Жарнама
Жарнама

Қазақы болмысты капитан

23.10.2012, 06:55
Жарнама
Жарнама

Қайраттың енді бір артықшылығы, қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Таза, қойыртпақтатпай, еркін сөйлейді. Ұлттық құраманың әрбір ресми кездесу алдындағы баспасөз жиындарында екі тілде еркін жүйткиді.

Қазақстан ұлттық құрамасының 2014 жылы Бразилияда өтетін әлем чемпионатының електік додасы аясындағы соңғы матчтарында кейбіреулердің көңілдері команда капитаны Қайрат Нұрдәулетовке толмай жүргендей әсер етті.

Баз біреулер «команда капитаны бәрінен де жақсы ойнауы керек қой» деп өз пәлсапаларының шетін «көпсітті». Бірақ ешқайсысы да Қайраттың соңғы ойындарда өзіне үйреншікті шепте ойнамағандығына көңіл аудармады.

Швецияда ол өзіне үйреншікті қорғанысқа тірек болар шепте, Богдановпен екеуі тізе қоса ойнады. Бірақ Қайратқа шабуыл ұйымдастырып отыру да қоса жүктелді. Сондықтан ол көбінесе алға қарай доп асыруға тырысты. Әрине, үнемі қарсыластарының шабуылын бұзумен дағдыланған футболшы бірден өз командасының шабуылын үйлестіріп кете алмайды.   Ал Аустрияда Қайрат оң қапталдағы қорғаушы міндетін атқарды. Яғни бас бапкер оны қорғаныстың қай шебі үңірейіп қалса, сол жерге қойып жүр. Ал Қайрат «ол менің орным емес қой» деп қашқақтамай, «ел намысы үшін қақпаға тұруға дайынмын» деп өзі айтқандай, бас бапкердің тапсырмасын орындап келеді.         Қайрат – ауылдың қара домалағы. Былтыр көктемде Қазақстан ұлттық құрамасы түзде Германия құрамасымен кездескенде ол былай деп еді:   – Біз осы сапарымызда Германияның бір шалғайдағы ауылында (деревнясында) жаттықтық. Әлгі шағын ғана елді мекеннің өзінде үш-төрт тамаша стадион бар екен. Ал бізде ше? Бізде ондай тамаша стадиондар болған емес. Мен Ұзынағашта туып-өстім. Менің туған жерімде әлгі деревнядағыдай стадион атымен жоқ. Біздегі футболшылардың көбісі осындай, стадионы жоқ ауылдан шығып, теңбіл допты шаңы шыққан қара жерде теуіп өскен. Сол, ауылдан шыққан, қара жерде доп теуіп өскен Қайрат қазір Еуропадағы ең үздік футбол академияларында шыңдалған небір майталман шабуылшыларға қарсы ойнап жүр.     Ең бастысы, Қайратта намыс бар. Оның команда капитаны болып жүргеніне де бір жылдан асыпты. Содан бері Қайрат біршама өзгерді. Бұрынғы ұяң Қайрат қатая түскен. Өзіне артылған жауапкершілікті абыроймен ақтауға тырысып жүр. Әрі құрама сапындағы жігітерді де қайрап, намыстарын жанып қояды.       Осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан ұлттық құрамасының жаттығу жиынына бардық. Санаулы қазақ баласы имене басып, шет жағалап жүр екен. Самат Смақовтың құрамаға алынбай, Нұрбол Жұмасқалиевтің бірде шақырылып, бірде құрама тізімінен тыс қалып жүрген кезі.   Жабырқап, жасып қалдық. «Шіркін, Самат болса, қасқайып, бел ортада, көпшілік алдында жүрер еді-ау» деп қапаландық. Жігеріміз құм болып, жер шұқып қайттық. Содан кейін құрамаға Қайрат капитан болды. Ол қазір жаттығу жиыны тұрмақ, ресми кездесу үстінде допты кімнің қолынан болсын жұлып алып, пенальтиді өзі тебетін «дәрежеге» жетті. Құрама сапындағы қазақ жігіттеріне ұнжырғаларын түсірмей, кеуделерін көтеріп жүру керектігін айтады. Алаңға шыққанда, оларды қайрап, намыстарын оятуға тырысады. Қайраттың енді бір артықшылығы, қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Таза, қойыртпақтатпай, еркін сөйлейді. Ұлттық құраманың әрбір ресми кездесу алдындағы баспасөз жиындарында екі тілде еркін жүйткиді. Ұлттық құрамамен шетелдегі ресми ойындарға бара қалсақ, Қайратқа сұрақты қазақша қоямыз. Ол ана тілімізде жауап береді. Осылай шетелдіктер алдында бір маңғазданып қаламыз!   Қайраттан басқа қазақ жігіттері мұндай баспасөз жиындарында еркін сөйлей алмай жүр. Бас бапкер Беранек екі жыл ішінде біраз футболшыны әкелді, баспасөз жиынына. Өкінішке қарай, қазақ жігіттері күмілжіп, білгендерінен жаңылып, сөйлей алмай қалады. Дыбыстары шықпай, бастары төмен салбырап кетеді (аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйық). Біле білсек, өзіміз шаң жуытпайтын Самат Смақовтың өзі баспасөз жиындарында қазақша сайрап тұрмайтын. Самат өз ойын орысша жақсы жеткізеді. Осындай қазақы болмысты капитанымызға кейбір қазақ жанкүйерлерінің көңілдері толмай жүргендей. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы болар... Айтпақшы, былтыр Астанаға Әзірбайжан құрамасы келді. Ойыннан бір күн бұ­рын өздері ор­на­лас­қан қонақүйде баспасөз мәжі­лісін өт­кізді. Әзір­байжан құ­ра­ма­сының бас бапкері Берти Фогтс екенін білесіздер. Неміс маманы. Сол Фогтстің баспасөз мәжілісінде аузы­нан шыққан сөздерінің бәрін тіл­маш әзір­байжан тіліне отырды. Орыс тіліне аударған жоқ. Содан соң коман­да капитаны Рашад Садыхов пен тағы екі ойыншы журналистер сұрақ­тарына жауап берді. Олар да өз тіл­де­рінде сөйледі. Сол күні түстен кейін Қазақстан құрамасының баспасөз жиыны өтті. Оған Әзірбайжан журналистерінің бәрі келді (12 адам). Мирослав Беранек өзінің кіріспе сөзін аяқтаған бетте (орыс тілінде), бірден Қайратқа сұрақ қойдық. Әдеттегідей бас бапкерге емес. Қайрат сұрағымызға ана тілімізде жауап берді. Жай ғана жауап берген жоқ, саралап шықты. Осылай әзірбайжандардың алдында ана тілімізде сөйлей білетіндігімізді көрсеткен болдық. Сонда Қайраттай ұлтжанды футболшымыздың бар екеніне айрықша қуандық. Қазір де қуанамыз...

Нұрғазы САСАЕВ

Екінші суретті түсірген - Станислав Филиппов

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров