Әдемі голдың авторы – Абзал Бейсебеков (№15)
21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы 2013 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Румыния жастарын қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті.
Алатау бөктеріндегі өткен матчқа «халық көп жиналатын шығар» деп ойлағанбыз. Алайда Алматыдағы Орталық стадионға көрермендер аса көп келмеді. Егер стадион лықа толмаса да, жартылай толғанда, «ұлттық құраманың келесі кездесуі Алматыда өтетін шығар» деп дәмеленуге болар да ма еді? Яғни Алматы үлкен футболды сағынғандығын сездіре алмағандай...
Мұны 21 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы, серб маманы Слободан Крчмаревич те бүкпесіз жайып салды. Бірақ ойыннан кейінгі баспасөз мәжілісінде барына шүкіршілік етіп, осы ойынға келген жанкүйерлерге алғыс жолдап, риза болғанын білдірді. Әрі: «Олар ойыншыларымызды қамшылап, гол соғуымызға көмектесті», – деп әділін айтты.
Бұл кездесудің бірінші таймында Қазақстан жастары көңіл көншірліктей ойын өрнегін көрсете алмады. Бірақ араларында табан тіресе тер төккен таланттарымыз болды. Бір қателік жіберіп, оны румын жастары кәдеге асырып кетті. Есеп – 0:1. Ашығын айтсақ, бұл гол кейбір жас футболшыларымыздың аптығын басып тастағандай да болды.
Үзіліс кезінде Крчмаревич қол астындағы қырандарын жақсылап қайраса керек, екінші таймда біздің жігіттер тәп-тәуір ойнады. Тайлы-таяғымен алға қарай лап қойып, қонақтарды қыспаққа алды. Бірақ румындар да осал емес екен. Қорғаныстарының іргесі де сөгілмей, жігі де бұзылмай, сауатты қорғана білді. Шабуылшыларымыз гол соға алмай, бірнеше шабуыл аяқсыз қалған соң, Абзал Бейсебеков «қой, бұлай болмас» деді ме, әйтеуір теңбіл допты алыстан шірене тартты. Абзалдың 45 метрдей жерден әуелете соққан добы қақпа бағанасын жалап өтіп, қақпа ішіне де тұрақтай алмай, кері атылды. Гол. Румындар аңтарылып, стадиондағы жанкүйерлер сүйсіне қол соғып, қиқуға басты.
Матчтан соң екі команданың бапкері де бұл голға таңдай қағып, сүйсінгендерін білдірді. Крчмаревич: «Мұндай голды көптен көрген жоқпын», – десе, Эмиль Сэндой: «Мұндай голдар өте сирек соғылады» деп, өз командасын екі ұпайдан айырған голға таңданып (Дәл осы күні түн жарымында болған Қазақстан – Түркия кездесуін түрік телеарнасының бірінен көрген едім, сол телеарна үзіліс кезінде Абзалдың осы голын бірнеше қайталап көрсетті).
Осы ойында командамыздың алға сүйрер серкелері Жолшиев пен Лисенков болуы тиіс деп ойлаған едік. Бірақ екеуі де көптің бірі болып қала берді. Слободан Крчмаревич бұл жөнінде:
– Бұл ойында кейбір ойыншыларға көңілім толмады. Сондықтан Словакия жастарымен болатын келесі алаңға басқа ойыншылар шығады. Сіздер құрама сапындағы кейбір ойыншыларды әлден «жұлдыз» дейсіздер. Бірақ оларға командадағы басқа ойыншылармен тізе қоса қимылдау керек. Әйтпесе олар ойнай алмайды. Лисенков тырысып ойнады, ал Жолшиевке аздап өз көзқарасын өзгерту керек, – деп кесіп айтты.
Бұл ойында бізге команда капитаны Елдос Ахметов ұнады. Евгений Горячий да әлеуеті зор қорғаушы екен. Қақпашы Самат Отарбаев әуелеп келген доптарды тойтаруға шебер екендігін көрсетті. Тек әлі де тәжірибесін толықтыра түссе екен дейміз.
Қазақстан – Румыния – 1:1
Голдар: Бейсебеков, 74 – Грозав, 30.
Қазақстан: Отарбаев, Қуантаев (Щеткин, 63), Ахметов, Горячий, Сүйімбаев, Сүйінов (Азаматов, 81), Тағыберген, Жолшиев, Бейсебеков, Лунин (Сариев, 46), Лисенков.
Қосалқы құрам: Қаленов, Исламхан, Левин, Шомко.
Қазақстан U-21 құрамасы жастар арасындағы 2013 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде 9-топта бақ сынайды. Дәл осы күні бұл топта тағы бір ойын өтіп, Франция жастары Ригада жергілікті латыш футболшыларын 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан жастары алғашқы ойынын Румынияда өткізіп, азулы қарсылстарымен 0:0 есебімен тең түскен-ді. Негізі, жеребе тартылған кезде Румыния жастары бірінші себетте болған. Яғни олардың рейтингтері – Франция жастарынан да жоғары.
Жалпы, алғашқы ойындардан кейін бұл топтағы жағдай төмендегідей:
Автор: Нұрғазы Сасаев