелі Бельгиямен ойнаймыз. Сосын Австрияны қонақ етеміз. Осы қонақ етеміз деген дұрыс секілді. Біздің құрама сондай ақкөңіл. Ұпай үлестіре береді оңды-солды... Еуропа футболы есігінен енгелі он жыл да өтіпті-ау. Ілгері жылжи алдық па? Сол орында тұрмыз әлі... Бәлкім, артқа кетіп барамыз ба?
ФИФА рейтингіне көз салыңызшы. Алғашқы жүздікке кіре алмай ұятты болып жүрміз. Өзбектер ше? Олар ешқашан жүздіктен төмен түсіп көрген жоқ. Айырмамыз қандай? Жер мен көктей. Өз-ағамыз сарықұрлықта мықты болып жүр. Біз Еуропада доп тепкенге мәзбіз.
Асқар Қожабергенов жақсы сұхбат беріпті. Ұлттық құрамада ұлттық реңк шығып тұрса деп. Тағы бір мақала оқыдым. Бас командада қазақ жастары көбейгеніне Қазақстан футбол федерациясының прехиденті Әділбек Жақсыбеков те қуанышты екен. Оған неге қуанып жүрміз? Солай болуы керек емес пе? Құрама өзге елге барғанда бәрін қазақ деп санайды. Құрамамыздағы допты дұрыс тебе алмай жатқан өзге ұлт өкілінің де ұяты бізге келеді. Ақыры жеңілеміз. Қазақ баласын неге көп қоспаймыз? Біреу қолымыздан қағып отыр ма? Жолымызға бөгет болып жүрген кім? Беранек пе? Басқа ма? Әйтеуір, түсіне алмай жүрміз.
Премьер-лигадағы командалар құрамын шолып шығыңызшы. Қазақтар өте аз. Тіпті оңтүстікте қоныс тепкен қалалардың командаларында да. Сонда қазақ баласы қайда барып шеберлігін шыңдамақ? Бұл –баяғы қасаң қағида. Сол қағидаға әлі де тәк тұрып жүрміз. Жасыл алаңға шығатын таланты тас жарған қаракөз бауырлар көп. Алайда, олар тасада қалып жатыр. Кім оларды жарқыратып көрсетеді?
Бір жылдары Қызылорданың "Қайсарында" қазақтар көп еді. Тіпті, жасыл алаңға түгелге дерлік қазақтың шыққан кезі болған. Қазір онда да саусақпен санарлық. Шеттен келген бапкер жергілікті таланттарды баулығаннан гөрі шеттен шақырғанды дұрыс көреді.
Түсінбей жүрміз осылай. Өзімізді өзіміз...
Әділжан Үмбет
http://baq.kz/kaz/blogs/cat/126/952