Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Бірақ осыған пысқырып жүргендердің шамалы екенін жақсы білеміз. Соның ішінде спорт саласындағы қазақ тілінің халі мүлдем мүшкіл. Әсіресе, футболда. Миллиондардың сүйіп көретін спортының біздің елде тізгінін ұстағандар мемлекеттік тілге қырын қарайды. Сондықтан отандық футбол клубтарындағы мемлекеттік тілдің жағдайына бір шолу жасап көрмекпіз. Ұлттық құрама болсын, клуб болсын шетелден бапкер шақырғанда орыс тілін қаншалықты меңгергеніне мән береді. Қарап отырсақ, Шығыс Еуропадан келген мамандардың көбісі орыс тіліне икемі бар. Елімізде табысты жұмыс істеген Станимир СТОЙЛОВ, Владимир ВАЙСС, Димитар ДИМИТРОВ, Стойчо МЛАДЕНОВ т.б орыс тілін жақсы меңгерген. Жақында ұлттық құрамаға бас бапкер болып тағайындалған чехиялық Михаил БИЛЕК өзінің сұхбатында: «Менің ағылшыншам өте жақсы деңгейде. Мектепте жүргенде орыс тілін оқығанмын. Қазақстанда орысша сөйлейтіндер көп. Сондықтан еске түсіруге тура келеді», — деп жауап беріпті. Осыдан-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Ал клубтардың баспасөз қызметі, ресми сайты, әлеуметтік желідегі парақшаларындағы жазбаларға көз жүгіртетін болсақ. Футбол клубтарының баспасөз қызметтеріне зер салғанымызда солтүстіктегі емес, керсінше оңтүстікке аймақтағы командалардың қазақшасы ақсап жатыр екен. Мысалы, Талдықорғаннаның «Жетісу» клубының ресми сайтын ашып қарағанымызда, қазақ тілді нұсқасы 11 қарашадан кейін жаңармаған. Шымкенттің «Ордабасы» клубының да қазақшасы орысшасынан әлдеқайда қалып қойған. Ара-тұра ғана қазақша аз-кем ақпарат салумен шектелетінін байқадық. Қазақ футболына талай талантты сыйлаған «Тараз» клубының баспасөз қызметі мүлдем көштен қалған. Әсіресе, қазақ тілінде жазылған ақпарат табу өте қиын. Әлеуметтік желідегі жазбаларынан қазақша ақпаратты мүлдем байқамадық. Сайтына анда-санда бірдеңе салып қояудан аспайтын болып шықты. Қарағандының «Шахтер» клубында тіптен «kz» деген тілді таңдайтын белгіден басқа ештеңе жоқ. Отандық клубтар арасында еурокубок ойындарының топтық кезеңіне шыққан алғашқы команда «Шахтердің» басшылығы Қазақстанда тұрып жатқандарын ұмытып кеткен тәрізді. Әлеуметтік желідегі парақшалары, ресми сайты бәрі тек орысша жазады. «Атыраудың» да «Шахтерден» асып бара жатқан түгі жоқ. Батыстағы халықтың негізінен қазақша сөйлейтінін жақсы білеміз. Футболшыларының бәрі сол мұнайшылардың мандай еңбегімен келетін ақшадан ауыздарын жырғап отыр. Бірақ оларға қазақ тілінің керегі жоқ тәрізді. Ал Көкшетаудың «Оқжетпесінің» ресми сайтына кіргенімізде, тіптен тіл таңдайтын тетікті де таппадық. Тек бәрі орысша жазылған. Қазақша бір ауыз сөз тұрмақ, бір әріпті табудың өзі қиынның-қиыны. Оңтүстіктегі клубтардың арасында «Қайсар» ғана көңілден шықты. Қызылорда клубы қазақ тіліне қатты мән береді. Сайты да, әлеуметтік  желідегі парақшасы да мемлекеттік тілде оқырмандары мен жанкүйерлерін сусындатып отыр деп айтуға болады. Еліміздің бес дүркін чемпионы «Астана» клубы баспасөз қызметіне жетекші етіп, ресейлік Измаил БЗАРОВТЫ тағайындағаннан кейін мемлекеттік тілге көңіл бөле бастады. Қазақ тілінде жазатын журналист алып, сайтына тұрақты түрде мемлекеттік тілде ақпарат салып тұрады. Әлеуметтік желідегі парақшалары да дәл солай. Бұл жағынан «Астана» қазір көбісіне үлгі деп айта аламыз. Алматының «Қайраты» медиаға, жарнамаға көп көңіл бөледі. Өз алаңындағы ойындарының бәрінде жанкүйерлердің көңіл күйін көтеріп отыратын шоумендеріне дейін бар. Бірақ Евгений ОЖОГИННІҢ қазақша сөйлегенін естігеніміз жоқ. «Қайрат» клубы әсіресе, видеоға көбірек көңіл бөледі. Әрбір матчтан күнделік түсіріп, «youtube» желісіне жүктеп отырады. Алайда бәрі де орыс тілінде түсіріледі. Әйтеуір жаңа жылдан бастап сайтының қазақша нұсқасына жан біте бастапты. Соған қарағанда аудармашы тапқан тәрізді. Былтыр Қазақстан премьер-лигасында қола жүлдеге иелік еткен Қостанайдың «Тобылы» да қазақ тіліне көңіл бөле бастаған. Ара-тұра қателері болса да, сайтының қазақ тілді нұсқасы мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жаңалықтар жиі жаңарып тұрады. Осы жылы Керекудің  «Ертіс» клубы жарады. Бұған дейін команданың ресми атауы «Иртыш» болып келген. Жыл басында клуб басшылығы логотипін бәрі ауыстырды. Енді команданың атауы латын қарпімен «Ertis» болып жазылады. Сайтының да қазақшасы тәп-тәуір. «Астана», «Ертіс», «Қайсар», «Тобыл» клубтары секілді «Ақтөбені» үлгі етіп айтуға болады. Дәл қазір біздің премьер-лигадағы 12 клубтың ішінде қазақ тіліне көңіл бөлетін негізінен осы бесеуі болып тұр. «Шахтер» мен «Оқжетпес» клубының басшылығына қай елде тұратындарын тағы бір еске салу керек тәрізді.

Бек ТӨЛЕУОВ